Lifestyle|Entertainment

Француз киносының аңызы Брижит Бардо дүниеден озды

Автор Tatler Kazakhstan
28.12.2025
Брижит Бардо | Getty Images
IMAGE Брижит Бардо | Getty Images
Кинематограф символына айналған аңыз тұлға 91 жасқа қараған шағында мәңгілік сапарға аттанды

1950–1960 жылдардағы әлемдік кино өнерінің басты жұлдызы әрі сұлулық символы саналған Брижит Бардоның өмірден өткенін Брижит Бардо қоры Le Figaro басылымына хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдары өлімнің ресми себебін әзірге ашып жарияламағанымен, бұл хабар күллі өнер сүйер қауымды тебіренткені анық.

Болашақ кино иконасы 1934 жылы 28 қыркүйекте Парижде дүниеге келіп, тәрбиешілерден үйден білім ала отырып, католик мектебінде тәлім алған. Бала кезінен итальян тілін жетік меңгеріп қана қоймай, жеті жасынан бастап балет өнерімен де кәсіби түрде айналысқан.

Он төрт жасында модель ретінде алғашқы қадамын жасап, Elle журналының мұқабасына түсті. , Түсірілімдердің бірінен кейін оны режиссер Марк Аллегре фильмге кастингке шақырады. Аталмыш жоба жүзеге аспаса да, бойжеткенге киноға түсу туралы ұсыныстар жиі түсе бастайды.

Актрисаға әлемдік даңқ әкеліп, оны тұтас бір дәуірдің символына айналдырған туынды – сол кездегі жары Роже Вадим түсірген 1956 жылғы «Және Құдай әйелді жаратты» («И Бог создал женщину») фильмі еді.

Өз шығармашылық мансабында елуге жуық фильмге түскен ол, «Ақиқат» («Истина»), «Жек көру» («Презрение») және «Қымбатты Брижит» («Дорогая Брижит») сияқты әйгілі картиналарда рөл сомдап, көрермен жадын жаулап алды. Түсірілім алаңында Ален Делон мен Марчелло Мастроянни сынды хас шеберлермен серіктес бола отырып, Жан-Люк Годар секілді ұлы режиссерлердің туындыларында өзін жаңа қырынан танытты.

Кинодағы жолын аяқтаған соң, Брижит Бардо өз өмірін толықтай жануарларды қорғау ісіне бағыттады. 1987 жылы өзі негізін қалаған қайырымдылық қорын құрып, алғашқы аукционның өзінде-ақ 3 миллион франк қаражат жинай алды. Бұл жолда актрисаның өз үйін қор игілігіне қиып, қайырымдылыққа жұмсауы оның дархан көңілі мен мейірімділігінің жарқын айғағына айналды.