Канадалық актриса Эванджелин Лилли өзінің Instagram парақшасында басынан алған жарақаты салдарынан денсаулығының сыр бергенін мәлімдеді. Оқыс оқиға 2025 жылдың мамыр айында орын алған: актриса жағажайда есінен танып құлап, басын тасқа ұрып алған екен. 1 қаңтар күні ол жанкүйерлеріне арнап бейнеүндеу жариялады.
«Мен бұл Жылқы жылын көңілсіз жаңалықпен бастап отырмын: көпшілігіңіз ми сканерлеуінің қорытындысын сұраған едіңіздер, өкінішке орай, нәтиже мәз емес. Миымның барлық бөліктерінің функциялары төмендеген. Бұл – бас сүйек-ми жарақатының зардабы. Мүмкін, (ми жұмысының бұзылуына) басқа да себептер бар шығар», – деді Эванджелин.
Лилли когнитивті функцияларының нашарлағанын анық сезінетінін мойындады. Енді ол толыққанды ем алып, мамандардың көмегімен денсаулығын қалпына келтіруге бел буып отыр.
«Қазіргі басты мақсатым – дәрігерлермен бірлесе отырып, мәселенің ауқымын түсіну және оңалтудың қиын жолына түсу. Бұл жағдай жаныма батып жүр, өйткені кез келген істі істеу маған оңайға түспей жатыр. Дегенмен, жақсы жағы да бар: бұл жарақат өмір ағынын бәсеңдетуге мәжбүр етті, соның арқасында соңғы 14 жылдағы – балаларым дүниеге келгеннен бергі ең тыныш Рождествоны өткіздім», – деп бөлісті киножұлдыз.
Жазба астында достары мен жанкүйерлері, соның ішінде актриса Мишель Пфайффер де қолдау білдірді. «Сен нағыз жауынгерсің, сені ештеңе жасыта алмайды, құрбым», – деп жазды Пфайффер.
Эванджелин Лилли «Lost» сериалы мен «Хоббит» кинотрилогиясы арқылы көпшілікке танылды. Оның кинодағы соңғы жұмысы «Ant-Man and the Wasp» (Құмырсқа-адам мен Жын-ара) фильмдер сериясы болды, содан кейін актриса шығармашылық үзіліс алған болатын.
