Аты аңызға айналған актер әрі жекпе-жек шебері Джеки Чан «Доспехи Бога – 4: Ультиматум» атты жаңа фильмінің түсірілімі үшін Маңғыстау облысына келді. Түсірілім жұмыстары басталып та кетті, ал басты локациялардың қатарында әлемге әйгілі Бозжыра шатқалы бар. Бұл туралы өңір әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Төртінші бөлім Джеки Чан сонау 1986 жылы алғаш рет сомдаған «Азиялық қыран» лақап атымен танымал қазына іздеушінің шытырман оқиғаларын жалғастырады. Бұл жолы бас кейіпкер «Тұмар» деп аталатын көне жәдігерді іздеу жолындағы ғаламдық бәсекеге тап болады. Жәдігер үшін тігілген 20 миллион доллардан асатын сыйақы әлемнің түкпір-түкпірінен жалдамалы жауынгерлердің назарын аударады.
Фильмнің режиссері – Роберт Кун, ал өндірісіне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Salem Entertainment және Dala Edge Creative Tech Park компаниялары жауапты. Бұл – Джеки Чанның Орталық Азияда түсіріп жатқан алғашқы жобасы.
Маңғыстаудан бөлек, түсірілім жұмыстары Алматы қаласында, Алматы облысы мен Әзірбайжанда өтеді. Бозжыра шатқалындағы дайындық жұмыстары 7-12 маусым аралығында 35 адамның қатысуымен жүргізіліп қойған. Жобаны өндіру процесін 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
