Үстіміздегі жылдың 5 ақпанында Қытайдың ең ірі Hunan TV телеарнасында Voice Beyond Horizon атты халықаралық ауқымды жобаның тұсауы кесілмек. Бұл туралы «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ғазизов Үкімет отырысында мәлімдеді. Айта кетерлігі, осынау игі бастаманың авторы және негізгі қозғаушы күші – барша қазақтың мақтанышы Димаш Құдайберген.
Бұл жобаның басты ерекшелігі – музыка мен табиғаттың үндесуінде. Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербиядан келген танымал өнерпаздар еліміздің ең көрікті жерлерінде ән шырқап, бейнебаян түсірді. Түсірілім жұмыстары Түркістан, Маңғыстау, Алматы және Ақмола облыстары мен Алматы, Астана қалаларын қамтыды.
Шетелдік көрермендер Маңғыстаудың маржаны – Бозжыра шатқалын, Каспийдің айдынды жағалауын, Қайыңды мен Көбейтуз көлдерінің сиқырлы бейнесін және Қапшағай су қоймасының тылсым табиғатын тамашалай алады. Бұл тек музыкалық шоу емес, Қазақстанның туристік әлеуетін әлемге танытатын үлкен мәдени экспедиция іспеттес.
Қатысушылардың өнеріне халықаралық кәсіби қазылар алқасы баға берді. Жобаның құрметті қонағы ретінде «Грэмми» сыйлығының екі дүркін иегері Уолтер Афанасьевтің Түркістанға арнайы келуі – іс-шараның деңгейі қаншалықты биік екенін көрсетсе керек.
Айтулы жоба Қытайда Hunan TV және Mango TV платформаларында, ал Қазақстанда «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы арқылы қалың бұқараға жол тартады.
