Lifestyle|Entertainment

Димаш Құдайберген DIMENSIONS атты жаңа әлемдік турын жариялады

АвторыTatler Kazakhstan
06.08.2026
Димаш Құдайберген | Visual China Group / Getty Images
IMAGE Димаш Құдайберген | Visual China Group / Getty Images
Әртіс баратын қалалардың тізімі мен концерт кестесі әзірге құпия

Қазақстанның халық әртісі Димаш Құдайберген DIMENSIONS деп аталатын жаңа ауқымды концерттік турының басталғанын ресми түрде мәлімдеді. Әншінің сайтында жазылғандай, бұл жоба оның шығармашылығындағы жаңа кезең болмақ. Басты мақсат – көрерменге Димашты тек феноменалды дауыс иесі ретінде ғана емес, жан-жақты тұлға ретінде таныстыру.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турдың атауы Димаштың әнші, композитор және продюсер ретіндегі көпқырлылығын білдіреді. Бұл жолы назар тек музыкалық жетістіктерге ғана емес, оның өмірлік жолына да аударылады: ұлттық тамыры, ішкі толғаныстары, өзін-өзі тануға және тоқтаусыз дамуға деген ұмтылысы көрініс табады.

Шоудың тұжырымдамасы әртістің Отанға деген махаббаты, шынайылығы мен өмірлік ұстанымдары арқылы өрілген біртұтас оқиға ретінде құрылған. Көрерменге өмірбаяндағы жекелеген сәттер емес, музыка, эмоция және естеліктер арқылы орындаушының ішкі әлеміне терең бойлау мүмкіндігі ұсынылады.

«Әлем Димашты ерекше дауысы арқылы баяғыдан таниды. Бұл концерттің басты миссиясы – сол дауыстың артында тұрған адамды көрсету, әртістің тереңірек әрі тұтас бейнесін ашып көрсету», –

- дейді жоба ұйымдастырушылары. -

Еске сала кетейік, әншінің бұған дейінгі «Stranger» атты әлемдік туры үш жылға созылған еді: ол 2022 жылы Алматыда басталып, 2026 жылдың қарсаңында Ригада мәресіне жеткен болатын. Сондай-ақ осы турды жарияламас бұрын Димаш түрік тіліндегі Yazgi атты жаңа трегін ұсынғанын айта кеткен жөн.