Lifestyle|Entertainment

Call of Duty негізін қалаушы Винс Зампелла өмірден озды

Автор Виктория Лебедева
23.12.2025
Винс Зампелла | Getty Images
IMAGE Винс Зампелла | Getty Images
55 жастағы Зампелла бейнеойындар индустриясындағы ең танымал әрі ықпалды тұлғалардың бірі еді

Қайғылы оқиға Лос-Анджелес маңындағы Сан-Габриэль жотасының таулы жолында орын алды. Зампелла тізгіндеген автокөлік трассадан шығып кетіп, бетон қоршауға соғылған, содан кейін өрт шыққан. Көлік ішінде қысылып қалған Зампелла оқиға орнында көз жұмды. NBC Los Angeles телеарнасы хабарлағандай, көліктегі екінші жолаушы ауруханаға жеткізілгенімен, кейін алған жарақаттарынан ол да қайтыс болды.

Respawn Entertainment студиясының негізін қалаушы әрі бас директоры, 55 жастағы Винс Зампелла ойын индустриясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы еді.

Оның даңқты жолы Infinity Ward студиясынан басталған болатын. Дәл осы жерде ол Джейсон Уэстпен тізе қоса отырып, әлемдік гейминг тарихындағы ең табысты жобалардың бірі – Call of Duty франшизасының іргетасын қалады. Ол кезде студия Activision медиагигантының иелігінде болатын және осы серіктестіктің арқасында ойын сериясы мәдени феноменге айналды. Алайда 2010 жылы Зампелла мен Activision басшылығы арасында туындаған дау-жанжалдан кейін, ол өз жобасынан кетіп, жаңа белестерді бағындыруға бел буды.

Зампелланың басты шығармашылық жобасы – өзі негізін қалаған Respawn Entertainment студиясы болды. Оның басшылығымен команда бірінен соң бірі хит жобаларды жарыққа шығарды: ғылыми-фантастикалық Titanfall мен Titanfall 2 шутерлері, миллиондаған аудиторияны баураған Apex Legends «корольдік шайқасы» және «Жұлдызды соғыстар» әлеміне негізделген STAR WARS Jedi: Fallen Order ойыны геймерлердің шынайы махаббатына бөленді.

2017 жылы Respawn студиясын Electronic Arts (EA) компаниясы сатып алса да, Зампелла оның тізгінін ешкімге берген жоқ. Керісінше, оның біліктілігін жоғары бағалаған EA басшылығы кейінірек оған Плайя-Вистадағы команданы басқаруды және бүкіл Battlefield сериясын дамытуды да сеніп тапсырған еді.

Ойын әлемі нағыз аңызынан айырылды.