Lifestyle|Entertainment

«Бұрынғы шешімдерімді қабылдап, оларға құрметпен қарауды үйрендім»: M’Dee продюсерлік жолы, LALAGÜL альбомы және алғашқы әндері жайлы

АвторыСергей Калугин
29.07.2026
M'Dee | Жеке мұрағатынан
IMAGE M'Dee | Жеке мұрағатынан
Әнші әрі музыкалық продюсер M’Dee Tatler басылымына сұхбат беріп, шығармашылығының алғашқы жылдары туралы ой бөлісті. Ол «Алматинский джаз, Vol.2» альбомының не себепті өзіне әлі күнге дейін маза бермейтінін және Ayau-дың LALAGÜL жинағындағы бір ғана трек тұтас альбомның бағытын қалай шешіп бергенін айтып берді. Бұдан бөлек, біз музыканттарға тән кәсіби деформациямен күресуде жақындарының сырт көзбен айтқан пікірі қаншалықты маңызды екенін талқыладық. Сондай-ақ, продюсер қазақ эстрадасының көлеңкесінде жүрген жасырын талантты атап, әннің бойындағы алғашқы сиқырды қалай сақтап қалуға болатынын түсіндірді

Артыңызда талай альбом мен бірнеше сингл жатыр. Жалпы, өткенге көп үңілетін адамсыз ба? Қазіргі тәжірибеңізге сүйеніп, баяғы әндеріңізді жиі тыңдайсыз ба? Ескі тректердің біріне ремейк жасау ойда жоқ па?

Шынымды айтсам, ескі әндерімді тыңдағанды аса жарата бермеймін. Бірақ қазір өзім жазған дүниелердің көбі ұмытыла бастады, сондықтан оларды қайта қосып көру өзіме де қызық. Бұрын баяғы тректерімді тыңдаған сайын бір жерін өзгертіп, қайта жазғым кеп тұратын. Соңғы кездері мұндай әдетті қойдым. «Басқаша жасағанымда қалай болар еді» деген ойдан арылып, бұрынғы шешімдерімді қабылдауды, оларға құрметпен қарауды үйрендім. Дегенмен, мойындайын, «Алматинский джаз, Vol.2» маған әлі күнге дейін тыныштық бермейді. Сол альбомдағы көп әннің әлеуеті толық ашылмай қалғандай көрінеді.

Ән жазу процесіне Гүлсезім араласа ма? Мүлде басқа саланың адамы музыкантқа көмектесе алады дегенге сенесіз бе? Сенсеңіз, қалай көмектеседі?

Демо-нұсқаларды ең бірінші болып Гүлсезім тыңдайды, оның пікірімен әрқашан санасамын. Музыка саласындағы көптеген әріптесім сияқты менде де бір жаман кәсіби ауру бар: әнді жай ғана тыңдай алмаймын. Миым бірден оны жеке партияларға бөліп, тректің қалай құрастырылғанын көз алдыма елестете бастаймын. Бұл өз туындыларымды объективті бағалауға қатты кедергі келтіреді. Дәл осындай кезде әйелімнің сырт көзбен айтқан пікірі ауадай қажет.

Гүлсезім Хасен мен M'Dee | Жеке мұрағатынан
IMAGE Гүлсезім Хасен мен M'Dee | Жеке мұрағатынан

(Гүлсезім Хасен – қазақстандық fashion-блогер, M'Dee-дің жұбайы – Tatler).

LALAGÜL альбомындағы қай әнді жазу кезінде қатты қиналдыңыздар? Не себепті? Ал қай трек, керісінше, оп-оңай туа салды?

KET әнімен біраз алысуға тура келді. Ең көп уақытымызды алған да осы трек. Бірақ есесіне дәл осы ән бүкіл альбомның көңіл-күйін айқындап берді. KET-пен жұмыс істегенде оның бірнеше жанрдағы, түрлі құрылымдағы нұсқалары болды. Есесіне, басты толқынды «ұстап алғаннан» кейін, қалған әндер тез-ақ жинақтала қалды.

Жұрттың бәрі білуге тиіс, бірақ әзірге көлеңкеде жүрген қазақстандық «hidden gem» (жасырын талант) артист кім?

AMIRA.

Жас продюсерлер қандай қателікке жиі ұрынады?

Жалпы, Қазақстанның музыка бизнесінде ақша табу оңай шаруа емес. Әсіресе, бұл салаға жаңадан келсеңіз, оның үстіне продюсер болсаңыз. Бұл индустрия тек ақшаның соңынан қуғандарды ұзаққа апармайды, олар тез шығып қалады. Музыка әлемінде бір идеямен жанып, дағдарыс пен сәтсіздіктерге қарамастан, осы саланың, мәдениеттің игілігі үшін еңбек ету өте маңызды.

Қазір музыка индустриясы қатты өзгерді, онымен қоса заманауи артистің міндеттері де артты. Енді тек ән жазып қана қоймай, оны әлеуметтік желіде ілгерілету керек. Әндері танымал болуы үшін әншілердің музыкамен қатар үнемі контент жасауға мәжбүр болуы қаншалықты жаман құбылыс?

Мен әлеуметтік желілер болмаған кезеңді көрмедім, сондықтан салыстыра алмаймын. Бірақ әр дәуірдің артистерге қоятын өз талабы мен қиындығы болғаны анық. Желі жүргізу – соның ішіндегі ең ауыры емес. Индустрия ойын ережесін өзі жазады, ал оған бағыну немесе қарсы шығу – әркімнің өз еркі. Дегенмен, шын мәніндегі жақсы ән тыңдарманына қандай жолмен болса да жететініне сенімдімін.

M'Dee | Жеке мұрағатынан
IMAGE M'Dee | Жеке мұрағатынан

Болмысыңызды өзіңізден де дәл суреттейтін, ішкі жан дүниеңізді ашып көрсететін үш әнді атаңызшы.

Сізден продюсер ретінде басқа продюсер туралы сұрайын: Рик Рубин музыка әлемінде асыра бағаланған тұлға ма, қалай ойлайсыз?

Мүлдем олай емес. Рик – нағыз аңыз.

(Рик Рубин – аты аңызға айналған америкалық музыка продюсері, «Грэмми» сыйлығының бірнеше мәрте иегері – Tatler).

Атақты жазушы Стивен Кингтің мынадай бір кеңесі бар еді: жазып біткен мәтінді біраз уақытқа жинап қойып, кейін оған жаңа көзқараспен, тың оймен қайта оралу керек. Осы тәсіл музыкаға да келе ме? Әлде әнді бір деммен бастап, сол күйі бітірген дұрыс па? Өзіңізге қайсысы жақын?

Мен мынадай бір заңдылықты байқадым: әнмен неғұрлым көп жұмыс істеген сайын, оның бойындағы магиясы жоғала бастайды. Тым көп ойланып, қате шешім қабылдап қою да оңай. Мен үшін сол сиқырды жоғалтпай, бәрін сол сәтте, бір деммен бітіру маңызды. Мысалы, менде мынадай бір әдет бар: демо-нұсқаларды телефонға мүлдем жүктемеймін. Әнмен тек студиядағы кәсіби бағдарлама арқылы ғана жұмыс істеймін.