Бәрі неден басталды?
Бұл махаббат хикаясы кездейсоқ кездесуден емес, батыл қадамнан басталды. 2023 жылдың шілдесінде Келси Свифттің концертіне барып, әншіге өз нөмірі жазылған достық білезігін бермек болады. Алайда жоспары іске аспай, кейінірек ол бұл туралы подкасттардың бірінде өкінішпен айтып береді.
Дәл осы оқиға қарым-қатынасқа жол ашты. Подкасттағы әңгімені естіген әншінің анасы Андреа Свифт футболшы туралы көбірек білуге тырысады. Келсидің «өз анасын қатты жақсы көретін» жігіт екенін естіген ол қызына онымен міндетті түрде танысуға кеңес береді.
Ал 2023 жылдың қыркүйегінде Свифт футбол матчына келіп, Келсидің анасымен бірге трибунада ойын тамашалады. Жұрт мұны алғашқы кездесу деп ойлағанымен, шын мәнінде олардың қыз бен жігіт болып жүргеніне біраз уақыт болған еді. «Алғашқы кездесуімізді бүкіл әлемге паш етуден аулақпыз», – деген әнші стадиондағы бұл сәт тек қарым-қатынасты жұрт алдында ресми түрде растау ғана екенін түсіндірді.
Маңызды қадам
Бір жылдан соң бұл одақтың қаншалықты берік екені айқын көрінді. Тығыз гастрольдік кестесіне қарамастан, Свифт Super Bowl матчында Келсиге қолдау көрсету үшін Токиодан Лас-Вегасқа арнайы ұшып келді. Команда жеңіске жеткен сәтте ғашықтардың алаңда құшақтасқан бейнесі сол күннің басты символына айналды. Келси де қалыспай, кейінірек Свифттің Лондондағы концертінде сахнаға шығып, көпшілікті таңғалдырды.

Сөз байласу
2025 жылдың тамызында жұп сөз байласқанын жариялады. Олар желіде ұсыныс жасалған сәттің суреттерін жүктеп: «Сіздердің ағылшын тілі мұғалімдеріңіз бен дене шынықтыру ағайларыңыз үйленгелі жатыр», – деп әзілдеді. Таралған ақпаратқа сүйенсек, жігіт сүйіктісіне ұсынысты бұл жаңалық жарияланбас бұрын жасап қойған.
Тойдың мән-жайы
Үйлену тойына дайындық америкалық БАҚ үшін нағыз басқатырғыш болды. Жұрттың орасан зор қызығушылығына қарамастан, ғашықтар мерекенің егжей-тегжейін барынша құпия сақтап қалды. Инсайдерлердің айтуынша, той 2 және 3 шілде күндері Нью-Йорктегі Мэдисон-сквер-гарден аренасында өтеді. Бірінші күні тек отбасы мүшелері мен жақын достары жиналса, екінші күні мыңға жуық қонақ шақырылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Тейлор Свифттің сөз байласу кешіндегі көйлегі
Қонақтар тізімінде Эд Ширан, Блейк Лайвли, Райан Рейнольдс, Джиджи Хадид және Селена Гомес сияқты жұлдыздар бар. Қауесетке сенсек, Свифт бұрынғы жігіті Гарри Стайлсты да қалыңдығымен бірге шақырған көрінеді. Ал Келси жағынан оның командаластары, бапкері және жақын достары келеді деп күтілуде.
Ұйымдастырушылар қауіпсіздік шараларын барынша күшейткен. Мәселен, ақпарат тарап кетпеуі үшін шақыру билеттеріне арнайы белгілер қойылған. Қонақтардан құпияны жария етпеу туралы келісімге қол қою сұралып, тойда телефон қолдануға қатаң тыйым салынған. Тіпті бұл шараның құпиялылығын үкіметтік жиындармен салыстыруға болады.
Свифт пен Келсидің үйлену тойы шоу-бизнес әлемі жұрт тағатсыздана күткен басты оқиғаға айналды. Америкалық ірі басылымдар арнайы материалдар әзірлеп жатқанымен, әзірге оларда да нақты ақпарат жоқ. Жай ғана достық білезігі туралы әзілден басталған бұл хикая ендігі жерде жылдың ең үлкен ақпараттық интригасына айналып отыр.
