Lifestyle|Entertainment

Бұйра шаш, мұрт және рэп: Тимоти Шаламенің құпиясы неде?

Автор Лилия Шабутдинова
14.01.2026
Тимоти Шаламе |The French Dispatch фильмінен кадр | IMDb
IMAGE Тимоти Шаламе |The French Dispatch фильмінен кадр | IMDb
2018 жылғы «Оскар» салтанатында 89 жастағы режиссер Джеймс Айвори жас актерге қолдау көрсету үшін үстіне Тимоти Шаламенің портреті бейнеленген жейде киіп келген еді. Сол жылы Шаламеге «Үздік ер адам рөлі» номинациясында сәттілік серік болмады. Алайда 2026 жылы Marty Supreme фильмі оған үлкен үміт сыйлап отыр: бұл рөлі үшін алған «Алтын глобус» жүлдесі қазірдің өзінде актердің қоржынында

30 жастағы актер үшін басты киножүлде әзірге арман болып тұрғанымен, ол өзге салада үлкен жетістікке жетті – Тимоти нағыз поп-иконаға айналып, әлемдік мәдениеттен өз орнын ойып тұрып алды. Оның есімі қазіргі таңда өз алдына бір эталонға айналғандай: журналистер жылына бірнеше рет жаңа актерлердің арасынан «келесі Тимоти Шаламені» іздеп әлек болуда. Актер несімен сонша тартымды? Tatler назарларыңызға Голливудтың сүйікті жұлдызына айналған актердің мансабы мен өміріндегі ең жарқын сәттерден құралған «Шаламе сөздігін» ұсынады.

Есімі

Сіз Тимотидің есімін осы уақытқа дейін қате айтып келгеніңізді білдіңіз бе? Джимми Киммелдің шоуында актер есімінің французша «Тим-о-тэ» (белгілі шампунь атауына ұқсас) деп дыбысталатынын айтты. «Бірақ мен сіздерді бұлай айтуға мәжбүрлемеймін, мені Тимоти, Тимми, Даг немесе Аллен деп атай берсеңіздер болады», – деп қалжыңдады Шаламе.

New Masculinity

2017 жыл Голливуд үшін бетбұрыс кезеңі болды. Жаңа секс-символ мәртебесі блокбастерлердің бұлшықеті балғадай қаһарманына емес, нәзік, арықша келген, бұйра шашты бозбалаға бұйырды. Лука Гуаданьиноның Call Me by Your Name фильмінен кейін Шаламе тартымдылық тек ұзын бой мен спорттық денеде емес, сонымен қатар ішкі ашықтық, сезімталдық пен нәзік келбетте екенін дәлелдеді.

Арми Хаммер мен Тимоти Шаламе | «Call Me by Your Name» | IMDb
IMAGE Арми Хаммер мен Тимоти Шаламе | «Call Me by Your Name» | IMDb

Бұйра шаш

Қоңырқай бұйра шаш – әрдайым Тимотидің басты белгісі болып келді. Сондықтан ол алдымен шашын қысқа қиып, кейіннен Dune фильмінің үшінші бөлімі үшін тақырлап тастағанда, жанкүйерлері бұған қатты қайғырып, әлеуметтік желіде үлкен талқылау ұйымдастырды. Қазір кез келген бұйра шашты жас жұлдызды (Марк Эйдельштейннен бастап әнші Sombr-ға дейін) бірден «жаңа Тимоти Шаламе» деп атайтын үрдіс қалыптасты.

Мұрт

Тимоти тек шаш үлгісін өзгертіп қоймай, 2024 жылы жұқа мұрт қойды. «Алтын глобус – 2025» кешінің жүргізушісі Никки Глейсер: «Сенің кірпіктерің керемет екен... ерніңнің үстіндегі», – деп актерді әзілмен қағытты. Негізінде бұл стильдік эксперимент емес, Marty Supreme фильміндегі үстел теннисінің чемпионы Марти Рейсманның рөлі үшін қажет болған бейне еді. Алайда The Times басылымының жазуынша, Шаламе байқаусызда «қарындаш-мұрт» сәнін қайта жаңғыртты.

Тимоти Шаламе | «Marty Supreme» | IMDb
IMAGE Тимоти Шаламе | «Marty Supreme» | IMDb

Каннибал

Тимоти Шаламе әрдайым қалыпқа сыймайтын, қарама-қайшы рөлдерді таңдайды. 2022 жылы жарық көрген Bones and All фильмінде ол Ли есімді қаңғыбас-каннибалдың рөлін сомдады. Бір қызығы, бұл фильм шығардан бір жыл бұрын оның Call Me by Your Name фильміндегі серіктесі Арми Хаммердің айналасында үлкен жанжал туындап, ол да осындай оғаш талғамдары үшін айыпталған болатын.

Тимоти Шаламе | «Bones and All» | IMDb
IMAGE Тимоти Шаламе | «Bones and All» | IMDb

Егіздер мен сыңарлар

2024 жылы Нью-Йорк қаласында Тимоти Шаламеге ұқсайтын адамдардың байқауы өтті. Шараны жарнамалайтын парақшалар Манхэттеннің түкпір-түкпіріне ілініп, кез келген ниет білдіруші QR-кодты сканерлеу арқылы қатысушы ретінде тіркелуге мүмкіндік алды. Байқау мәресіне жақындаған сәтте көрермендердің бірі бетпердесін шешіп, оның нағыз Шаламенің өзі болып шығуы жұртшылықты таң-тамаша қалдырды. Актер қатысушылармен бірге суретке түсіп, кейінірек олардан өзінің Saturday Night Live бағдарламасындағы өнеріне көмектесуін өтінді.

Ұқсастарға қатысты бұл хикая 2025 жылы күтпеген жалғасын тауып, желіде британдық рэпер EsDeeKid-ті Тимоти Шаламенің құпия альтер эгосы деп санайтын конспирологиялық теория пайда болды. Әлеуметтік желілерде қызу талқыланған бұл болжамға қатысты жанкүйерлер актердің «құпия өмірін» әшкерелеуге тырысып, алуан түрлі дәлелдер іздестірді. Соңында EsDeeKid пен Тимоти Шаламе бірлескен трек жазғанымен, бұл қадам да теорияны жақтаушыларды олардың екі бөлек адам екеніне сендіре алмады.

Рэп

Рэп туралы айтар болсақ, EsDeeKid жайлы қауесеттердің бекерден-бекер шықпағанын аңғаруға болады. Мектеп қабырғасында жүрген кезінде-ақ Тимоти Lil Timmy Tim лақап атымен рэп оқыған видеоларын түсіріп, желіге жүктеп отырған. Ал 2020 жылдың желтоқсанында актер Saturday Night Live шоуының Rap Roundtable скечінде бой көрсетіп, Пит Дэвидсонмен бірге рэперлерге пародия жасаған болатын.

Ютубер

Тимоти шамамен 14-15 жас аралығында ModdedController360 атты YouTube-арнасын жүргізіп, онда кастомдалған Xbox 360 контроллерлерін таныстырған. Арнада бар болғаны үш видео жарияланып, актердің түрі көрінбейді, алайда жанкүйерлері оны дауысы арқылы танып қойған. Кейінірек Шаламенің өзі сұхбаттарының бірінде бұл оның арнасы екенін растады: ол контроллерлерді безендіріп, әрқайсысын 30 доллардан сатып жүрген, бірақ кейін ата-анасы оған бұл іспен айналысуға тыйым салған.

Стиль

Тимоти өз стилімен батыл тәжірибе жасаудан және өзгеруден еш қорықпайды. Ол гендерлік стереотиптерге мән берместен, жұрт алдына арқасы ашық қызыл атлас топпен шыға салуы немесе қызыл кілемде тимберленд бәтеңкесімен бой көрсетуі әбден мүмкін. 2023 жылы GQ журналы оқырмандар дауысының нәтижесі бойынша Шаламені «Жылдың ең стильді ер адамы» деп таныды. Актер бұл рейтингте Педро Паскаль, Джейкоб Элорди және A$AP Rocky-ді басып озған болатын. Ал 2025 жылы Тимоти өзінің трендсеттер ретіндегі беделін тағы да дәлелдеді: Шаламенің өз стилисі Тейлор Макниллмен және дизайнер Дони Намиаспен бірлесіп жасаған Marty Supreme атты күртешесі жылдың ең танымал киімдерінің біріне айналды. Нью-Йорктың Сохо ауданындағы фильм мерчтері сатылатын поп-ап дүкенінің алдында бірнеше кварталға созылған кезек пайда болып, барлық киім үлгілері санаулы сағаттарда сатылып кеткен.

2026 жылғы 11 қаңтарда Калифорнияның Беверли-Хиллз қаласында өткен 83-ші жыл сайынғы «Золотой глобус» сыйлығын тапсыру рәсіміндегі Тимоти Шаламе | Getty Images
IMAGE 2026 жылғы 11 қаңтарда Калифорнияның Беверли-Хиллз қаласында өткен 83-ші жыл сайынғы «Золотой глобус» сыйлығын тапсыру рәсіміндегі Тимоти Шаламе | Getty Images

Режиссерлер

Тимоти Шаламенің мансабы ең басынан-ақ жоғары деңгейде дамыды. Небәрі 17 жасар жасөспірім шағында ол Кристофер Ноланның «Интерстеллар» фильміне түссе, 20 жасында Лука Гуаданьиноның «Назови меня своим именем» туындысында ойнап, өзінің алғашқы «Оскар» номинациясын иеленді. Одан кейін оның шығармашылық қоржынында Дени Вильнев, Вуди Аллен және Уэс Андерсон сияқты шеберлердің жобалары пайда болды. Мұның бәрін «Оскарға» барар жолды нық ету үшін режиссерлер мен рөлдерді мұқият іріктейтін арнайы стратегия деп түсінуге болатын шығар?

«Интерстеллар» фильмінен кадр | IMDb
IMAGE «Интерстеллар» фильмінен кадр | IMDb

«Marty Supreme»

«Marty Supreme» фильмін насихаттау тарихы картинаның өзінен кем түспейтін қызығушылық тудырып отыр. Туындының маркетингтік науқаны үйреншікті пиар шеңберінен шығып кетті: стандартты пресс-турлар мен фотосессиялардың орнына олар бірнеше перформанстар легін ұйымдастырды. Актер фестиваль немесе жеке фотосессия үшін ғана кейіпке енетін әдеттегі method dressing-тен айырмашылығы – «Marty Supreme» науқанында бұл тәсіл барлық промо-белсенділіктерді: сұхбаттарды, журналдарға түсуді, әлеуметтік желілер мен жұрт алдына шығуды толық қамтыды. Мәселен, «Сандэнс» фестивалінде Шаламе Боб Диланның бейнесін айна-қатесіз қайталаған болатын.

Кайли

Тимоти Шаламе мен Кайли Дженнер – rage bait рейтингінде нық көш бастап тұрған жұп. Олардың кездесіп жүргені туралы қауесет 2023 жылдың сәуірінде-ақ шыққан. Жанкүйерлер бұл қарым-қатынасты жай ғана келісімшарт негізіндегі байланыс деп сенгенімен, олардың бірге жүргеніне екі жылдан асты, ал Тимоти сахна төрінен оған деген сезімін білдіруін тоқтатар емес.

Тимоти Шаламе мен Кайли Дженнер 31-ші жыл сайынғы Critics Choice Awards сыйлығын тапсыру рәсімінде | Getty Images
IMAGE Тимоти Шаламе мен Кайли Дженнер 31-ші жыл сайынғы Critics Choice Awards сыйлығын тапсыру рәсімінде | Getty Images

Француз тілі

Актер үш тілде – ағылшын, француз және итальян тілдерінде еркін сөйлейді. Тимоти Манхэттенде туып-өскенімен, оның балалық шағы Франциямен тығыз байланысты болды: жасөспірім кезінде ол жазғы демалыстарын Шамбон-сюр-Линьондағы Лион қаласынан небәрі екі сағаттық жерде орналасқан әкесі жағынан ата-әжесінің үйінде өткізетін. Сұхбаттарының бірінде актер бұл сапарлардың оның мәдениетаралық болмысын сезінуге көмектескенін мойындады: «Мен ол жақта болғанда өзімнің француздық нұсқама айналатынмын. Мәдениетке толықтай бойлап, тіпті түстерімді де француз тілінде көретінмін».

Тимоти Шаламе |The French Dispatch of the Liberty, Kansas Evening Sun | IMDb
IMAGE Тимоти Шаламе |The French Dispatch of the Liberty, Kansas Evening Sun | IMDb

Сыйлықтар

Жанкүйерлердің танымал тұлғаларға жіберетін сыйлықтары әдетте қалай болады? Көп жағдайда олар агенттің немесе менеджердің жұмыс үстелінің астында жиналып қалады, бірақ бұл Тимоти Шаламеге қатысты емес. Жанкүйерлер оған қызыл кілемнің үстінде шұлық пен әшекейлерден бастап футболкаларға дейін бәрін береді, ал ол бұның бәрін қуана қабылдап алады. Кейінірек жанкүйерлер бұл заттарды папарацци түсірген суреттерден немесе басқа да шаралардан көріп жатады. Бірде BAFTA рәсімінде, тура қызыл кілемнің үстінде ол өзінің Cartier білезігін шешіп, орнына табынушысы сыйлаған қолдан тоқылған бауды тағып алған. Кейде ол өзінің Instagram-парақшасында сыйлықтарды ашатын fan box day ұйымдастырып тұрады – бұл әрдайым өте шынайы әрі жылы әсер қалдырады.