Оңтүстік Кореяда BTS тобының мүшесі Чонгуктың жеке парақшасын бұзған Қытай азаматына қатысты үкім шықты. Yonhap агенттігінің мәліметінше, алаяқтық жасап, киберқауіпсіздік заңдарын бұзған Чун есімді айыпталушы 20 жылға бас бостандығынан айырылды.
Тергеу барысында анықталғандай, бұл хакер Таиландта орналасқан ірі қылмыстық топтың құрамында әрекет еткен. Олардың негізгі құрбандары – қалталы азаматтар. Киберқылмыскерлер Чонгуктан бөлек, Оңтүстік Кореяның бірнеше беделді кәсіпкерінің де аккаунттарына шабуыл жасаған.
Қылмыстық топты әншінің қаражаты қатты қызықтырған. Нақтырақ айтсақ, олар Чонгуктың BigHit Music агенттігіне иелік ететін Hybe компаниясындағы 8,4 миллиард вон тұратын акцияларын қолды қылмақ болған.
Сот барысында айыпталушының өз ісіне еш өкінбегені белгілі болды. Осы жайтты ескерген сот алқасы оның қылмысын аса ауыр деп танып, заңдағы ең қатаң жазаны тағайындады.
