Бикини
Брижит Бардоның Манина, девушка в бикини (1952) фильміне екі бөліктен тұратын шомылу киімімен шығуы – бикинидің жай ғана батыл жаңалық емес, нағыз мәдени құбылысқа айналған алғашқы сәттерінің бірі еді. Бұл модель бұрыннан бар болса да, дәл осы жас Бардо оған мүлдем бөлек реңк пен мағына сыйлады. Оның қимылындағы жеңілдік, табиғи болмыс пен ешқандай жасандылықсыз еркіндік бикиниді қалың көпшілік үшін түсінікті әрі қабылдауға тұрарлық дүние етті. Экрандағы бұл бейне әйел бостандығы мен тән сұлулығына деген көзқарастың өзгеруіне үлкен ықпал етті.

Бұл өзгеріске Бардоның Сен-Тропе қаласында түскен фотосуреттері де аз үлес қосқан жоқ. Бұл қала уақыт өте келе оның жеке сахнасына айналды. Жағажайда түскен суреттері журналдарға тарап, бикини қоғамдық талғамға тасталған «сын» ретінде емес, жазғы маусымның күнделікті ажырамас бөлшегі ретінде қабылдана бастады. Бардоның осы бір бетбұрысқа қосқан үлесі бүгінде шешуші факторлардың бірі ретінде бағаланады.
Музыка
Брижит Бардоның есімі музыкамен Мэрилин Монро сияқты тығыз байланысты болмаса да, оның шығармашылық жолында ән өнері ойлағаннан да маңызды орын алады. Иә, Брижит Бардо ән де айтқан. Оның ең танымал композицияларының бірі – La Madrague (1963). Оның Сен-Тропедегі үйі туралы бұл ән тұтас бір дәуірдің өзіндік символына айналды.

Оның ойнақы мінезін аша түсетін тағы бір маңызды туындысы – Moi je joue (1964). Бардо өзін ешқашан кәсіби әншімін деп есептемеген, бірақ оның дауысы мен өзіне ғана тән орындау мәнері 1960-жылдардағы француз поп-сахнасының эстетикасымен мінсіз үйлесті. Бүгінде бұл еңбектер оның кинодағы рөлдері сияқты сол уақыттың мәдени фонының ажырамас бөлігі ретінде қабылданады.
Сүрмелі сызықтар
Көздің жиегіне қара бояумен қалың сызық жүргізу (стрелки) – бүгінде макияждың қарапайым негізі болып көрінгенімен, кезінде бұл нағыз соны жаңалық болатын. Бұл әдіс дәл Брижит Бардоның арқасында танымалдылыққа ие болып, актриса образының ең танымал детальдарының біріне айналды. Мұндай макияж 1950-жылдардың соңында пайда болып, біртіндеп оның күнделікті стиліне енді. Қара сызықтар көздің пішінін айқындап, жанарына жұмсақтық пен тереңдік сыйлайтын.

Махаббат хикаялары
Брижит Бардоның жеке өмірі әрдайым жұртшылықтың жоғары қызығушылығын тудырды. Ол ресми түрде төрт рет тұрмысқа шықты: Роже Вадиммен (18 жасында), Жак Шаррьермен (25 жасында), Гюнтер Закспен (32 жасында) және Бернар д’Ормальмен (58 жасында). Шаррьермен некесінен оның жалғыз ұлы Николя дүниеге келді.

Бірақ Бардоның некеден тыс көңіл жарастырған сүйіктілері туралы аңыздар одан да көп. Жинетт Винсендоның «Брижит Бардо: өмірі, аңызы, киносы» атты кітабына сүйенсек, 100-ге жуық ғашығы бар болғаны мүмкін. Бұл сан шындық па, әлде асыра сілтеу ме, ол маңызды емес, ең бастысы, Брижит әйелдердің эмансипациясына (теңдігіне) өлшеусіз үлес қосып, 1950–1960 жылдары әйел бостандығының нышанына айналды. Өйткені ол өз сезімдері үшін ешқашан кешірім сұрамады және қоғамның өзінен күткен үміттерін ақтауға тырыспады.
Жануарларды қорғау
Брижит Бардоның 1973 жылы кинодан кету туралы шешімі көпшілікті таңғалдырды, бірақ өзі үшін бұл қисынды қадам еді. Ол кинематографта өзінің айтар сөзін айтып болғанын және қалған ғұмырын өзі үшін шынымен маңызды іске – жануарларды қорғауға арнағысы келетінін жеткізді. Бардо жануарларға көрсетілген қатыгездікке әрқашан жаны ауыра қарайтын және өзінің танымалдылығын солардың игілігіне жұмсауды мақсат тұтты.
1986 жылы ол өзінің жеке әшекейлері мен серіктестері сыйлаған қымбат сыйлықтарын сатып, содан түскен қаражатқа өз қорын құрды. Уақыт өте келе бұл ұйым халықаралық деңгейге көтеріліп, бүгінде бүкіл әлем бойынша – жануарлар баспаналарынан бастап, жабайы табиғатты қорғау бағдарламаларына дейін қолдау көрсетіп келеді. Бардоның өзі үшін бұл қызмет өмірінің ең басты ісі болды. Сондықтан бүгінде оның есімі киномен қалай байланысты болса, жануарлар әлеміне жасаған жақсылығымен де солай қатар аталады.

