Charli XCX brat дәуірін жапты да, жаңа жаздың фавориттерін атады
2024 жылғы 7 маусымда Charli XCX-тің brat альбомы жарық көріп, бірден мәдени құбылысқа айналды. Бұл релиз – жазғы трендтерді қалыптастырған brat summer кезеңінің бастау нүктесі болды. Лайм түстес жасыл, қасақана салғырттық пен «бұзық қыз» эстетикасы – осының бәрі brat феноменіне ұласты. Альбомға деген ерекше құмарлық жаңа сән толқындарын, мемдер мен саундтректерді өмірге әкелді. Бірақ Charli XCX бұл толқынға өзі нүкте қойды: «Maybe it’s time for a different kind of summer? Maybe it’s time for me to let go?» – деп Coachella фестивалінде сәуірде айтылған осы сөздер brat summer маусымының жабылғанын білдірді.
Оның жалғасында: «Maybe it’s time to make way for…» – деп, Charli XCX өзінен кейін музыкалық жаздың тізгінін кімге қалдыратынынан хабар берді. Біз олардың ішінен ең ықтимал хитмейкерлерді іріктеп алып, биылғы жазда не тыңдау керек екенін қысқаша түйіндедік.
Lana Del Rey – The Right Person Will Stay
21 мамыр
Жазғы меланхолия қайта оралды. Lana Del Rey жаз мезгілінің әуезін келтіруде бұрын да алдына жан салмаған. Бұған оның Summertime Sadness трегі дәлел. Енді ол оныншы альбомымен оралмақ. The Right Person Will Stay – готикалық кантри мен американа стиліндегі 13 композициядан тұрады. Bluebird және Henry, Come On тректері қазірдің өзінде қолжетімді.

Miley Cyrus – Something Beautiful
30 мамыр
Майлидің Endless Summer Vacation (2023) альбомынан кейінгі жаңа туындысы – Something Beautiful. Pink Floyd тобының The Wall альбомынан шабыт алған бұл жинақта ішкі жараны емдеу мен қараңғылықтың ішінен сұлулық іздеу идеясы айқын сезіледі. Маусымда Tribeca кинофестивалінде Майли альбомға арналған визуалды поп-операсын ұсынады.

Turnstile – NEVER ENOUGH
6 маусым
Бұл – балтиморлық хардкор-панк топтың төртінші альбомы. Beastie Boys, Nirvana, ODB, Soundgarden сынды иконалар әсері сезіледі. Turnstile – жанрлардың коктейлі: поп-соул, трэш-метал, поп-панк, хаус. 2021 жылғы GLOW ON альбомынан кейін танымалдығы күрт өсті. Биыл Tribeca фестивалінде NEVER ENOUGH альбомына арналған визуалды әнжинақты көрсетпек.

Addison Rae – Addison
6 маусым
TikTok арқылы танымал болған Addison Rae дебюттік альбомын шығаруға дайын. Ол өзінің ішкі әлемін, эмоциясын музыка арқылы ашуға тырысқан. Headphones On, Diet Pepsi, High Fashion синглдарын қазірдің өзінде тыңдай аласыз. Charli XCX оны Von Dutch фитіне бекер шақырмағаны байқалып тұр.

HAIM – I Quit
20 маусым
HAIM-ның бес жылдан бергі алғашқы альбомы. Relationships, Everybody’s Trying to Figure Me Out, Down to Be Wrong синглдарының мұқабалары әйгілі жұптардың ажырасуын меңзейді. Альбом мұқабасын тағы да Пол Томас Андерсон жасаған.

Lorde – Virgin
27 маусым
2021 жылғы Solar Power альбомынан кейін Lorde үнсіз қалғандай болды. Бірақ 2025 жылдың көктемінде Нью-Йоркте кенеттен ұйымдастырылған поп-ап концерт оны тыңдарманға қайта оралтты. Полиция бұл кешті тіпті басталмай тұрып тоқтатқысы келді. Соған қарамастан, жанкүйерлер жаңа сингл What Was That трегін көшедегі колонка арқылы естіп үлгерді. Бұл көріністер кейін клипке енді.

Mac DeMarco
2025 жылдың тамызы
Канадалық әнші көп ақпарат жарияламағанымен, жаңа альбомын тамызда шығаратынын айтқан. АҚШ, Канада, Еуропа және Ұлыбританиядағы туры 29 тамызда басталады.

Blood Orange – The Field
2025 жылғы тамыз/қыркүйек
Charli XCX Coachella сахнасынан Dev Hynes (aka Blood Orange) есімін атағанда, ол Instagram-да okay i’m down деп жауап қайырды. Әзірге альбом атауы да, нақты күні де белгісіз, бірақ қыркүйекте турнесі басталады. Take me to The Field... – деп жазылған тизер сайтында және Instagram-да фрагменттер бар.

A$AP Rocky – Don’t Be Dum
2025 жылдың жазы
Альбом 2024 жылы шығуы керек болған, бірақ кейінге қалдырылды. A$AP Rocky наурызда материалдың «соңғы кезеңде» екенін мәлімдеді. Highjack, Tailor Swif, Ruby Rosary тректерін қазірден тыңдауға болады. Charli XCX оны жазда жарқырай түсетін жұлдыз ретінде атап өтті, бәлкім, бір білетіні бар шығар.

ROSALÍA – R4
2025 жылдың жазы
Испаниялық әнші альбомның тизерін Halloween кешінде басынан R4 жазуы бар диск шығып тұрған костюммен-ақ жариялаған еді. Sacar nuevo disco («жаңа альбом шығару») деген сөз Instagram-да да қылаң бере бастады. Қазір студиядан фото-видео бөлісіп жатыр. Енді жаз соңына дейін релиз жасар деп сенеміз.

