Lifestyle|Entertainment

Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат

Автор Егор Ходаков
20.10.2025
Сағи Тоқтамов | Фотосуретші: Санжар Нұқасов
IMAGE Сағи Тоқтамов | Фотосуретші: Санжар Нұқасов

Сағи Тоқтамов әуә сапарлар, әзіл-қалжың, басшылықпен қарым-қатынас және жұмыста кәсіби шаршауға ұшырамаудың жолдары туралы

Ұшақ бортында стендап өткізу – жиырма мың сағат ұшу өтілі бар бортсерік Сағи Тоқтамовтың ойына келген ерекше идея еді. Оның басты құмарлығы – адамдарға күлкі сыйлау. Ол жұмыс барысында әріптестерімен және жолаушылармен қалжыңдасып, қысқа роликтер түсіреді, тіпті әлеуметтік желіде жұмысының ішкі қыр-сырымен де бөлісіп отырады. Осылайша, сүйікті хоббиі мен күрделі қызметін ұштастыра білген Сағи жолаушылардың көңілін орнықтырып, өзінің де жұмысқа қайта оралуына себеп болатын бірегей формуланы тапты.

Авиациядағы жолы

«Екі қалада өмір сүремін: отбасым Алматыда, жұмысым Астанада. Өзім Алматы облысының Жаркент қаласынанмын. 19 жасқа дейін авиация саласы туралы мүлде ойламаппын, себебі мамандығым бойынша мен ағылшын тілі пәнінің мұғалімімін», – дейді Сағи. Оның аспан әлеміне келуі кездейсоқ болған: таныс қызына түйіндеме жасауға көмектескенде, ол өтініш бергенде Сағидікін де қоса жіберіпті. «Екеумізді де шақырды, екеуміз де іріктеуден өттік. Бұл сала маған бірден ұнап, өзіне баурап алды, осылайша мен бортсерік болып қалыптастым», – деп еске алады Сағи. Бүгінде оның 16 жылдық мол тәжірибесі бар, соның сегіз жылын QAZAQ AIR-де өткізіпті. «Мен Air Astana-да да жұмыс істедім, бірақ ол жерде комик ретінде ашыла алмас едім, себебі форматы мүлде басқа. QAZAQ AIR-мен салыстырғанда, онда көпшілікпен тірідей араласуға кедергі келтіретін факторлар тым көп».

Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат
Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат

Кәсіби шаршаумен күрес

Күйзеліс басым түсіп, авиациядан мүлде кетуді ойлаған сәттері де болыпты. Сол кезде ол өзін толығымен сүйікті ісіне – әзіл жазып, сахнаға шығуға арнағысы келген. Ақырында, дәл сол хоббиі оны кәсіби шаршаудан құтқарып қалды. «Мен өзім үшін бұрыннан бір әдіс ойлап тапқам: жұмыста кітап оқығанда, әрқашан ең қызықты жеріне келгенде тоқтаймын. Жұмысқа қайта оралып, жалғастыруға құштар болу үшін оны үйде оқымаймын. Енді менің «зәкірім»кітаптар емес, адамдар. Жолаушылармен кездесуді асыға күтемін, бұл менің нағыз құтқарушым. Бұрын қызмет көрсетуді тезірек аяқтап, шай ішуге асықсам, қазір керісінше – үнемі салонға, адамдармен сөйлесуге тартып тұрады».

Сағи «естен тандыратын» оқиғалардың аз болғанын, және бұл жақсы екенін айтады. «Жолаушылар жағынан жолым болды. Медициналық жағдайлар аз кездесті. Бірақ мен жұмысқа шыққан бірінші айдың ішінде-ақ жолаушыны өлімнен құтқарудан бастап, апаттық қонуға дейінгі ауыр стрессті бастан кешкендерді білемін. Бұл мамандықтың ертең не дайындап тұрғанын болжау мүмкін емес».

Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат
Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат

Комик ретінде қалыптасуы

Бастапқыда Сағи тек трендтерді қайталайтын. Кейін стендап туралы кітаптар оқып, комедия және сценарий жазу курстарына қатыса бастады. «Ақырында мен өз мәнерімді қалыптастырып, әзілдің түрлі формулаларын ойлап таптым. Қазір адамдарға кезекті ерін жыбырлатудан гөрі, шынайы, өмірлік контенттің көбірек өтетінін нақты айта аламын», – дейді Сағи.

Оның ұшу алдында дайындаған сценарийі болмайды, әзілдің бәрі сол жерде туады. «Ұтымды жауап таба алмасам, блокнотқа түртіп аламын да, бос уақытымда сол әзілді жетілдіріп, келесі ыңғайлы сәтте айтамын. Кейде бірден тіл табысып кететін жолаушылар кездеседі. Көпшілік сол толқынды ұстап алғанда, сен де сол толқынмен бірге шабыттанасың. Мұндай кездері түсірілген материал бір-екі рилсқа молынан жетеді».

Әзілдің шекарасы туралы сөз қозғалғанда, Сағи діни тақырыптарды айналып өтуге тырысатынын айтады. Алайда, егер сол әзіл адамның намысына тимей, керісінше – жағдайды жұмсартатын болса, ол оны қолданудан бас тартпайды. «Мысалы, жолаушы салонға “Бисмиллях” деп кіргенде, мен оған: “Уайымдамаңыз, біздің ұшақ соншалықты ескі емес” деп жауап беремін. Мен дінді мазақ етіп тұрған жоқпын, мен тек мазасыздықты сейілткім келеді». Адам оған күліп жауап бергенде, әзілдің сәтті шыққанын түсінеді. «Жақсы әзілге екеуі де күледі, ал жаман әзілге – тек біреуі ғана».

Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат
Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат

Түсірілім процесі

Сағи өз видеоларын қызмет көрсету арбасына немесе салонға бекітілген DJI Osmo Pocket шағын стедикамына түсіреді. «Мен камераны ешқашан жасырмаймын, жасырын түсіруді төмендік деп санаймын. Жолаушылар оны көріп, қол бұлғайды, жақындарына сәлем жолдайды. Әрбір кадрды тек рұқсатпен ғана жариялаймын. Осы уақытқа дейін қаншама керемет материалдан бас тартуға тура келгенін білсеңіз ғой. Өйткені мен жолаушылардың қандай көңіл-күйде немесе қандай мақсатпен ұшып бара жатқанын білмеймін. Біреудің басында қайғы бар, біреу ұйқысы қанбаған. Ең алдымен, мен – компанияның бет-бейнесімін», – дейді Сағи.

Сағидің видеосына түскісі келетіндер өте көп. Тіпті оның жұмыс кестесін сұрап, комикпен бір рейске түсуге тырысатындар да бар. Бірақ ол кейіпкерлерін саналы түрде таңдайды. Қызықты бір зат, ерекше сұрақ немесе күлкілі жағдай ғана түсірілімге себеп болуы мүмкін. Ол жай ғана контент үшін адамның мазасын алмайды.

Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат
Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат

Өзара тиімді қарым-қатынас

Қызметкердің ұшақ бортында стендап өткізуіне рұқсат беру – кез келген басшылық бара бермейтін қадам. «Бұл ретте маған басшылық жағынан өте жолы болды. Олар менің әзілімді бағалайды, бірақ оған әрқашан аса сақтықпен қарауды сұрайды».

Сағидің бұл әуестігі адамдардың оның мамандығына деген шынайы қызығушылығын оятуда. «Мен борттағы және ұжымдағы атмосфераны сол қалпында, боямасыз көрсетемін, ал бұл компанияның беделіне оң әсер етеді». Сағиден шабыт алып, аспанға ұмтылған жандар бұл мамандықтың асқан сабырлылық пен төзімділікті талап ететінін білгені жөн. «Адамдарға ішіндегісін айтып, шерін тарқату керек, сол кезде саған да біраз негатив тиеді. Бірақ мен оны жеке басыма емес, униформама қабылдаймын. Жұмыстан кейін үйде отбасың күтіп тұрғанда, көңіл-күйіңді бұзғаннан не пайда? Мен жай ғана күлімсіреп, өз жұмысымды атқара беремін».

Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат
Бортсерік әрі комик Сағи Тоқтамовпен сұхбат

Болашақ жоспарлары

Шығармашылық жолының басында бәрі тек таза ынтаға негізделген. Сағи ақша табуды ойламады, ерінбей, тек сүйікті ісімен айналысты. Аудиториясы жеті мың жазылушыға жеткенде ғана нәтиже көріне бастады. Басқа авиакомпаниялардағы әріптестері оны танып, жылы лебіздерін білдіріп, ең бастысы, шығармашылығы үшін алғыс айтатын болды.

«Қазір атымды танымал ету жолында жұмыс істеп жатырмын, кейін атым маған жұмыс істеуі үшін. Менің авиацияға байланысты жоспарларым әлі көп – осы тарауды абыроймен аяқтап, ары қарай жылжығым келеді», – дейді Сағи. – «Хоббиім тұрақты табыс әкеле бастағанда, команда жинап, 24/7 жұмыс істейтін контент-машинамды іске қосқым келеді. Мен өзімді таптым. Менің өмірдегі мақсатым – адамдарға күлкі сыйлау. Одан асқан марапат жоқ».

Продюсер – Әйгерім Таңатар
Фотосуретші – Санжар Нұқасов
Түстүзету және ретушь – Альбина Арбузова
Фотосуретші көмекшісі – Ақжан Қуандықов
Стилист – Алуа Кенжебек
Стилист көмекшісі – Камила
Визажист – Карина Бабеджанова
Шаштараз – Екатерина Чистюнина

Киім брендтері:
1. MazaltovMan
2. Shetél