Қазақстандық әнші Yenlik үш жыл бойы дайындаған, көптен күткен Bipl альбомын тыңдарманға ұсынды
Bipl – кейде бағытынан жаңылып, бірақ әрдайым жарыққа ұмтылатын адам жанының музыка тіліндегі монологы. Yenlik-тің әндерінде өзіңді қабылдау, қиындықтарды жеңу және жақсылыққа сену туралы хикаялар баяндалады. Альбомға хип-хоп, R&B және соул жанрындағы 11 трек, сондай-ақ Darkhan Juzz және Al’Nasr-мен екі фит кірді. Жобаның саунд-продюсері қызметін Нұржан Абдолла атқарды.
«Альбом жазу идеясы осыдан үш жыл бұрын пайда болды. Әрбір әнде өмірдің өзі сезілгенін қаладым. Бұл процесті сәл ұзартып жіберді. Материал жинауға екі жылға жуық уақыт кетсе, қалған жұмыстарды бір-екі айда аяқтадым», – деп бөлісті Yenlik.
Әртіс үшін басты шабыт көзі – оның өмірінде із қалдырған адамдар мен оқиғалар. Yenlik-тің айтуынша, лонгплейде бірде-бір «басты» трек жоқ: «Әрбір тыңдарман өзі үшін ерекше болатын әнді өзі таңдайды», – дейді әртіс.
Альбомдағы ерекше орын алатын туынды – Darkhan Juzz-бен бірлескен жұмыс. Бұл ынтымақтастық 2022 жылдың қараша айында, музыкант Yenlik-тің студиясына келгенде басталған. Сол кезде жазылған мотивациялық демо-трек уақыт өте келе альбомға еніп, маңызды шығармашылық жолдың символына айналды.
«Менің тыңдарманыма тілерім: өміріңізді бағалаңыз, жүрегіңізде реніш сақтамаңыз, жақсылыққа сеніңіз және әрқашан өз мақсаттарыңызға қарай жүріңіз. Менің айтпағым: “Жүрегіңді қарайтпа, өз-өзіңе адал бол. Армандарыңа ұмтыл. Әрбір қиындықтың артында міндетті түрде бір жеңілдік келетінін ұмытпаңдар!”», – дейді Yenlik.
Yenlik-тің Bipl атты дебюттік альбомы енді стримингтік платформаларда қолжетімді
