6 наурыздан бастап Оңтүстік Кореяның атақты режиссері Пон Джун-хоның жаңа ғылыми-фантастикалық сатирасы «Микки 17» әлемдік прокатқа шықты
«Микки17» – «Паразиттер» фильмі үшін 2020 жылы Оскарда «Үздік фильм» жүлдесін жеңіп алған Пон Джун-хоның жаңа жобасы. Бұл туынды Эдвард Эштонның «Mickey7» романының негізінде түсірілген және капитализмнің, демагогия мен адам өмірінің құнсыздануы мәселелерін көтереді.
Сюжет
Басты кейіпкер – Микки Барнс (Роберт Паттинсон), қауіпті өсімқорларға қарыз болып, тығырыққа тірелген сәтсіз кәсіпкер. Досы Тимо (Стивен Ян) екеуі өлімге әкелетін ғарыштық экспедицияға келісім береді. Экспедицияны қуатты олигарх әрі манипулятор Кеннет Маршалл (Марк Руффало) мен оның сұсты әйелі Ильфа (Тони Коллетт) басқарады. Олардың бейнесі Роальд Даль шығармаларындағы зұлым кейіпкерлерді еске салады.
Нифльхейм ғаламшарында Микки «шығын материалы» (expendable) болады. Оның міндеті – өлім қаупі жоғары миссияларды орындау, содан кейін ол міндетті түрде өледі. Бірақ арнайы биопринтер технологиясы арқылы оның денесі мен санасы қайта қалпына келтіріледі.
Алайда бір күні күтпеген жағдай болады: 18-клон Микки тірі қалған 17-нұсқасымен кездесіп қалады. Бұл жаңалық колонияның қараңғы құпияларын ашып, екі Микки жүйеге қарсы күреспек болады.
Актерлік құрам
Фильмде Роберт Паттинсон, Наоми Акки (Подай знак), Стивен Ян (Биф), Тони Коллетт (Достать ножи) пен Марк Руффало (Бейшаралар) ойнайды.
Пон Джун-хо Роберт Паттинсонның мансабын ұзақ уақыт бақылап, оның ағайынды Сафдимен және Уиллем Дефомен жұмысын ерекше бағалаған. Режиссер Паттинсонды Микки Барнстың бірнеше нұсқасын сомдауға жаралған актер деп біледі.
Паттинсон жобаға 2022 жылдың мамырында ресми түрде қосылды. Ол Пон Джун-хомен жұмыс істеу мүмкіндігі мен ерекше сценарийдің тартымдылығын атап өтті, оны «миға сыймас бұндай сценарийді ешқашан оқымағанмын» деп сипаттады.
Музыка
Фильмнің музыкасын «Паразиттер» мен «Кальмар ойыны» саундтректерінің авторы Чон Джэиль жазған.
Бюджет
Капитализмнің қатыгездігін сынға алған бұл фильм үшін Warner Bros. студиясы режиссерге $118 миллион бөлген.
