Almaty Studios қаланың қарбаласынан аулақ, Алматы тауларындағы өзен жағасында орналасқан. Жоба авторларының айтуынша, мұндай орта — шабыт оятатын таптырмас мекен. Студияның камералық ашылуына қатысқан біз винил тыңдап, жанды дауыста ән тыңдап, еркін әңгімелесіп қайттық — әсері ерекше болды.

Жиналған жұрттың көз алдында Байғали Ермекұлының көптен бері көкейінде жүрген арманы орындалды. Ол жас музыканттар мен өнер адамдары үшін нағыз шабыт ордасына айналатын музыка мен шығармашылық кеңістігінің негізін қалады. Аты аңызға айналған A'Studio тобының негізін қалаушы алдымен хабтың барлық қабаты мен бұрыштарына экскурсия ұйымдастырып, креаторлардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуына арналған студиялар мен бөлмелерді таныстырды.

«Әріптестерімізбен бірге көптен бері армандаған жобамыздың шындыққа айналғанына шын жүректен қуаныштымын. Бастапқыда жұмыс чаттарында жобаны танымал әнге құрмет ретінде Love River деп атаған едік. Бірақ кейін атау көпшілікке бірден түсінікті болған дұрыс деп шештік. Алматы — менің туып-өскен сүйікті қалам. Содан Almaty Studios деген атау дүниеге келді. Бұл суретшілерді, фотографтарды, бишілерді және, әрине, музыканттарды бір шаңырақ астына жинайтын шығармашылық кеңістік. Бірақ басты бағытымыз — дыбыс жазу».
Бұл атаудың Байғали Серкебаев жетекшілік ететін A’Studio тобымен де тығыз байланысты екенін ұмытпаған жөн. 80-шы жылдардың соңында ұжым «Арай» ансамблінен бөлініп шыққанда алдымен «Алмата», кейін «Алмата-Студио» деген атаумен өнер көрсеткені тарихтан мәлім.

Кейінірек кеш шағын концертке ұласып, «Джулия» мюзиклінің әртістері «Сазген сазы» этно-фольклорлық ансамблімен бірге A'Studio тобының хиттерін шырқап берді. «Солдат любви» және көптен бері сүйіп тыңдайтын басқа да әндер қазақтың ұлттық аспаптарымен сүйемелденгенде, жиналған жұрт ерекше күйге бөленді.


Орталық жас өнерпаздарға арналғандықтан, қонақтар арасынан музыкалық зиялы қауым өкілдерін жиі кездестіруге болатын еді: M'Dee, dudeontheguitar, Almás, Ayau, Kezeń тобы және басқалар. Кештің негізгі бағдарламасы аяқталған соң, олар бірлесіп, экспромтпен музыкалық джем ойнап жіберді.
Байғали Серкебаев бұл жер бірнеше бағытта жұмыс істейтінін ерекше атап өтті. Мұнда дыбыс жазу студиясы, түсірілім алаңы, конференция залы және жүз адамдық концерт залы бір шаңырақ астында тоғысқан. Бұл аумақта тұсаукесерлер, оқыту бағдарламалары, шығармашылық интенсивтер мен жанды концерттер өткізуге барлық жағдай жасалған. Бірінші қабатта жеке орындаушыдан бастап үлкен оркестрге дейін емін-еркін жұмыс істейтін, аналогты пульті бар дыбыс жазу студиясы орналасса, цокольді қабатта дайындық бөлмелері мен оқу сыныптары бой көтерген. Сонымен қатар кеңістік аумағында винтажды JBL студиялық мониторларымен жабдықталған, винил табақшаларын тыңдайтын арнайы бар жұмысын бастамақ.

«Мен үшін Almaty Studios жас әрі тәжірибелі музыканттар бас қосатын орынға айналғаны өте маңызды еді. Олар мұнда бір-бірінен үйреніп, пікірлес жандарды тауып, өз идеяларын жүзеге асыра алатын болады».

В ближайшее время в Almaty Studios планируется запуск образовательных программ и музыкальных мероприятий.







