Әнші алғашқы жинағын өз есімімен — Aroojeanne деп атауды жөн көріпті. Өйткені әр ән арқылы тыңдарман оның жан дүниесімен, ішкі мұңымен, тіпті армандарымен жақынырақ танысады. Өнер иесі жеке шығармашылық жолын 2020 жылы бастағаны белгілі. Оған дейін ол Асыл Айдардың жобасы – JUZIM Q-pop тобының құрамында өнер көрсетті. Осы жылдар ішінде Аружан асықпай, жылына ары кетсе бір-екі жеке ән ғана шығарып жүрді. Міне, енді толыққанды авторлық жинақ ұсынуға дайын.

Музыкалық бағытына келсек, Aroojeanne поп-музыка мен инди-роктың ортасындағы үнді таңдаған. Бұл – өз дыбысына шынайы қарайтын әншінің таңдауы: мәтінді де, музыканы да өзі жазады. Аружанның айтуынша, альбомның басты тақырыбы — батылдық. Бірақ бұл қорқыныштың жоқтығы емес, өз сезімдерің туралы ашық айтып, өзіңе адал болуды таңдау. Альбомда әкеден айырылу, қарым-қатынас, махаббат, достық, есею және өзіңді қабылдау тақырыптары көтеріледі.

Жинаққа жеті ән кірді: ARU, PA, BIZ, Qımyl, Ómir, сондай-ақ бұрын жарық көрген Janyma мен Bola almadyq. 21 қазанда альбомның жабық тұсаукесері өтсе, бүгін барлық музыкалық алаңдарда ресми түрде жарыққа шықты. Осы оқиғалар қарсаңында Аружан өзінің 26 жасын атап өтті. Сондықтан өткенді саралап, есею кезеңі туралы толғану ол үшін дәл қазір өте маңызды.


- ARU әнінде әнші өзінің қандай қыз болғысы келетінін бейнелейді. Ол еркін, батыл, кейде мінезді, кейде суық, жалпы алғанда жан-жақты болғысы келеді.
- PA – әншінің ең осал тұсы, яғни әкесінен айырылу қайғысы туралы туынды.
«Альбомды дәл осы әнмен бастау мен үшін өте маңызды болды. Бұл — әкеме құрмет. Сонымен бірге осынша жыл бойы ішімде сақтап келген ең күшті сезімдерімді: қайғымды, өкпемді, ашуымды, сағынышым мен махаббатымды ақтарып салатын кеңістік».
- BIZ – әнінде сағыныш пен алғыс сезімі қатар өрілген. Бұл ән Аружанның JUZIM тобында ән айтқан кезін еске түсіреді.
«Мен сол кезеңді қатты сағынамын, бірақ бір нәрсені нақты түсінемін: өткенді жақсы көру оған міндетті түрде қайтып оралу керек дегенді білдірмейді. Болған дүниеге шексіз алғыс айта отырып, алға жылжи беруге болады. Бұл кезең менің шығармашылық өмірімдегі ең маңызды белестердің біріне айналды».

- QIMYL – альбомның басты әні. Әнші үшін әйел батылдығы тек ауыртпалықты жеңу арқылы ғана көрінбеуі керек. Батылдық дегеніміз — өзіңе бірдеңені қалауға рұқсат беру, өз денеңді сезіну, жақындық туралы ашық айту және одан ұят немесе ерсі бірдеңе іздемеу.
- Бұрын шыққан JANYMA және BOLA ALMADYQ әндері де альбомның негізгі идеясына керемет үйлесіп кетті. Аружан өзінің дауысы мен стилін дәл осы туындылардан іздей бастаған еді.
«Бір әнде ғашық болып, үлкен сезімді бастан кешсең, келесі әнде айырылысу мұңын сезінуге болады. Маған альбомдағы махаббаттың алуан түрлі болғаны ұнайды: ол кейде бақытты әрі тәндік, кейде көп сұраққа толы мазасыз күйде өтеді...».
- Жинақты ÓMIR әні қорытындылайды. Ол — бұған дейін баяндалған барлық оқиғалардың түйіні. Мұнда Аружан өмірден алған барлық сабақтарына қарамастан, өз өмірін қатты жақсы көретінін және есеюдің өзіне өте қызық екенін айтады.

Тұтастай алғанда, Aroojeanne альбомы — әншінің түрлі өмір кезеңдері арқылы өз «менін» іздеген сапары.
Жаңа жинақ барлық музыкалық алаңдарда қолжетімді.
