Актерлер, режиссерлер, фильмдер мен сериалдар арасында осы бір жүлденің үміткерлер қатарына ілінбегендерді тізіп шықтық.
Голливудтың Шетелдік баспасөз өкілдері қауымдастығы «Алтын глобус» сыйлығының үміткерлер тізімін жариялады. Дәстүрлі 82-ші марапаттау рәсімі қаңтардың бесі күні өтеді. Көркем фильмдер арасында француз режиссері Жак Одиардың «Эмилия Перес» туындысы 10 номинациямен көш бастап тұр. Сериалдар санатында өткен жылы төрт «глобус» арқалаған атақты «The Bear» (бес номинация) хикаясы – көшбасшы. Актерлер арасында Кейт Уинслет, Себастиан Стэн және Селена Гомес екі номинациядан иеленуі мүмкін.
«Алтын глобус» сияқты кез келген басқа жүлде субъективті бағалануы мүмкін. Номинациялар мен марапаттар Голливуд журналистерінің дауыс беру нәтижелері бойынша беріледі. Сондай кезде лайықты жобалар мен актерлердің біразы назардан жиі тыс қалады. Біз «Алтын глобус» номинациясына ілінбесе де, ерекше назар аударуға лайық үміткерлердің тізімін дайындадық.
Үздік фильм (драма)
Furiosa: The Mad Max Chronicles
Джордж Миллердің «Furiosa» фильмі «Mad Max» әлемін кеңейтіп қана қоймай, кейіпкерлердің өр рухы мен кеңістік ауқымын сақтай отырып, жаңа деңгейді көрсетсі. Режиссер тағы да көрерменді ерекше экшн көріністермен таңғалдырып, жан-жақты ойластырылған кейіпкерлер мен Том Холкенборг (Junkie XL) жасаған саундтрек арқылы шеберліктің жоғары деңгейін паш етті.

Үздік фильм (комедия немесе мюзикл)
The Bikeriders
«Substance» атты боди-хоррордың “үздік комедия мен мюзикл” санатына енуі біраз адамға жағасын ұстатты. Оның орнына Джефф Николстың «The Bikeriders» фильмі лайығырақ секілді. Бұл туынды көрерменді 1960-жылдардың атмосферасына сүңгітіп, байкерлер әлемін шынайы түрде ашып көрсетеді. Фильм журналист Дэнни Лайонның аттас фотокітабынан шабыт алған. Режиссер деректі фильм мен көркемфильмнің стильдерін ұштастыра отырып, кейіпкерлердің әдеттері, акценттері мен басқа да ерекшеліктерін айшықтап, көрерменге ұсынады.

Үздік режиссер
Дени Вильнев (Dune: Part Two)
«Dune: Part Two» фильмі «Үздік фильм (драма)» және «Үздік саундтрек» номинацияларына үміткер болғанына қарамастан, Дени Вильнев «Үздік режиссер» шорт-листіне енбеді. Бұл шешіммен келіспеушілердің басты себебі - сыншылардың екінші бөлімді жылдың басты блокбастері әрі тарихтағы ең ауқымды бейімдеулердің бірі деп бағалауы. Вильнев визуалды түрде ауқымды, философиясы терең және эмоцияға қанық аңыз-фильм жасап шығарғаны даусыз.

Үздік актриса (драма)
Флоренс Пью (We Live in Time)
Джон Краулидің «We Live in Time» фильмінде Флоренс Пью ауыр сырқатқа шалдыққан, бірақ жігері мықты аспаз Альмуттың рөлін сомдайды. Бұл кейіпкер жай ғана қиын жағдайға тап болған адам емес, керісінше, үмітін үзбей күресуге талпынған тұлға. Флоренс қысқа шаш үлгісін таңдауға келісіп, эмоционалды көріністерді, соның ішінде шынайы босану сәттерін жоғары деңгейде сомдап шықты.

Екінші пландағы үздік актер
Остин Батлер (Dune: Part Two)
Остин Батлер Владимир Харконненнің қатыгез жиені Фейд-Раута Харконненнің рөлін керемет сомдап шықты. Ол бұл рөлге ұзақ уақыт дайындалып, өзінің дене сымбаты мен жүріс-тұрысын толығымен өзгерткен. Пол Атрейдеспен (Тимоти Шаламе) қақтығыс сәттерінде Остин сомдаған кейіпкер ерекше тартымды әрі қорқынышты әсер қалдырады. Бұл рөл «Dune: Part Two» фильмінің номинациялар санын арттыра алатын еді.

Үздік телехикая (драма)
Tokyo Vice
Жапондық қылмыс әлемі туралы шытырман оқиғалы теледрама оп-оңай «Алтын глобусқа» үміткер бола алатын еді. Оның қызықты сюжеті американдық журналист Джейк Эдельштейннің естеліктеріне негізделген. Сериалдан ерекше визуалды стиль мен қараңғы атмосфераны бірден байқайсыз. Жапонияның 90-шы жылдардағы дәуірі мен мәдени ерекшеліктерін егжей-тегжейлі көрсетілген тамаша туынды ретінді марапаттан құр алақан қалмау керек сияқты.

