YouTube желісінде оңтүстік астанадағы электронды музыка ортасының қалыптасуы мен дамуына арналған «Алматинский хаус» деректі фильмінің бірінші бөлімі жарық көрді.
Туынды 1990 және 2000 жылдар аралығын - қалада алғашқы дискотекалар мен рейв-мәдениеттің енді ғана белең алып келе жатқан кезеңін қамтиды. Музыка қолжетімсіз болған ол дәуірде жастар жаңа жанрларды радио арқылы танып-білді, ал алғашқы кештер Ғылым академиясының ғимаратында небәрі 20 адамның басын қосатын.
Фильмде Алматыда алғашқы диджейлер мен клубтардың қалай ашылғаны, хаус музыкасын кімдердің бірінші болып ойнағаны, сондай-ақ андеграунд кештерден бастап, алғашқы Da Freak суперклубының құрылуы мен аты аңызға айналған британдық Mixmag журналында Қазақстанның алғаш рет аталуына дейінгі жол баяндалады.
Жобаның негізіне Алматыдағы электронды музыканың негізін қалаушылардың - диджейлер, промоутерлер мен арт-директорлардың естеліктері арқау болған. Жоба кейіпкерлерінің қатарында: Жан Қастеев, Жантемір Баймұхамедов, Данияр Сүлейменов, Нариман Исенов, Нұрберген Махамбетов, Денис Каретников, Рүстем Оспанов, Лысый, Timoffey, Aidar, Sniper, Shaman, Arsen Superfly, Timoshenko, K Bazhanov, Steppa-T, Edigee және Light Monday бар.
