Қараша айының соңында Алматыда ЮНИСЕФ ұйымдастырған Dreams Without Borders қайырымдылық гала-кешінің басты нәтижесі – 283 млн теңге көлеміндегі қомақты қаражаттың жиналуы болды. Бұл сома Қазақстандағы жасөспірімдердің психикалық саулығын қолдаудың ұлттық жүйесін құруға және дамытуға бағытталмақ.
Бұл кеш былтыр Астанада бастау алған игі дәстүрдің заңды жалғасына айналды. Ол кезде гала-кеште ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған цифрлық инклюзия бағдарламасы үшін 92 млн теңге жиналған еді.

Жиналған қаражат білім беру және денсаулық сақтау саласындағы 50 мыңнан астам маманды оқытуға және ел бойынша 140 мыңға жуық жасөспірімді қамқорлыққа алуға жұмсалады.
Бала саны тығыз орналасқан үш өңірге: Алматы, Шымкент және Түркістан облысына (ауылдық жерлерді қоса алғанда) ерекше назар аударылмақ. Психологиялық қиындықтарды бастан кешіп жүрген 10 мыңға жуық жасөспірім кәсіби терапевтік көмек ала алады.
Кештің орталық оқиғасы ретінде танымал тұлғалар мен ұйымдар өз лоттарын ұсынған қайырымдылық аукционы өтті. Бірегей бұйымдар арасында Димаш Құдайбергеннің қолтаңбасы қойылған жеке домбырасы, Елена Рыбакинаның теннис жабдығы, өнер туындылары мен зергерлік бұйымдар болып, сатылымнан түскен қаражат толығымен ортақ қорға аударылды.
Кеш барлық әртіс тегін өнер көрсеткен музыкалық бағдарламамен әрленді. Бір сахнада түрлі буын мен жанр өкілдері тоғысып, халық әртісі Майра Мұхамедқызы мен әлемдік опера жұлдызы Мария Мудряктан бастап, жас орындаушылар ALEM мен YERNAZAR-ға дейін ән шырқады.





