Алматыда «Тақтар ойынының» приквелі саналатын «Рыцарь Семи Королевств» (A Knight of the Seven Kingdoms) сериалының пилоттық бөлімі таныстырылды. HBO арнасы түсірген бұл шоуды Қазақстанда Amediateka платформасы таратады.

Премьера алдындағы көрсетілім 2026-жылдың 17-қаңтарында өтті. Кинозалда актерлер, режиссерлер, кинокритиктер, сондай-ақ танымал блогерлер, музыканттар мен журналистер бас қосты. Қонақтар үшін Вестерос әлеміне толықтай енуге мүмкіндік беретін ерекше атмосфера жасалды: сет-дизайн, тақырыптық декорациялар, жарық және саундтрек іс-шараның көркін ашты. Классикалық қызыл кілемнің орнына Жеті Корольдік әулеттерінің геральдикалық тулары, рыцарь сауыттары, көне қару-жарақтар, тіпті тылсым күші бар «қасиетті ағаш» қойылды. Премьераға көптеген танымал тұлғалар, соның ішінде Tatler журналының бас редакторы Анара Кукиева қатысты.
«Рыцарь Семи Королевств» – бұл Джордж Р. Р. Мартиннің шығармаларына негізделген HBO арнасының жаңа ауқымды жобасы. Сюжет көрерменді «Тақтар ойынындағы» оқиғалардан бір ғасыр бұрынғы кезеңге жетелейді. Оқиға ортасында ерекше жұп: мәрт рыцарь Дункан мен оның адал жас көмекшісі Эгг бар. Олардың патшалықтың әр қиырына созылған сапары қауіпті шытырманға, шиеленіскен оқиғалар мен сынақтарға толы. Сериал достық пен сатқындық, борыш пен намыс туралы қызықты хикаяны уәде етеді. Мұнда басты шайқастар тек турнир ареналарында емес, адамдардың жүрегінде де орын алады. Сериал туралы толығырақ мәліметті біздің шоураннерлер мен актерлермен өткен эксклюзивті материалымыздан оқи аласыздар.





