Lifestyle|Entertainment

Айсұлтан Сейітов жаңа толықметражды фильмінің актерлік құрамын жариялады

Автор Tatler Kazakhstan
03.12.2025
Айсұлтан Сейітов жаңа толықметражды фильмінің актерлік құрамын жариялады
Режиссердің айтуынша, ол «Жеті ата» деп аталатын жобамен соңғы екі жыл бойы жұмыс істеген. Фильм өмірден өткен жақындардың рухына арналады

Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов жаңа толықметражды фильмнің түсірілімін бастайтыны туралы сүйінші жаңалығымен бөлісті. Бұл хабарды ол Instagram желісіндегі парақшасында жариялады. Бұл – режиссердің үш жылдық шығармашылық үзілістен кейінгі алғашқы ауқымды жобасы.

Айсұлтан Сейітовтің жаңа туындысы «Жеті ата» деп аталады, ал түсірілім жұмыстары 2026 жылы басталмақ. Картина өмірден өткен жақындарды еске алуға арналады. «Бұл – мен үшін өте маңызды жоба. Баршаңызды осы сапарда менімен бірге болуға шақырамын, себебі кез келген фильм – сенімнің сынағы», – деп ағынан жарылды режиссер әлеуметтік желіде.

Сонымен қатар режиссер болашақ туындысының актерлік құрамын да таныстырды. Олардың қатарында Аңсар Ілиясов, Аян Өтепберген, Асан Мәжит, Нұрай Жеткерген, Еркебұлан Дайыров, Шұғыла Ешен, Азиз Бейшеналиев, Ісбек Әбілмәжінов және Ақылбек Юсуп бар.

Сейітов әртістерді таңдау – киноөндірістің ең жауапты кезеңі екенін, оқиғаның тереңдігі мен шынайылығы тікелей соған байланысты екенін баса айтты. «Бұл ұжымда өз ісін жетік білетін және бүгінгі киноның бағытын айқындайтын бірегей таланттар жиналған. Олардың менімен жұмыс істеуге келіскені – мен үшін үлкен мәртебе», – деп әріптестеріне жоғары бағасын берді Айсұлтан.

Оның пайымдауынша, әр актер фильмге жаңа қыры мен реңкін қосып, оқиғаны шынайы әрі жанды ете түседі. «Актерлік ойын – фильмнің басты құралы. Бұл командамен жұмыс істеу – зор ғанибет», – деп ойын түйіндеді ол.

Айсұлтан Сейітов соңғы жылдары басынан өткен жағдайлармен де ашық бөлісті. Оның сөзінше, дебюттік фильмі аяқталған соң, ол абдырап қалып, өмірін киномен байланыстыру туралы шешімінің дұрыстығына күмәнмен қарай бастаған. Мұндай белгісіздік күйі үш жылға созылады. Осы уақыт ішінде ол көп саяхаттап, қалалар мен елдерді жиі ауыстырған. Алайда, түбінде ол шабыт іздемегенін, керісінше, келесі қадам жасау жауапкершілігінен қашқанын түсінген.

Айсұлтан үшін бетбұрыс сәті атасынан айырылу болды. Атасы – оған есім берген, мамандық таңдауын қолдаған және әрдайым тіреу болған басты ұстазы еді. Оның соңғы айтқан: «Уақытты босқа өткізбе, өмір өте қысқа», – деген өсиеті режиссердің кәсібіне қайта оралуына түрткі болды. «Иә, мен жоғалып кеттім, көп нәрсе өзгерді, бірақ жүрегімдегі бір нәрсе өзгеріссіз қалды – ол кино түсіруге деген құштарлық. Бұл шабыт туралы емес, бұл – менің ойлау, түсіну және әлеммен тілдесу тәсілім», – деп еске алды режиссер.