Lifestyle|Entertainment

Айсұлтан Сейітов A$AP Rocky клипінің режиссерлерінің бірі атанды

АвторыTatler Kazakhstan
20.10.2026
A$AP Rocky және Айсұлтан Сейітов | Instagram Aisultan Seit
IMAGE A$AP Rocky және Айсұлтан Сейітов | Instagram Aisultan Seit
Қазақстандық клипмейкерлердің әлемдік музыка индустриясындағы беделі күн санап артып келеді. Соның тағы бір жарқын дәлелі ретінде Айсұлтан Сейітовтің америкалық рэпер A$AP Rocky-дің жаңа бейнебаянына режиссер болғанын айтсақ та жеткілікті

Бұл халықаралық ауқымды жобада отандасымыз италиялық режиссер Пьетро Биз Биазиамен және рэпердің өзімен тізе қосып, Shroom Clouds трегінің бейнебаянын түсіруге атсалысты.

Қазанның 16-сы күні жарық көрген бұл синглдің бейнебаяны көп ұзамай A$AP Rocky-дің YouTube-арнасына жүктелді. Айта кетерлігі, бұл клипті жасауға тағы бір отандасымыз қатысқан. Видеоның түс коррекциясына елімізге танымал колорист Ерлан Танай жауап берді.

Әннің өзіне тоқталсақ, ол тыңдарман үшін жаңалық емес. Рэпердің жанкүйерлері бұл туындыны сонау 2021 жылдан бері жақсы біледі. Тек ол кезде Rocky әнді Mushroom Clouds деген бастапқы атауымен орындайтын. Араға бір жыл салып, рэпер бұл композицияны өз концерттерінде тағы да шырқады. Ал енді ресми студиялық нұсқасын жазу үшін R&B орындаушылары reggie мен Jeremih арнайы шақырылған.

Осылайша, бұл бейнебаян көптен күткен Don't Be Dumb альбомының екінші бөлімінің алғашқы хабаршысы іспетті. Rocky бұл жинаққа бұрын шығып кеткен, бірақ негізгі альбомға енбей қалған Sundress, Babushka Boi және Grim Freestyle сияқты композициялармен қатар су жаңа тректер де кіретінін айтты.

Айсұлтан Сейітов үшін мұндай әлемдік жобалар үйреншікті жағдай. Ол Голливуд жұлдыздарымен бұрыннан бері тығыз жұмыс істеп келеді. Мәселен, оның 21 Savage пен J. Cole орындайтын a lot трегіне түсірген бейнебаяны кезінде MTV Video Music Awards жүлдесінде «Жыл видеосы» номинациясына ұсынылды. Ал 2023 жылы дәл осы туынды беделді Rolling Stone журналы жасаған тарихтағы ең мықты 150 хип-хоп бейнебаянның қатарына еніп, 82-орынға жайғасты.