Әнші Adele-дің алғашқы кітабы туралы баяндаймыз
Adele демалысты білмейтін сияқты: оның жоспарында мемуарлар, әлемдік тур және жаңа музыка бар. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың соңында әнші екі жыл бойы Лас-Вегастағы Caesars Palace-та тынымсыз өнер көрсеткеннен кейін музыкада белгісіз мерзімге үзіліс алатынын мәлімдеген еді. Сол кезде ол әр демалыс сайын төрт мың адамдық аудиторияның алдында өнер көрсетудің оңай еместігін айтып: «Осыдан кейін маған үлкен үзіліс керек. Біраз уақыт басқа шығармашылық істермен айналысатын шығармын», – деген болатын. Енді, міне, әнші сол «басқа шығармашылық істердің» не екенін жариялады. Ол өзінің шығармашылық жолы, жеке өмірі, ана болуы және балалық шағы туралы кітап жазбақшы. Сонымен қатар, ол өзінің ең сүйікті ісі – музыкаға қайта оралуды да жоспарлап отыр.
