Келесі жыл шын мәнінде жұлдызды тойлар жылы болғалы тұр. Ұзақ уақыт бойы тасада қалып келген бірнеше жұп бірден сүйінші хабарлап, қарым-қатынастарының жаңа, маңызды белесіне қадам басты.
Тейлор Свифт және Трэвис Келси
2025 жылдың тамыз айында Тейлор Свифт пен Трэвис Келси уәделескендерін ресми түрде жариялады. Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында: «Ағылшын тілі мұғалімі мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі үйленгелі жатыр», – деген жазбамен ортақ суретін бөлісті.
Осыдан кейін-ақ БАҚ беттерінде той 2026 жылы өтеді деген сыбыс гулей жөнелді. Кейбір дереккөздерге сүйенсек, ғашықтар қуанышты жаз мезгілінде атап өтуден үмітті.
Жақындарының айтуынша, Свифт пен Келси дайындыққа қызу кірісіп кеткен: екеуі де жоспарлау ісіне белсене араласып жүр. Жұп үшін тойды созбаққа салмай өткізу маңызды, себебі олар неке қиған соң бірден отбасылық өмірдің жаңа кезеңін бастауды қалайды.
Свифт пен Келсидің махаббат хикаясы 2023 жылдың күзінде, қос ғашық көпшілік алдына бірге шыққан кезде ел назарына ілікті. Танысуға алғаш қадам жасаған – Трэвис. Сол жылдың жазында спортшы әншінің Eras Tour аясындағы концертіне барып, «достық білезігі» арқылы оған өз телефон нөмірін бермек болған, алайда бұл әрекетінен түк шықпапты. Кейінірек, Тейлордың жақындарының қолдауымен ол дегеніне жетіп, әншінің назарын аударады да, араларында жылы байланыс орнайды.
Дуа Липа және Каллум Тернер
2025 жылдың маусымында поп-жұлдыз Дуа Липа британдық актер Каллум Тернермен сөз байласқанын растады. Бұл жайлы әнші британдық Vogue журналына берген сұхбатында айтты.

Оның сөзінше, Каллум сақина таңдағанда әншінің әпкесі және құрбыларымен ақылдасқан екен. «Жүзігім өзіме қатты ұнады. Ол менің болмысымды айшықтап тұрғандай. Өміріңді бір арнаға тоғыстырғалы жатқан адамыңның сені осыншалықты жақсы түсінетінін білу – бір ғанибет», – деп ағынан жарылды әнші.
Күйеу жігіт көпшілікке «Fantastic Beasts and Where to Find Them» франшизасындағы рөлімен таныс. Липаның гастрольдік сапарлары мен Тернердің түсірілім жұмыстарына байланысты, олар нақты той күнін белгілеуге асығар емес. Әншінің айтуынша, қазіргі сәтте жұп жай ғана осы тәтті шақтың рақатын көруде.
Дуа Липа мен Каллум Тернердің көңіл жарастырғаны жайлы алғашқы сыбыс 2024 жылдың басында, жұп Лондонда өткен Masters Of The Air шоуының құрметіне ұйымдастырылған кеште көзге түскенде тараған еді. Ол кезде екеуі қарым-қатынастарын жария етпегенімен, бір-біріне деген ынтызарлығы айналасындағыларға айқын сезіліп тұрды.
Зендея және Том Холланд
2025 жылдың қаңтарында актерлер өз тағдырларын ресми түрде тоғыстыруға бел байлағандары белгілі болды. Бұған Golden Globes рәсімінде Зендеяның саусағындағы жарқыраған жүзік дәлел болды. Жанкүйерлер мен папарацци назарына іліккен бұл «белгіні» көп ұзамай жұптың өкілдері де растап, ғашықтардың уәделескенін хабарлады.

Дегенмен, жұлдызды жұп той жоспарын құруға асықпай отыр. Инсайдерлердің хабарлауынша, актерлердің тығыз жұмыс кестесі салтанатты күннің нақты белгіленуіне әзірге мұрша бермей тұр.
Том Холланд пен Зендея 2016 жылы «Өрмекші адам: Қайта оралу» фильмінің түсірілім алаңында танысқан. Том басты рөлді, ал Зендея оның сүйіктісі – Эм Джейді сомдады. 2017 жылы фильм экранға жол тартқанда, қос актер ұзаққа созылған баспасөз турына аттанды. Олар қызыл кілемде құшақтаса суретке түсіп, қолтаңба таратып, әлеуметтік желіде ортақ суреттерін жиі жариялап жүрді. Көпшілік арасында актерлердің арасында достықтан гөрі тереңірек сезім бар деген болжам сол кезде пайда болды. Алайда ол кезде актерлер ешнәрсені растамады. Тек 2021 жылы папарацци жұптың көлік ішінде сүйісіп тұрған сәтін суретке түсіріп алғаннан кейін актерлер қарым-қатынастарын жасыруды доғарды.
Майли Сайрус және Макс Морандо
Желтоқсанның басында Майли Сайрустың музыкант Макс Морандомен сөз байласқаны жайлы ақпарат тарады. Жұп «Аватар: жалын мен күл» фильмінің тұсаукесеріне бірге келіп, көпшіліктің назары Майлидің қолындағы сақинаға ауды.

Морандо – жай ғана сүйіктісі емес, Майлидің шығармашылық серіктесі. Ол әншінің туындыларын жасауға атсалысқан. Сайрустың айтуынша, олардың байланысы терең түсіністікке, өзара сыйластық пен ортақ шығармашылыққа негізделген. Тойдың қашан өтетіні әзірге беймәлім. Бұл оқиға ғашықтар үшін өмірдің жаңа парағы саналатындықтан, олар жеке кеңістігін сақтап, асығыстық танытпауды жөн көрген сыңайлы.
Сайрус пен Морандо алғаш рет достары ұйымдастырған кездесуде танысқан. Жұптың бірге жүргеніне 4 жыл болды. Макс сүйіктісіне Азияға саяхат кезінде ұсыныс жасаған. Әншінің айтуынша, бұл ол үшін мүлде күтпеген тосын сый болыпты.
Лиам Хемсворт және Габриэлла Брукс
Сайрус пен Морандоның уәделесуінен сәл бұрын, Майлидің бұрынғы күйеуі Лиам Хемсворт та сүйіктісі – модель Габриэлла Брукске сөз айтты.

12 қыркүйекте модель Instagram желісіне актермен түскен ақ-қара суретін, артынша қарапайым әрі көз тартарлық жүзік тағылған қолының ірі пландағы фотосын жариялады. 2019 жылдан бері кездесіп жүрген жұп осы уақытқа дейін қарым-қатынастарын барынша жария қылмай, ұстамдылық танытып келеді. Сол себепті, той күні жайлы ақпарат әзірге жоқ.
Актер мен модель 2019 жылдың соңында көңіл жарастырған. Алғашқы жылдары ғашықтар жеке өмірін бөгде көзден таса ұстауға тырысты. Кейінірек олар көпшілік ортаға жиі бірге шығып, қарым-қатынастарының ресми екенін іс жүзінде дәлелдеді.
Александр Эдвардс және Шер
Шер мен Александрдың көңіл жарастырғанына бірнеше жылдың жүзі болды. 2022 жылдың желтоқсанында музыкант ғашығына үйлену туралы ұсыныс жасаған еді, бірақ оның егжей-тегжейі мен той күні енді ғана белгілі болып отыр.
Жұп неке қию рәсімін келесі жылдың мамыр айында, әншінің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізуді жоспарлап отыр.

Тараған ақпаратқа сүйенсек, әншіні 39 жастағы Эдвардспен арадағы қырық жылға жуық жас айырмашылығы мүлдем алаңдатпайды. Керісінше, ол өз сезіміне кәміл сенімді және қарым-қатынастарын заңдастыруға ниетті. Сондай-ақ әнші Эдвардстың бұрынғы жары Эмбер Роузбен бірге тәрбиелеп жатқан алты жасар ұлы Слэшпен уақыт өткізуден ерекше ләззат алатынын атап өтті.
Шер мен Александр Эдвардс 2022 жылдың күзінен бері кездесіп жүр. Жұп біршама уақытқа екіге кеткенімен, кейін қайта табысқан еді. Кейінірек әнші «махаббат жасқа қарамайды» деп ерекше атап өтті. «Біз бақыттымыз, ең бастысы осы емес пе», – деп жазды ол әлеуметтік желіде.
