Lifestyle|Entertainment

2025 жылғы поп-музыкадағы femininomenon қозғалысы

Автор Адиса Кин
13.12.2024
beyonce.com
IMAGE beyonce.com

2024 — поп-музыка шыңын әйелдер бағындырған тарихи жыл. Олардың әндері чарттардағы жоғарғы орындардан түспей, жүректерді жаулады

Бұл кезең музыка индустриясындағы мәдени және гендерлік бетбұрыстың нышанына айналып, кейінгі кезде «femininomenon» («феминизм» және «феномен» сөздерінің бірігуінен жасалған термин — Tatler) деп аталып жүр. Бұл қозғалыс әйелдердің поп-музыка арқылы тек өнерде емес, мәдениет пен қоғамда да жаңа стандарттар қалыптастырып жатқанын көрсетеді.

Егер 2019 жылы BBC зерттеулері поп-музыкада гендерлік алшақтықтың арасы жер мен көктей екенін көрсетті десек, 2024 жылы әйелдер осы теңсіздікті өз күшімен жойып, алдыңғы қатарға шықты. 2025 жылғы Grammy номинациялары қозғалыстың салтанатты кезеңге аяқ басқанына дәлел, музыка әлеміндегі жаңа дәуірдің басталғанын көрсетті. «Жыл альбомы» номинациясына ұсынылған сегіз әртістің алтауы – әйелдер. «Жыл альбомы», «Жыл әні», «Жыл рекорды» секілді басты санаттарда әйелдер көш бастады. Бұл тек музыкадағы жетістік емес, бұл әйел шығармашылығының жаңа шекараларын анықтайтын және шабыт беретін тарихи жетістік.

Grammy марапатында музыкалық шеберлігімен ғана емес, сонымен қатар ерекше сәнқойлығы мен батыл образдарымен ерекшеленген поп-музыка жұлдыздарын назарларыңызға ұсынамыз.

Тейлор Свифт

Тейлор Свифттің «The Tortured Poets Department» атты 11-альбомы Spotify-да жылдың ең көп тыңдалған альбомы атанды. Сонымен қатар рекордтық көрсеткішке жетіп, 2024 жылдың ең көп сатылған альбомы болса, оның Eras Tour-ы тарихтағы ең табысты концерттік тур ретінде танылды.

Свифттің Eras Tour-на киген костюмдері жай ғана киім емес, музыкалық баяндамасының ажырамас бір бөлшегі. Eras Tour сәні театралдық элементтер мен терең ностальгияны үйлестіреді. Мысалы, Folklore және Evermore кезеңдері Alberta Ferretti жасаған мөлдір шифон көйлектері арқылы сиқырлы орман атмосферасын береді.

Lover кезеңінде Atelier Versace-нің карамель түсті жарқыраған киімдері мен Christian Louboutin аяқ киімдерімен ғажап үйлесім тауып, романтикалық поп әндерді еске салады. The Tortured Poets Department кезеңінде Vivienne Westwood көйлектері альбомның сөздерімен безендіріліп, әдеби драма мен терең ойшылдықты танытады.

Билли Айлиш

Билли Айлиш «Hit Me Hard and Soft» атты альбомымен жанрлық шекараларды бұзатын күш ретінде өз орнын нығайтып, Billboard 200 чартында бірінші орынға шықты. Оның ерекше стилі психологиялық тереңдік пен өзіндік даралықты көрсетеді, себебі қап-қара готикалық киімдері де, минималистік әшекейлерді қабаттастырып тағуы да кім-кімді де бей-жай қалдырмайды. 

Биллидің батыл түстер мен өрнектерге деген сүйіспеншілігі — оның стилінің басты ерекшелігі. Жарықдиодты жасыл тектес неон түстері немесе граффити үлгісіндегі принттер оның батыл мінезінің нышанына айналған. Бұл тек эстетикалық тұрғыдан емес, сонымен қатар оның музыкасының эмоциялық қарқындылығымен де үндеседі. Мысалы, тур кезінде қолданған қанық қызыл және көк түстер альбомның атауы Hit Me Hard and Soft-тың мәнін айқындап, агрессия мен осалдықтың тепе-теңдігін бейнелейді.

Биллидің сахнадағы образы арқылы тыңдарманға «сен мықтысың, бірақ өз күшіңді қалай қолданасың?» деген сұрақ қоятындай.

Сабрина Карпентер

Сабрина Карпентердің 2024 жылдың Short n’ Sweet альбомындағы әуендер оның стиліне де сәйкес: нәзіктік пен өткірліктің ерекше үйлесімі. Бұл альбом Buckingham/Nicks дәуіріндегі Fleetwood Mac стилін, заманауи кантри мен нәзік R&B-ді үйлестіріп, тыңдармандарды ерекше тартады. Сабринаның сәні де осы бағытқа сай ретро-шабытпен үйлескен жарқын әрі ойнақы нәзіктікпен ерекшеленеді. Ол сахнада baby doll көйлектері мен корсеттерді биік платформалы аяқ киімдермен үйлестіре отырып, ерекше стильді бейнелейді.

Оның «Espresso» және «Please Please Please» сияқты хиттері TikTok-та үлкен сұранысқа ие болып, оны жаңа буынның сән және музыка нышанына айналдырды. Сабринаның әрбір образы «өмірден ләззат алуды ұмытпа» деген ой тастайды. 

Бейонсе

Бейонсе өзінің Cowboy Carter атты сыни тұрғыдан жоғары бағаланған альбомымен музыкалық сахнада ештеңеге, ешкімге жеңілмес күш ретінде танымал. Сән әлемінде де өз үстемдігін құрған. Оның ковбой стилін заманауи haute couture-мен үйлестірген образдары тағдырдың тәлкегіне мойымас әйелдің символына айналды. Былғары етік пен алтын жалатылған аксессуарларды, кутюр халаттары мен ерекше бас киімдерді ерекше үндестіріп киетін Бейонсе әрбір образы арқылы әйелдердің батылдығын дәріптейді. 

Бейонсе биыл Grammy-ге 11 номинация бойынша ұсынылып, өнері мен мәдени ықпалының қаншалықты мықты екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Charli XCX

Charli XCX өзінің «Brat» альбомы арқылы музыка әлеміне индивидуализм ілімін ашық дәріптейтін жаңа леп сыйлады. «Brat» альбомы мыңдаған мемге түрткі болды. Бұл альбом заманауи әйел болмысының күрделі қырларын көрсетеді: қызғаныш, нарциссизм, осалдық пен өзін-өзі танытуға деген ұмтылыс. 

Charli XCX-тің қанық түсті неон киімдері, ашық текстуралы материалдар мен футуристік стильді аксессуарлары оның шығармашылығындағы анархиялық рухты көрсетеді. Осы қанық жасыл түсті қазір Brat Green деп те атап жүр. Оның стилі «сенің жеке тұлғаң сәніңе, ал сәнің барша әлемге әсер етеді» деген месседж іспетті.

Chappell Roan

Chappell Roan өзінің «Good Luck, Babe!» әнімен 2024 жылы поп сахнасында ерекше танымалдыққа ие болды. Бұл барокко және синт-поп стиліндегі әнде мәжбүрлі гетеросексуалдық пен жауапсыз махаббат тақырыптары көтерілген.

«Good Luck, Babe!» әні сыншылардың жоғары бағасын алып, 1 миллиардтан астам тыңдалым жинады. Сонымен қатар ол 2025 жылғы Grammy сыйлығында «Жыл әні» номинациясына ұсынылды.

Роанның киімдері батыл әрі ойнақы көңіл күй сыйлайды, көбіне-көп драг мәдениетіне деген құрметтен туындағандай әсер қалдырады. Мысалы, Kentuckiana Pride сахнасында ол леопардты бюстгальтері көрініп тұратын қызыл рубин көйлек киіп, үлпілдеген шаш пен боялған қалың қаспен шықты. Бұл образ Pink Flamingos фильміндегі марқұм драг-куин Дивайнға арналған құрметпен қоса, сонымен қатар квир тарихына сілтеме жасайтын батыл саяси мәлімдеме болды.

2024 жылы Spotify-дың ең көп тыңдалған альбомдары арасында алғашқы сегіз орын әйел әртістерге тиесілі болып шықты. Бұл — қазіргі музыканың әйелдердің ықпалымен өзгеріп жатқанын көрсететін тарихи жетістік. Бұл әйелдер поп-музыканың болашағын анықтап қана қоймай, жаңа буынға шабыт сыйлап, әйелдердің мәдениеттегі орны туралы жаңа тараудың басталуына түрткі болып жатыр.