Lifestyle|Arts

Тасқа түскен драма: Әуезов театрының ғасырлық белесіне орай мүсінші Ескен Сіргебаевпен сұхбат

Автор Сергей Калугин
13.01.2026
Ескен Сіргебаев | Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler
IMAGE Ескен Сіргебаев | Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler
Қазақтың кәсіби театр өнерінің қара шаңырағы – Мұхтар Әуезов атындағы Ұлттық драма театры 2026 жылдың 13 қаңтарында өзінің ғасырлық мерейтойын атап өтеді. Осы айтулы оқиғаға орай, Tatler журналы театр ғимаратының алдында орналасқан Мұхтар Әуезов монументінің авторы, хас шебер Ескен Сіргебаевпен сұхбаттасты. Мүсінші ескерткіштің қалай жасалғаны, неліктен бұл туындының орнын басқа жерге ауыстыруды армандайтыны және театр ғимаратының сәулетіне деген көзқарасы туралы ағынан жарылды

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының іргетасы 1926 жылы 13 қаңтарда сол кездегі Қазақ АКСР-нің астанасы Қызылорда қаласында қаланған еді. Дәл осы күні театр шымылдығы алғаш рет түріліп, көрерменге Мұхтар Әуезовтің аты аңызға айналған «Еңлік – Кебек» трагедиясынан үзінді көрсетілді. 1929 жылы театр ұжымы жаңа астана – Алматыға қоныс аударып, мұнда труппа қатары өнер жұлдыздарымен қарқынды түрде толыға бастады. Ал 1980 жылдан бастап театрдың бас кіреберісінде Мұхтар Әуезовтің еңселі ескерткіші бой көтеріп, келушілерді қарсы алып тұр. Бұл монументті алматылық мүсінші Ескен Сіргебаев жасаған болатын. Театрдың 100 жылдығы қарсаңында Tatler журналы шебермен оның өмірі, шығармашылығы және Әуезов тұлғасы туралы әңгімелесті.

Мұхтар Әуезов тұлғасының қазақ мәдениеті үшін маңызы қандай?

Мен Ленинградта оқып жүрген кезімде дипломдық жұмысым Абай Құнанбаевқа арналды, сол себепті ол туралы материалдар іздестірдім. Осы ізденіс үстінде Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясына кезіктім. Шығарманы бастан-аяқ оқып шыққаннан кейін Әуезовке деген құрметім ерекше артты. Ол – тұтас бір мәдени қабат пен ұлттық ойлау жүйесін қалыптастырған іргелі тұлға. Мен оның көзін көрмесем де, кейін ескерткіш жасау байқауында жеңіп шыққан соң, жазушының қызы Лейла Мұхтарқызымен таныстым. Ол кісі өте парасатты әрі жаны нұрлы адам екен.

Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler
IMAGE Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler

Ескерткіш байқауы қалай өтті және сіздің жобаңыз қалай жеңіп шықты?

Ескерткіш жасауға арналған байқау 1978 жылы жарияланды. Оған бүкіл Кеңес Одағынан, атап айтқанда Мәскеу, Ленинград, Кавказ және Орталық Азия республикаларынан барлығы 54 жоба ұсынылды. Мен өз жобамды ұсынып, бірінші орынды иелендім, содан кейін жұмысты іске асыру кезеңі басталды. Ол кезде Алматыда қола құятын арнайы зауыт болған жоқ, ал Мәскеу мен Ленинградта мүсінді құюға рұқсат берілмеді, өйткені 1980 жылғы жазғы Олимпиада ойындарына байланысты бұл қалалар жабық болатын. Содан ескерткішті Баку қаласында құюға тура келді.

Мүсін 28 бөліктен тұрды, оның ішінде қолдары, аяқтары мен денесі бөлек құйылды; ал басын екі рет қайта құюға тура келді. Айтпақшы, ескерткіштің 14 нұсқасы жасалып, біз соның ішіндеғы ең соңғысына тоқтадық. Нәтижесінде, мүсін 1980 жылы театр ғимаратының ашылуымен бір мезгілде орнатылды

Жылдар өте келе өз туындыңызға деген көзқарасыңыз өзгерді ме? ?

Мүсіннің өзі мен үшін өзгерген жоқ, бірақ уақыт өте келе ескерткіштің орны сәтсіз таңдалғаны анық болды. Ол театр ғимаратына тым жақын орналасқан, ал негізінде мүсін жан-жағынан, тіпті сырт жағынан да еркін көрінуі тиіс. Егер ескерткішті Абай даңғылының бойындағы кеңістікке шығарса, оның айбыны мүлдем басқаша сезілер еді. Мүсін ғимаратқа тым тақау тұрса, ол өзінің көркемдік қуатының жартысын жоғалтады. Себебі мүсін жиһаз сияқты болмауы керек, ол еркін «тыныстауы» қажет.

Шын мәнінде, мен осы ескерткіштен Әуезовке тән ішкі жинақылық пен салмақтылық байқалса екен деймін. Мұхтар ағамыз құр пафосқа әуес адам болмаған. Егер көрермен осы бір ұстамдылық пен тұлғалық масштабты түйсіне алса, онда еңбегімнің жанғаны.

Театр ғимаратының сәулеті мен оның мүсінмен үйлесіміне қалай қарайсыз?

Шынымды айтсам, маған театр ғимараты ешқашан ұнаған емес: ол тым ауыр әрі сәтсіз жасалған. Ал ескерткішті ғимараттың олқылықтарын жасыру үшін, яғни негізгі көркемдік екпін ретінде пайдаланды. Соның салдарынан мүсіннің өзі көлеңкеде қалып қойды.

Мен ескерткіштің орнын ауыстыру туралы талай рет мәселе көтердім. Ең болмаса оның артында тұрған үлкен шамдарды алып тастауды өтіндім – олар баяғыда істен шыққан, жанбайды, тек кедергі болып тұр. Әр жолы маған «бұған қаражат жоқ» немесе «бұл тым күрделі жұмыс» деп жауап беретін. Бірақ мәселе жұмыстың қиындығында емес, ниеттің жоқтығында.

Бүгінгі таңда Алматыға қандай ескерткіштер жетіспейді?

Кәсіби деңгейде орындалған туындылар жетіспейді. Мәселе ескерткіштің санында емес, оның сапасында. Ескерткіш – халықтың тарихи жадысы: қоғам өмір сүрген сайын, олар сол қоғамның ажырамас бөлігі болып қала береді. Сондықтан да Еуропада мүсіндер ғасырлар бойы, ал Египетте мыңдаған жылдар бойы сақталып тұр. Ескерткіш уақыттың өтуінен емес, мәдени орта бұзылған кезде ғана ескіреді. Егер кәсіби деңгей сақталса, ол жаңа ұрпақтар үшін де құндылығын жоймайды. Қазақстан – жас мемлекет, сондықтан біздің бағындырар биіктеріміз әлі алда деп ойлаймын.

Өзіңіздің ең сүйікті жұмысыңыз бар ма?

Мен әрдайым суретшінің жағдайын көпбалалы әкенің жағдайымен теңестіремін, ол үшін барлық баласы бірдей. Бірақ ашығын айтсам, мен үшін әл-Фараби мүсінінің орны бөлек. Бұл жоба бастапқыда фигурадан, аркадан және бедерлі мүсіндерден тұратын үлкен философиялық кешен ретінде ойластырылған еді, алайда оның тек бір бөлігі ғана іске асты. Соған қарамастан, өзіндік ойы мен ішкі мазмұны жағынан бұл – менің ең сүйікті жұмысым.

Ескен Сіргебаев | Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler
IMAGE Ескен Сіргебаев | Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler

Кәсіби жолыңыздың бастауына оралсақ. Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?

Бала кезімде қолыма не түссе, содан мүсін жасайтынмын – жақын маңнан тапқан қара балшықтан жануарлар мен адамдарды сомдап, оларды үйдің шатырына күнге кептіретінмін. Жетінші сыныпты бітіргеннен кейін ата-анама салмақ салмайын деп, оқуды жалғастырғым келмеді. Алғашында ұшқыштар училищесіне баруды ойладым, бірақ бірде ағам менің мүсіндерімді көріп, көркемсурет училищесіне апарды. Ол кезде қабылдау емтихандары аяқталып қойған еді, бірақ комиссия мүшелері «бұл дайын мүсінші ғой» деп баға берді. Содан мені алдымен шартты түрде алып, кейіннен түпкілікті қабылдады.

Ленинград академиясы маған форманы, салмақты және конструкцияны түсінуді үйретті. Онда талап өте қатаң болатын – ештеңені жайдан-жай істеуге болмайтын, әрбір сызықтың өз мәні бар еді. Бұл нағыз шеберлік мектебі болды, мұндай іргелі білімсіз нағыз мүсінші болу мүмкін емес. Академияны тәмамдаған соң мені Алматы көркемсурет училищесіне ұстаздық етуге жіберді. Онда бірнеше жыл еңбек етіп, кейіннен көркемөнер комбинатының бас суретшісі қызметін атқардым. Алайда әкімшілік жұмысқа көңілім соқпағандықтан, ол жерден кетіп қалдым. Осыдан кейін менің негізгі ұстаздық жолым басталды: Т. Жүргенов атындағы академия ашылған күннен бастап, міне, 47 жыл бойы осы оқу орнында дәріс беріп келемін.

Ал қазіргі көркемөнер саласындағы білім беру деңгейі айтарлықтай төмендеп кетті: бұрын аптасына 20 сағат мүсін өнері пәні жүретін болса, қазір бар болғаны – сегіз-ақ сағат. Натурашы адамдар жоқ, жалақы да өте төмен. Мәселе таланттардың аздығында емес, жасалған жағдай мен жүйенің олқылығында болып тұр.

Кеңес Одағының ыдырауын суретші ретінде қалай өткердіңіз?

Қайта құру кезеңі өте ауыр уақыт болды, өйткені көркемөнер қоры тарап кетті: тапсырыстар тоқтады, суретшілер ешкімге керек болмай қалды. Көбі күн көру үшін, бір үзім нан табу үшін өз жұмыстарын су тегінге сатып, амалдап өмір сүрді. Бұл талай тағдырлардың тәлкекке түскен кезеңі еді. Суретші – нарық заңымен өмір сүре алмайтын жан. Жүйе жойылған кезде біз тірексіз қалдық – бұл тұтас бір буынның қасіреті болды. Көптеген адамдар мамандықтан кетті: кейбірі шетелге қоныс аударды, кейбірі араққа салынып, ерте дүниеден озды.

Кәсіби жолыңызда естен кетпес ерекше сәттер болды ма?

Ескерткіштермен жұмыс істеу барысында өміріме қауіп төнген кездер де болды. Бірде Ленинградта Башқұртстан комсомолдарына арналған монументті жасауға қатыстым. Биіктігі 10 метрлік төрт бірдей тұлғаны сомдау қажет еді, жұмыс үлкен биіктікте жүріп жатты. Балшық кеппеуі үшін оны үнемі су бүркіп ылғалдандырып отыратынбыз, соның салдарынан ағаш баспалдақтар су болып кеткен екен. Абайсызда тайып кетіп, 10 метрлік биіктіктен төмен қарай ұштым. Бағыма қарай, тікелей жерге емес, мүсіннің иініне тиіп, соның бойымен сырғып барып, мүсіннің бір жеріне отырып қалдым. Егер сол сәтте асфальтқа құлағанымда, бүгінде тірі болмас едім.

Ескен Сіргебаев | Фотограф: Дамир Мухаметов / Tatler
IMAGE Ескен Сіргебаев | Фотограф: Дамир Мухаметов / Tatler
Ескен Сіргебаев | Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler
IMAGE Ескен Сіргебаев | Фотосуретші: Дамир Мухаметов / Tatler

Қазіргі таңдағы жасанды интеллекттің дамуына қалай қарайсыз?

Бүгінде жасанды интеллект туралы көп айтылады, бірақ адамзат тарихында мұндай кезеңдердің неше түрі өткен. Біз өрлеу мен құлдырауды, гүлдену мен тоқырауды көрген халықпыз. Мүмкін, уақыт өте келе бәрі өз орнына келіп, адам баласы қайтадан шынайы қолөнер мен жанды өнердің қадірін түсінер. Адамның қолымен жасалған дүниеге деген мұқтаждық бәрібір қайта оралады деп ойлаймын.

Қазіргі өміріңізде не болып жатыр?

Мен қазір 85 жастамын, денсаулығым бұрынғыдай емес. Глаукома дертіне шалдыққанмын, көп жылдан бері осы дертпен өмір сүріп келемін. Көзімнің нұры біртіндеп таусылып барады, енді кітап оқи алмаймын, теледидарды да әрең көремін, есту аппаратымен жүрмін. Соңғы 20 жыл бойы мүсін жасаған жоқпын, бірақ қолым форманы әлі ұмытқан жоқ. Адамның көзі көргенде ол әлемнің бар сұлулығын сезінеді. Ал жанарың суалғанда, әлем сөніп қалғандай болады – бұл, бәлкім, ең ауыр сезім шығар.

Мен өз өмірімді адал сүргенімді білемін. Ұрлық жасамадым, ешкімді алдамадым, еңбек еттім, ұстаздық етіп, өз ісімді атқардым. Көптеген ірі ойларым толық іске аспай қалды. Дегенмен, менен кейін бір нәрсе қалатын болса, ол – менің ескерткіштерім мен шәкірттерім. Қазір мен үшін ең бастысы – жинаған тәжірибемді беру, студенттерге білгенімді айту.

Әзірге пайдалы болуға мүмкіндігім бар екен, мен оны істей беремін. Қарттық шақта суретші форма арқылы ойлайды. Тіпті қолы жұмыс істемесе де, басы тоқтаусыз ойлауды жалғастырады және бұл қасиет ешқайда кетпейді.