Lifestyle|Arts

Суретші Динара Қадірованың сырлы сұхбаты: музыка құдіреті, Hermès-пен ынтымақтастық және өзін іздеу жолы

Автор Анара Кукиева
27.11.2025
Фотосуретші: Ляззат Қамзина
IMAGE Фотосуретші: Ляззат Қамзина
Қазақстандық суретші Динара Қадірова Tatler-ге берген сұхбатында «аңғалдықты» неліктен сый деп санайтынын, картиналары қандай музыкамен үндесетінін және көпшілік мойындауының астарында не жатқанын баяндап берді.

Егер туындыларыңызды көзі көрмейтін жанға сипаттап беру қажет болса, не дер едіңіз?

Мен оны сөзбен жеткізуге тырыспас едім. Одан да музыка қосып бергенді жөн санаймын. Себебі музыка – шығармашылықтағы ең сенімді серігім және картиналарымның жан-дүниесінің ажырамас бөлігі. Бұл Рюити Сакамото немесе Дзё Хисаисидің терең, ойлы әрі шынайы композициялары болар еді.

Қай еңбегіңізді ерекше мақтан тұтасыз?

«Мақтан тұту» мен үшін тым асқақ естілетін сөз шығар. Мен – түзетуден жалықпайтын перфекциониспін және өз шығармашылығымның ең қатал сыншысымын. Дегенмен, кейде қайта қарап: «Мұны шынымен мен салдым ба?» деп таңғалатын туындыларым бар. Олардың қатарына ұлдарымның портреттерін жатқызамын. Оларды ана жүрегіммен қалай сезінсем, кенеп бетіне де сондай дәлдікпен түсіре алдым.

Егер әлемдегі кез келген өнер туындысын иелену мүмкіндігі болса, таңдауыңыз қайсысына түсер еді?

Жапондық укиё-э гравюрасының түпнұсқасын таңдар едім. Нақты біреуін бөліп айту қиын, бірақ әлемге осы гравюралардың көзімен қараған сәтте жаныма жақын таныс нәрсені көргендей ерекше күй кешемін.

Оқырмандарға кімнің шығармашылығына назар аударуға кеңес бересіз?

Тек жұмыстары жүрек қылын шертетін суретшілерге ғана назар аударыңыз. Басты талап – осы. Көрерменнің беделді пікірлер мен трендтерге сүйенбей, өз жүрек қалауын тыңдай білгені маңызды.

Сіздің бойыңыздағы «кемшілік» деп санайтын қасиетіңіз қандай?

Кемшілік дейсіз бе? Бәлкім, менің тым тұйықтығым шығар. Маған адамдар арасында жүргеннен гөрі, өз әлемімде оңаша қалған әлдеқайда қызық. Сондықтан көрме ұйымдастыру мен үшін жайлылық аймағынан шығумен тең, бұл бейтаныс қонақтарды өз ғаламыма бірнеше аптаға тұруға шақырғанмен бірдей.

Сізбен әңгіме бастаудың ең ұтымды жолы?

Әңгімені барынша шынайы нәрседен бастаңыз. Мысалы: «Мен бос сөзді (small talk) ұнатпаймын» десеңіз, құба-құп.

Сіз үшін ең жоғары баға, мойындау деген не?

Мен үшін ең үлкен мәртебе – жұмысымның адам жанын тебірентіп, эмоция сыйлағанын көру. Жоғарыда айтқан «таныс нәрсені көргендей» сезімді оқырманның көзінен байқау – нағыз мойындау осы.

Hermès витриналарын безендіру туралы ұсыныс түскенде қандай сезімде болдыңыз?

Бұл мүмкіндікке шын жүректен қуандым және жаңа тәжірибені асыға күттім.

Tatler оқырмандарын таңғалдыратын бір қырыңызды ашыңыз.

Мен суретшімін, бірақ: көрмелердің ашылу салтанатына бармаймын, маған адам аз кезде барған немесе мүлде бармаған ұнайды; менде бірде-бір автопортрет жоқ; жұмыстарыма қол қоюды да үнемі ұмытып кетемін; есесіне, жұрт не десе де, кескіндеменің ең ғұмырлы әрі қуатты жанр екеніне кәміл сенемін.

Дәл қазір не нәрсеге құштарсыз?

Өз болмысыма қайта оралуға, өзімді іздеуге. Бұл – артық «қабықтардан», жасандылықтан қабат-қабат арылу сияқты процесс. Бұл жаңа жұмыстарымның сюжетінен, стилі мен тақырыбынан бірден көрініс табады.

Бір сұхбатыңызда жұмыстарыңыздың ерекшелігі – аңғалдықта деп едіңіз. Бұл ұғымға қандай мағына сыйғызасыз?

Мен үшін аңғалдық – әлемге ашық көзбен қарау және әсерленуден, сезімге берілуден қорықпау. Меніңше, нағыз өнердің мәні де осында жатыр – жасанды кейіп танытпай, шынайы сезіне білу.