Lifestyle|Arts

QYSTAU: сән, театр және өнер үйлесімі

Автор Адиса Кин
17.12.2024
Фотограф: Уалиева Алуа | Instagram: @alua.ualiyeva
IMAGE Фотограф: Уалиева Алуа | Instagram: @alua.ualiyeva

Терең ой мен сезімге баурайтын сән мен театр перформансы

Желтоқсанның 13-і күні Алматыдағы ARTиШОК театрының Үлкен сахнасында QYSTAU атты ерекше сән перформансы өтті. Бұл кеш — сән, театр және өнер тоғысқан жаңа формат. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын төрт дизайнердің топтамаларын қатар ұсынған Qystau көрермені құдды бір көркем шығарма оқығандай болды.

Кештің музыкалық сүйемелдеуі сәтті шығуына Qonyratbay Fam-ның жанды дауыста ән айтуы ерекше әсер етті.  Ал ARTиШОК театрының әртістері ой саларлық перформанстарымен көрермендерді баурап алды. Подиумға кәсіби модельдердің орнына театр, кино әртістері мен өнер адамдары шықты. Жақын арада осы кешке арнайы жазылған әуендер жинағы «QYSTAU — қыс кезеңі» атты плейлист ретінде жарық көруі мүмкін.

Төрт дизайнер — төрт әлем

Расул Social-дың жаңа коллекциясы Ақан Серінің «Балқадиша» әніндегі қайғылы махаббат пен әлеуметтік әділетсіздік тақырыбын арқау етеді. Бай шалға мәжбүрлі түрде тұрмысқа шыққан қыздың тарихына негізделген коллекция билік пен жеке құқықтардың бұзылуын зерттейді. «Сырты бүтін іші түтін» демекші, бай шалдың бейнесін егеуқұйрық кейпінде ұсынып, қоғамдағы өзекті мәселелерге назар аударады.

Әсем Сапарғали «Шимай» топтамасында өзгеріске ұмтылу мен рухани ізденісті баяндайды. Өзгергісі келгенімен, шынайы өмірмен бетпе-бет келген кейіпкер шырмаудан шыға алмаған жәндік сияқты дәрменсіздігін мойындайды. Коллекциясы ішкі әлсіздікті жеңіп, қиын уақытта да үміт үзбей, шешім іздеуге үндейді. 

Qanaker бренді арқылы өзіндік қолтаңба қалыптастырған Алмас Керімбек Neo Kazakh Punk бағытын ұстанады. Оның «Долан» топтамасы Ұйғыр көктеміне және Шығыс Түркістанның мәдени дәстүрлеріне арналған. Топтама ұйғыр халқының генетикалық кодын бейнелеп, оянып келе жатқан табиғаттың қуанышы мен тарихтың қайғылы беттерін тоғыстырады. 

Kisva брендінің дизайнері Абзал Сейдиннің жұмыстары тарих пен мәдениетке терең бойлайды. Нұрбол Нұрахметтің «Кенесары хан» суретінен шабыт алған топтама рухани ізденіс пен жоғалған болмысты қайта табу туралы ойға жетелейді. Ол хаос ішінде өзін жылқының кейпі ретінде көрсетеді. Жылқы – күштің, еркіндіктің және интуицияның бейнесі, ол үміт пен ішкі жарықтың метафорасына айналып, адасқан жанға өз жолын табуға көмектеседі.

QYSTAU: сән, театр және өнер үйлесімі
QYSTAU: сән, театр және өнер үйлесімі
QYSTAU: сән, театр және өнер үйлесімі
QYSTAU: сән, театр және өнер үйлесімі

Әр дизайнердің топтамасы — ойландыратын және сезіндіретін туынды. QYSTAU қазақстандық сәннің жаңа қырын көрсетіп, көрермендерге ерекше шабыт сыйлады. Бұл арт-перформансты көрермендер біразға дейін ұмытпасы анық.