«Қорқыт ата» халықаралық кинофестивалі алғаш рет Қазақстан жерінде өз шымылдығын түреді
«Қорқыт ата» Түркі әлемі елдерінің халықаралық кинофестивалі бұрын Стамбул, Бурса, Шуша және Анау (Ашхабад) қалаларында өткен болса, биыл тұңғыш рет Қазақстан жерінде, Ақтау қаласында бірінші және бесінші қазан аралығында өтеді.
Фестиваль бағдарламасы салтанатты ашылу рәсімі мен қызыл кілемнен басталып, конкурстық және конкурстан тыс фильмдердің көрсетіліміне, «Достық Үйіндегі» киносаммитке, киноиндустрияның жетекші қайраткерлерімен шығармашылық кездесулерге және делегацияның Маңғыстау облысының тарихи-табиғи мекендеріне сапарына ұласады.
Төртінші қазанда өтетін жабылу салтанатында қазылар алқасы жеңімпаздарды анықтап, «Үздік көркем фильм», «Үздік режиссер», «Үздік сценарий», «Үздік актриса» және «Үздік актер» номинациялары бойынша марапаттайды. Сондай-ақ, ТҮРКСОЙ ұйымының «Түркі мәдениетіне қосқан үлесі үшін» арнайы сыйлығы табысталады.

«Қорқыт ата» кинофестивалі Маңғыстау облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, ТҮРКСОЙ және Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қолдауымен өткізіледі.
