Қазақстан алғаш рет жаһандық арт-нарықтың ең ықпалды алаңдарының бірі – Art Basel Hong Kong халықаралық заманауи өнер жәрмеңкесіне қатысады. Еліміздің атынан қазақстандық суретші Айя Шалқар барып, оның туындыларын Sapar Contemporary галереясы көпшілікке таныстырады.

Айя Шалқар – қазіргі уақытта Қазақстанда тұрып, еңбек етіп жүрген концептуалды мультимедиа суретшісі. Ол 17 жасында Францияға қоныс аударып, Страсбург университетінде бейнелеу өнерін зерттей бастаған. Кейін білімін Вена қолданбалы өнер университетінде жалғастырып, 2020 жылы графикалық дизайн мамандығы бойынша магистр дәрежесін иеленген.

Шалқардың шығармашылығы Орталық Азия мұрасына, атап айтқанда, қазақтың визуалды және материалдық мәдениетіне негізделген. Өз жобаларында ол мәдени болмыс пен гендерлік рөлдерді зерттей отырып, заманауи өнерде сирек кездесетін «жауынгер әйел» архетипіне жүгінеді.
Суретші қазақтың дәстүрлі мәдениеті мен ғылыми фантастиканы ұштастырып, The World of Peri атты өзіндік көркем әлем қалыптастырған. Ол өз әдісін «болашақтың археологиясы» деп атайды: бұл – көне түркі мәдениетін зерттеу мен футуристік қиялдың бірегей тоғысы.


Айя Шалқар әйелдерге тән кесте тігу, құрақ құрау сияқты тоқыма техникаларынан бөлек, көшпенділер өткеніндегі заттарды қайта жаңғыртумен де айналысады. Оның қолынан шыққан қару-жарақ мүсіндері – қанжарлар, қылыштар мен ғұрыптық бұйымдар – әрі тарихи жәдігер, әрі болашақтың тұмары іспеттес.


Бұл суретшінің тағы бір қызықты қыры – оның дәстүрлі қазақ садақ ату өнерімен айналысуы. Ол кейіпкерлерін жай ғана бейнелеп қоймайды, өзінің моделі мен актерлік тәжірибесін қолдана отырып, сол бейнелерді өз тұлғасы арқылы тірілтеді.

Шалқардың туындылары АҚШ-тағы Brown University Collection қорына енген. Оның соңғы жобаларының қатарында 2023 жылғы Майамидегі Untitled Art Fair Miami Beach жәрмеңкесі мен 2025 жылдың көктемінде Нью-Йоркте өткен Beneath the Earth, Above the Clouds көрмесі бар.


1970 жылы негізі қаланған Art Basel – заманауи өнер әлемінің басты алаңы саналады. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен озық галереялар мен коллекционерлердің басын қосып, өнер нарығының бағыт-бағдарын айқындап отырады. Қазақстанның осындай беделді көрмеге алғаш рет қатысуы – отандық мәдениет үшін маңызды қадам.
