Lifestyle|Arts

Pantone 2026 жылдың түсін жариялады. Ал енді оны аңғарып көріңіз

Автор Виктория Лебедева
04.12.2025
Pantone ресми сайты
IMAGE Pantone ресми сайты
Pantone институты жыл сайын күрделі миссияны арқалайды: ол уақыт тынысын дөп басып, келе жатқан жылдың басты трендін анықтауға тырысады. Оның шешімі – «жыл түсі» – сән, дизайн және мәдениет әлемі үшін бағдаршамға айналады

2026 жылға арналған айтулы реңк ретінде айқайлаған ашық түс емес, Cloud Dancer («Бұлт бишісі») деген поэтикалық атауы бар, жанға тыныштық сыйлайтын ақ түс таңдалды. Оның ақтығы мен нәзіктігі сонша, монитор экранынан ажыратудың өзі қиынға соғады.

Сарапшылар бұл түсті «толқынды, тепе-теңдік сақтаған және тыныштық сезіміне тұнған ақ түс» деп сипаттады. Сандық технологиялар өміріміздің әр саласына дендеп енген дәуірде, Cloud Dancer көзге дауа болатын «ем» ретінде ұсынылып отыр.

Pantone атқарушы директоры Литрис Айсмен CNN-ге берген сұхбатында бұл түстің «аласапыран қоғамға тыныштандыратын әсер беретінін» айтты. Ол асықпай ой толғау мен ішкі тепе-теңдіктің құндылығын еске салады. Бұл реңк жаңа бастама мен жаңартуды білдіріп, көпшіліктің жаңа өмірге деген ұмтылысын бейнелейді.

Таңдау кездейсоқ жасалмайды. 1999 жылдан бері «Жыл түсі» бағдарламасы макромәдени трендтерді колористика арқылы көрсетуге ұмтылады. Pantone сарапшылары саясат, өнер, сән және технология саласындағы негізгі оқиғаларды зерттейді. Ортақ түс тобын анықтаған соң, нақты реңкке тоқталады, мұнда тіпті оның атауы да шешуші рөл атқарады. «Түс атауын естіген бойда, көз алдыңызға бейне келе қалуы керек», – деп түсіндіреді институт вице-президенті Лори Прессман.

Сол себепті таңдау Cloud Dancer-ге түсті – бұл жылы және суық жартылай тондардың мінсіз тепе-теңдігі сақталған ақ түс. Прессманның айтуынша, тым таза әрі суық ақ түс табиғилық пен шынайылық туралы қажетті ойды жеткізе алмас еді.

Іс жүзінде Cloud Dancer киімдегі жеңіл, сусымалы сұлбалардан және қауырсынды еске салатын табиғи маталардан көрініс табады. Ал интерьер дизайнында ол «суықтықсыз анықтық, қатаңдықсыз құрылым» ретінде қабылданып, ағаш, тас, зығыр сияқты экологиялық материалдармен тамаша үйлеседі.

Cloud Dancer өзіне дейінгі тыныштандыратын реңктер легін жалғастырады. Бұған дейін жыл түсі болып Mocha Mousse (2025) – жұмсақ, жайлы қоңыр және Peach Fuzz (2024) – нәзік «шабдалы түбіт» таңдалған еді. Олар да күрделі кезеңдегі мамыражайлық пен жайлылыққа деген ұмтылысты бейнелеген болатын.