Йоргос Лантимос өзінің ерекше кинематографиялық көзқарасын «i shall sing these songs beautifully» фотокітабы арқылы ашты
2024 жылы Favorite және Poor Things фильмдерімен танымал режиссёр Йоргос Лантимос өзінің соңғы Kinds of Kindness фильмінің түсірілімі кезінде жаңа шығармасын — i shall sing these songs beautifully атты ерекше кітапты жарыққа шығарды.
Афинада дүниеге келген режиссёрдің ежелгі грек мифтерінен сусындап, күн шуағына шомылған табиғат аясында өскені оның әрбір туындысынан көрініп-ақ тұрады. Мансабын жарнамалар мен музыкалық бейнелер түсіруден бастағандықтан болар, визуалдық құралдары батыл, баяндауы ерекше маман ретінде қалыптасты.
Лантимостың адамдар арасындағы байланысты зерттеуден туған өзіндік көзқарасы оны қазіргі заманның ең ерекше режиссёрлерінің біріне айналдырды. Ал i shall sing these songs beautifully оның кинематографиялық стилін фотосурет арқылы ашып көрсетеді. Түгелдей аналогтық плёнкаға түсірілген суреттер жарқын, қазіргі Нью-Орлеанның атмосферасын ерекше кинематографиялық сиқырмен жеткізеді. Шиеленіс пен сұлулық үйлесім тапқан түрлі-түсті және ақ-қара фотоларда дәл осы режиссёрге ғана тән қолтаңба бар.
Ежелгі грек ақыны Сапфодан шабыт алған поэтикалық жазбалар да кітапты ерекшелей түседі. Лантимос грек мифологиясына сүйіспеншілігін бұл шығармасында тағы бір мәрте көрсетті.
i shall sing these songs beautifully — жай ғана фотосуреттер топтамасы емес, режиссёр әлеміне саяхат. Оның кинематографиялық және эстетикалық шеберлігі оқырманды шынайылық пен арман аралас ерекше әлемге жетелейді.






