Lifestyle|Arts

Диана ханшайымнан бүгінге дейін: London City Ballet Қазақстан көрерменін қалай баурамақ?

АвторыВиолетта Тельманова
18.11.2026
Фотосуретші: ASH
IMAGE Фотосуретші: ASH
Балеттің де өз жады мен тарихы, өз елестері бар. Дегенмен онда кіршіксіз қуаныш пен шаттыққа да әрдайым орын табылады

Қарашаның соңында өтетін бесінші Freedom Festival Астана мен Алматыға New York City Ballet, Paris Opera Ballet, Astana Opera әртістерін және алғаш рет London City Ballet труппасын әкелмек. Бір кездері бұл ұжымға Диана ханшайымның өзі қамқорлық жасаған еді.

Біз London City Ballet-тің көркемдік жетекшісі Кристофер Марнимен сұхбаттасып, көрерменді балеттің әр дәуіріне жетелейтін үш қойылым туралы сұрадық. Бұл кешке алдын ала дайындалып келудің қажеті жоқ – труппа барлық оқиғаны сахнада өзі баяндап береді. Марни балет көруді көрме аралаумен салыстырады: жай ғана өнер туындыларына сүйсініп, жүрегіңізге ненің және неліктен жақын екенін сезінсеңіз болғаны.

Қазақстанға әкеле жатқан бағдарламаңызда британ классикасынан бастап заманауи хореографияға дейін үш түрлі қойылым бар. Бұл жұмыстарды не біріктіреді және олар арқылы London City Ballet-тің қандай әңгімесін айтқыңыз келеді?

London City Ballet-тің тарихы – өз алдына бөлек әңгіме. Жарты ғасыр бұрын бұл труппа бүкіл Ұлыбританияны аралап, тынбай гастрольмен жүрген. Біздің қамқоршымыз болған Диана ханшайым балеттің тек астаналық сахналармен шектеліп қалмай, қарапайым халыққа да жетуін қалады. Мен сол дәстүрді жалғастырып, сонымен бірге балет өнерінің уақыт өте келе қалай өзгергенін көрсеткім келді.

Сондықтан біздің бағдарламамыз уақытқа саяхат іспетті. Кешті XX ғасырдағы ең маңызды британ хореографтарының бірі Кеннет Макмилланның туындысымен ашамыз. 1970-ші жылдары оның көркемдік тілі нағыз жаңалық болған еді. Одан кейін бүгінгі күнге – классикалық техника мен заманауи пластиканы ұштастырған Джон Ноймайердің қойылымына ауысамыз. Мұнда әсем па-де-де мен дуэттер сақталған, бірақ үйреншікті би тілі жаңаша үн қатады. Мен көрерменге классикалық балеттің бір орында қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі өнер екенін дәлелдегім келеді.

Труппаңыздың құрамы туралы толығырақ айтып берсеңіз.

Бұл – қатаң иерархиядан ада жаңа буын труппасы. Осыдан 50 жыл бұрын балет ұжымдары прима-балерина, солистер және кордебалет болып қатаң бөлінетін. Біз басқа жолды таңдадық: біздегі әр әртістің деңгейі солиске татиды, әрқайсысы сахнаға өз мінезі мен тәжірибесін алып келеді. Ұжымымызда Бразилия, Франция, Италия, Ұлыбритания және Колумбиядан келген әртістер өнер көрсетеді. Әртүрлі мектеп пен мәдениет өкілдері бір арнада тоғысқан. Олардың бәрі – қалыптасқан кәсіби мамандар, сонда да біртұтас ансамбль болып жұмыс істей алады. Дәл осы жарқын даралық пен ұжымдық рухтың үйлесімі London City Ballet-тің басты ерекшелігін айқындайды.

Фотосуретші: ASH
IMAGE Фотосуретші: ASH

Дегенмен кез келген труппада көрермен ерекше ықыласпен бақылайтын әртістер болады. London City Ballet-тің басты жұлдыздары деп кімдерді атар едіңіз?

Ең алдымен румын балеринасы Франческа Великуді айтар едім. Оның халықаралық труппаларда он жылдық тәжірибесі бар. Джон Ноймайердің Ghost Light қойылымында басты партияны дәл осы Франческа орындайды. Оның серіктесі – британ балет труппаларының бұрынғы премьері, жақында ғана Ұлттық би сыйлығына (National Dance Awards) үміткер атанған Джозеф Тейлор. Екеуінің де өзіндік айқын болмысы бар, ал сахнада олар өте тартымды дуэт құрайды.

Джон Ноймайердің Ghost Light балеті пандемия кезінде, театрлар жабылған тұста дүниеге келді. Бұл қойылым бүгін несімен өзекті?

Қазір пандемия кезін еске алғысы келетіндер аз. Бірақ мені басқа нәрсе қызықтырады: сол бір ауыр кезеңде қандай өнер туды? Ghost Light оқиғасы бос қалған театрда өрбиді. Көрермен жалаңаш қабырғаларды, ашық қалған сахна сыртын және жалғыз жарық көзі – кезекші шамды көреді. Театр дәстүрінде оны ghost light деп атайды. Театр бос тұрса да, бұл шам сахнада сөнбей жанып тұрады. Біртіндеп кеңістікке жан біте бастайды. Қараңғылықтан, бейне бір қабырғалар мен еденнің астынан шыққандай, әртістер мен театр елестері пайда болады. Әрқайсысының өз оқиғасы бар. Ол пандемия туралы естелік те, осыдан 100 жыл бұрын өнер көрсетіп, рухы әлі күнге сахна сыртында жүрген балеринаның тағдыры да болуы мүмкін. Мұнда ерекше сиқыр бар: театр өткен шақ ешқашан із-түзсіз жоғалмайтын мекенге айналады. Бұл – тіпті бәрі тоқтап қалған сәтте де өнердің өмір сүре беретіні және мәжбүрлі оқшауланудың өз мамандығымызға жаңаша қарауға үйреткені туралы әңгіме.

Фотосуретші: ASH
IMAGE Фотосуретші: ASH

Кеннет Макмилланның 1966 жылы қойылған Concerto – Second Movement балетінің мәні неде және ол бүгінге дейін неге маңызын жоғалтқан жоқ?

Бұл – өзінің қарапайымдылығымен және сұлулығымен әлі күнге дейін таңғалдыратын өте сабырлы, терең ойлы па-де-де. Макмилланды Корольдік балеттің атақты канадалық балеринасы Линн Сеймур шабыттандырған. Бірде Берлинде ол балеринаның спектакль алдында жартылай қараңғы залда станокқа сүйеніп, денесін қыздырып жатқанын көріп қалады. Осы бір қарапайым сәттен – бишінің зейінінен, қимыл-қозғалысынан, сахнаға шығуға дайындығынан болашақ хореографияның сұлбасын байқаған. Қойылым екі әртістің дайындық залына кіруімен басталады. Ер адам қолын созады, әйел оны қабыл алып, кәдімгі балет сабағындағыдай жаттығулар жасай бастайды. Тек станоктың орнына ол серіктесіне сүйенеді. Біртіндеп қарапайым жаттығулар әсем дуэтке ұласады. Мұнда күрделі сюжет те, драмалық қақтығыс та жоқ. Тек Шостаковичтің музыкасы, мінсіз классикалық техника және екі бишінің үйлесімі ғана бар. Бұл балетті уақыт сынынан сүріндірмей келе жатқан да дәл осы тазалық болар.

Эшли Пейдждің Mephisto Waltz қойылымы London City Ballet үшін арнайы жасалған жаңа жұмыс. Ол не туралы және оны Қазақстандағы гастрольдік бағдарламаға неліктен қостыңыз?

Mephisto Waltz – бұл нағыз би мерекесі. Мұнда шешімін табуды қажет ететін күрделі сюжет жоқ, есесіне шебер техника, тасыған энергия және қимылдан ләззат алу бар. Сахнаға он биші шығады, әр жұп өз мінезі мен шеберлігін паш етуге мүмкіндік алады. Жылдам пируэттер, күрделі секірістер мен әсерлі па-де-делер бірін-бірі алмастырып, көз алдыңызда өте серпінді көрініс ашылады. Көңіл-күйі мүлдем бөлек екі балеттен кейін көрерменге жеңіл көңіл-күй мен шаттық сыйлап, сахнадағы әдеміліктен жай ғана рахат алғанын қаладық.

Фотосуретші: ASH
IMAGE Фотосуретші: ASH

Көрермен бұл бағдарламаға алдын ала дайындалып келуі керек пе?

Адамдардың залға кірмес бұрын бағдарламаны оқып, қосымша ақпарат іздеп әуре болмағаны мен үшін өте маңызды. Өйткені оқиғаны жеткізу – біздің міндетіміз. Бишілеріміз көрерменді осы саяхатқа өздері жетелеп апарады, әрі бұл сапар сіз күтпегендей әсерлі болуы әбден мүмкін.

Freedom Festival 2026 билеттерін Freedom SuperApp қолданбасынан сатып алуға болады.

26 және 27 қараша, сағат 19:00 – Almaty Theatre.

29 қараша, сағат 19:00 – Astana Opera театры.