Лондон романтикалық комедия тарихындағы ең сүйкімді әрі ең олақ кейіпкерлердің бірінің бейнесін мәңгілікке қалдырды. Атақты Лестер-сквер алаңында Бриджит Джонстың тұтас бойымен жасалған қола мүсінінің тұсауы кесілді
Рәсімге кейіпкердің «өмірге әкелушісі» – жазушы Хелен Филдинг және оның бейнесін сомдаған актриса Рене Зеллвегер қатысты. The Guardian басылымының хабарлауынша, бұл шара Бриджит туралы алғашқы жарияланымның 30 жылдығына орайластырылып отыр.
Мүсіншілер кейіпкерді оның классикалық бейнесінде сомдаған: үстінде мыжылған мини-юбка мен алды ашық кардиган. Қолына өзімен және әлеммен бітпейтін күресінің символы – күнделігі мен қаламын ұстап тұр. Бриджиттің құрбысын сомдаған актриса Салли Филлипс: «Бұл мүсін бір келі де салмақ тастайтын түрі жоқ», – деп әзілдеді.
Бриджит Джонстың мүсіні Паддингтон, Гарри Поттер және Чарли Чаплиннің қатарына қосылып, «Алаңдағы көріністер» жобасының бір бөлігіне айналды. Бұл Лестер-сквердің кино мәдениеті орталығы ретіндегі абыройын одан әрі асқақтата түспек.
Рене Зеллвегер де өзінің ерекше сезімдерімен бөлісті: «Бұл шынымен де өте біртүрлі, бірақ сондай керемет». Ол өз кейіпкерін қоладан көремін деп, әсіресе көзі тірісінде, ешқашан күтпегенін мойындады. Алғашқы фильм кезінде оның басты уайымы «тек жұмыстан шығып қалмасам екен» деу болыпты.
Мүсін авторлары бірнеше қызықты астар қалдырған. Бриджиттің қолында темекі мен шараптың орнына кеңсе құралдары бар, бұл оның соңғы фильмдерде есейгенін аңғартады. Оның мүсіні сымбаттырақ болғанымен, киім үлгісі алғашқы «Күнделік» кезіндегідей.
Жанкүйерлер сондай-ақ кардиганның астынан белбеудің үстіне сәл төніп тұрған «шынайы» ішті де байқап қалды. «Енді жанкүйерлер оны сәттілік үшін сипамай ма?» деген сұраққа Зеллвегер қатты қуанып: «Керемет емес пе! Мүмкін, бәріміз барып, ішін сипап қайтармыз?» – деп жауап берді.
