Швейцарияның Базель қаласында жыл сайынғы Art Basel халықаралық заманауи өнер жәрмеңкесі ашылды. Биылғы шараға 43 мемлекеттен 290 галерея қатысып отыр.
Жәрмеңкенің алғашқы күнінде-ақ Hauser & Wirth галереясы Пабло Пикассоның 1963 жылы салынған «Пейзаждағы суретші және оның моделі» (Le Peintre et son modèle dans un paysage) картинасын 35 миллион долларға сатты. Бұл туралы Artsy халықаралық онлайн-платформасы мәлімдеді.

Hauser & Wirth президенті Иван Вирттің айтуынша, бұл – галереяның Art Basel тарихындағы ең табысты күндерінің бірі.
Пикассоның туындысынан бөлек, жәрмеңкеде басқа да ірі сауда келісімдері жасалды. Мәселен, GRAY галереясы Дэвид Хокнидің «Студия интерьері №2» (Studio Interior, No. 2) жұмысын 8,5 миллион долларға сатса, Gagosian галереясы Виллем де Кунингтің «Атаусыз» (Untitled) картинасын Азиядан келген жеке коллекционерге жеті таңбалы сомаға табыстады.
Биылғы Art Basel аясында Basel Exclusive атты жаңа бастама да таныстырылды. Бұл бағдарлама аясында елеулі өнер туындыларын жұртшылық назарына алғаш рет осы жәрмеңкеде ұсынған галереяларға арнайы қолдау көрсетіледі. Пабло Пикассоның тағы бір картинасы дәл осы бағдарлама аясында сатылды, оның құны шамамен 6–6,5 миллион долларға бағаланып отыр.
