Lifestyle|Arts

Art Basel 2026 қорытындылары: Хокни туындылары үшін тартыс, нарықтың өзгеруі және коллекционерлердің жаңа буыны

АвторыПолина Егармин
23.06.2026
Дэвид Хокни өз шеберханасындағы көше көрінісі бейнеленген картинаның алдында, 1980 жыл | Susan Wood / Getty Images
IMAGE Дэвид Хокни өз шеберханасындағы көше көрінісі бейнеленген картинаның алдында, 1980 жыл | Susan Wood / Getty Images
Әлемнің басты арт-жәрмеңкесі – Art Basel 2026 биыл рекордты көрсеткіштерімен ерекшеленді. Алғашқы күндегі рекордтық сатылымдар, Дэвид Хокнидің туындыларына деген үлкен сұраныс және коллекционерлердің жаңа буынының келуі – өнер нарығындағы маңызды өзгерістерден хабар береді. Бұл жайттар цифрлық арт дәуірінің өтіп кеткенін дәлелдейді. Ендігі арт-нарық – смартфон экранынан сурет таңдау емес, туындыны өз көзімен көріп, онымен тікелей және жанды байланыс орнатуға негізделген жаңа кезеңге қадам басты

Өнертанушы, Lumiere-Hall мұражайы мен 16х9 Studio негізін қалаушысы Полина Егармин Базельдегі жәрмеңкенің басты қорытындыларына жан-жақты талдау жасап, жаһандық арт-нарықтың даму бағыты қалай өзгергенін Tatler Kazakhstan оқырмандары үшін арнайы түсіндіріп берді.

Полина Егармин | Жеке мұрағатынан
IMAGE Полина Егармин | Жеке мұрағатынан

Швейцарияның Базель қаласындағы маусым айы – әлемдік өнер элитасы бас қосатын ерекше уақыт. Мұндағы атақты Cheval Blanc мейрамханасында орын табу үшін үстелдерді бір жыл бұрын брондау қажет. Алайда биыл Messe Basel көрме орталығындағы атмосфера бұрынғы жылдармен салыстырғанда мүлде бөлек, ерекше бір қуатқа толы болды.

Бұған дейін Art Basel мен UBS-тің жыл сайынғы есебінде әлемдік нарықтың болашағына деген сенімсіздік басым еді. Инвесторлар ақша жұмсаудан тартынып, «күту» позициясында болатын. Ал биылғы жәрмеңке сол күмәннің сейілгенін көрсетті. Өнер әлеміндегі қаржылық есептер мен теориялар ақыры шындықпен бетпе-бет келді. Әлемдегі басты арт-жәрмеңкенің алғашқы күндері жаһандық өнер нарығының әлі де тірі екенін, бірақ оның ережелері мен сипаты мүлде өзгергенін дәлелдеп берді.

Пикассоның картинасы 35 миллион долларға сатылды

Жәрмеңкенің алғашқы күні-ақ Hauser & Wirth галереясы Пикассоның 1963 жылғы Le peintre et son modèle dans un paysage картинасын 35 миллион долларға сатып үлгерді. Пикассоның өмірінің соңғы жылдарында салынған бұл туынды – жоғары бағаланатын коллекциялық дүние. Оның ізінше Сай Твомбли мен Луиза Буржуаның туындылары да миллиондаған долларға сатылды. Галерея президенті Иван Вирт бұны «тарихымыздағы ең табысты күндердің бірі» деп бағалады.

Пабло Пикассо | Le peintre et son modèle dans un paysage, 1963 | Acquavella Galleries
IMAGE Пабло Пикассо | Le peintre et son modèle dans un paysage, 1963 | Acquavella Galleries

Дегенмен, миллиондаған долларға сатылған картиналар – тек айсбергтің ұшы ғана. Оның артында нарықтағы әлдеқайда терең өзгерістер жатыр.

Basel Exclusive эксперименті: интернеттен бас тарту

Биылғы жәрмеңкенің ең басты жаңалығы – Basel Exclusive атты бастама. Оның мәні мынада: галереяларға басты туындыларды жәрмеңке ашылмай тұрып, интернетке (онлайн-каталогтарға) жариялауға тыйым салынды.

Ұйымдастырушылар неліктен мұндай қадамға барды? Себебі соңғы жылдары бай коллекционерлер өнер туындысын интернеттегі PDF-каталогтардан көріп, смартфон арқылы жайбарақат сатып алатын болған. Ал ұйымдастырушылар осы «диваннан сатып алу» мәдениетін түбімен жойып, жәрмеңкеге физикалық түрде келудің маңыздылығын қайтаруды көздеді. Нәтижесінде, VIP-превью ашылған алғашқы минуттарда қонақтар көрме залына жүгіре кіріп, туындыны өз көзімен көру үшін бәсекелесті. Бұл – өнерді жай ғана тауар емес, «тәжірибе» ретінде сезіну мәдениетінің қайта оралуы деген сөз.

Келушілер Art Basel 2026 баспасөз көрсетілімінде Андреас Гурскидің Ocean VI туындысын тамашалауда | Harold Cunningham / Getty Images
IMAGE Келушілер Art Basel 2026 баспасөз көрсетілімінде Андреас Гурскидің Ocean VI туындысын тамашалауда | Harold Cunningham / Getty Images

Өнерді тамашалау – ол жай ғана көзбен көру емес, ол – бояудың иісін сезу, көршіңіздің парфюмін сезіну және жаныңыздағы адаммен бірге сол сәтті бөлісу. Офлайн-тәжірибе қайтадан ең қымбат дүниеге айналуда.

Жәрмеңкенің басты құбылысы: Хокни эффектісі

Жәрмеңкенің басты «кейіпкері» – жақында ғана ортамыздан кеткен ұлы суретші Дэвид Хокни болды. Оның өнеріне деген сағыныш арт-нарықтағы бағаның аспандап кетуіне алып келді. Хокнидің картиналары қойылған әрбір стендте коллекционерлер мен арт-эдвайзерлер (өнер сатып алу бойынша кеңесшілер) топталып, кезекте тұрды.

Дэвид Хокни | Dan Kitwood / Getty Images
IMAGE Дэвид Хокни | Dan Kitwood / Getty Images

Оның туындыларын сатып алу қазір тек өнерге инвестиция құю емес, тарихтың бір бөлшегін иелену деген сөз. Қызығы сол, өмір бойы өнердегі ақша диктатурасына қарсы шыққан Хокнидің өзі қазіргі капиталистік арт-нарықтың ең басты «жұлдызына» айналды. Оның туындысын сатып алу – инвестицияның ең сенімді түрі болып саналады (яғни «көгілдір фишкалар» деп аталатын, акция нарығындағы бағасы түспейтін ірі компаниялар сияқты, өте тұрақты актив).

Сатып алушылар өзгерді ме?

Нарықтағы өзгерісті тек сатылым сомасынан емес, сатып алушылардың бейнесінен де көруге болады. Базель дәліздерінде миллениалдар мен зумерлердің саны артты. Олар – өнерге жаңаша қарайтын, цифрлық әлемде өссе де, физикалық туындының құнын жоғары бағалайтын адамдар. 

Art Basel | Getty Images
IMAGE Art Basel | Getty Images

Есесіне, Азиядан келетін коллекционерлердің қатары сиреген. Бұл – пандемиядан кейін нарықтың өзіндік аймақтарға бөлінгенін (яғни европалық коллекционерлердің қайтадан басымдыққа ие болғанын) көрсетеді.

Жас галереялар нарықта өз орнын табу үшін күресуде

Gagosian немесе Hauser & Wirth секілді алып галереялар ең қымбат туындыларды бірінші күні-ақ сатып болды. Олар үшін еш бәсекелестік жоқ – олардың клиенттері мұражайлық құндылығы бар дүниелерді іздейтін өте бай адамдар. Ал жас галереялар үшін жағдай қиынырақ.

Gagosian галереясы | Scott Gries / Getty Images
IMAGE Gagosian галереясы | Scott Gries / Getty Images

Statements секциясы (жас галереяларға арналған бөлім) биыл неміс тілді елдерден келгендерге толы болды. Олар үшін бұл жәрмеңкеге қатысу – үлкен тәуекел. 40 шаршы метрлік стендті жалға алу үшін олар бір жыл бойы қаражат жинайды. Бірақ бұл – олардың халықаралық сахнаға шығатын жалғыз жолы.

Қорытынды: Базель әлі де өнердің астанасы болып қала береді

Art Basel 2026 негізгі қорытындысы – пандемия кезіндегі «ендігі заманда тек интернет арқылы өнер саудалаймыз» деген иллюзиялардың сейілуі. Адамдар қайтадан бір-бірінің көзіне қарап, картинаның шын мағынасын ұғынып сауда жасауға оралды. Жасанды интеллект басып бара жатқан әлемде, суретшінің кенептегі әрбір жанды бояу жағындысы біздің адам екеніміздің, шынайы екеніміздің ең басты дәлелі болып қалды.

Art Basel | Getty Images
IMAGE Art Basel | Getty Images