ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-трилогиясы бұрыннан-ақ әдебиет классикасы болып саналады. Бұл шығарма желісімен талай театр қойылымы сахналанды. Алайда оны балет тілінде әлі де ешкім сөйлетіп көрген жоқ.
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры өзінің 93 маусымын «Ақбала» балетінің премьерасымен ашады. Қоюшылар тобы хореография тілі арқылы кейіпкерлердің ішкі жан дүниесін, олардың қайғысы мен үмітін жеткізуге тырысқан. Трилогия авторының өзі Арал өңірінен шыққандықтан, спектакльде Арал қасіретіне ерекше назар аударылған. Теңіз, ана махаббаты, қираған шаңырақ пен өтіп бара жатқан өмір бейнелері маңызды символға айналады. Осылайша сахнада кейіпкерлердің жеке тағдыры тұтас бір дәуірдің трагедиясымен астасып жататын көпқабатты әлем құрылады.

Балеттің хореограф-қоюшысы Аршак Галумян 2004 жылдан бері Берлинде жұмыс істейді. Ол ұзақ жылдар бойы Берлин мемлекеттік балетінің солисі болды. Ал қазір Berlin Ballet Company ұжымының тең директоры қызметін атқарады.


«Мен үнемі жаңа дүние іздеп жүремін. Бұл ретте мәдениет пен халық фольклоры ең дұрыс бағыт дер едім. Көрермен мүлдем басқа әлемге еніп, түрлі эмоцияны бастан кешіреді. Маған кейіпкерлердің тарихы мен ішкі сезімін бүгінгі күннің призмасы арқылы көрсету өте қызық болды».
Айта кетейік, Аршак Галумяннің балет өнеріне деген заманауи көзқарасы шынымен де ерекше. Мәселен, ол Berlin Ballet Company әріптестерімен бірге A Techno Ballet Odyssey, яғни техно-балет қойған. Қойылым алғаш рет Сербияда таныстырылып, кейін Берлин, Баден-Баден және Кёльн сияқты неміс сахналарында жалғасын тапты.
Сондықтан «Ақбала» балетінің қандай болып шыққанын көру тіпті қызық. Қойылымды сахналауға келесі мамандар да атсалысты:
Композитор: Аружан Октябрь
Қоюшы дирижер: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов
Либретто авторы: Шынар Омарова
Бас хормейстер: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлия Темірбекова
Сценограф: Элеонора Перонетти (Италия)

«Ақбала» балетінің премьерасы 12 және 13 қыркүйекте өтеді. Билеттер сатылымға шығып үлгерді.
