Lifestyle|Arts

20 жыл бойы салынған Абу-Дабидегі Гуггенхайм мұражайы ашылғалы жатыр

АвторыTatler Kazakhstan
29.07.2026
Guggenheim ресми сайты
IMAGE Guggenheim ресми сайты
Абу-Дабидің Мәдениет және туризм департаменті Саадият мәдени ауданындағы Гуггенхайм мұражайының ашылу күнін ресми түрде жариялады. Алғашқы келушілер зәулім ғимараттың табалдырығын 2026 жылдың 11 желтоқсанында аттай алады

Бұл ауқымды жобаның іргетасы сонау 2006 жылы қаланған болатын. Мұражай кешені – былтыр өмірден өткен атақты сәулетші Фрэнк Геридің ең соңғы әрі ең ғаламат туындысы.

Жаңа ғимарат әлемдегі Гуггенхайм желісінің ең үлкен мұражайы болмақ. Қолдан жасалған түбекте бой көтерген кешеннің жалпы аумағы 80 мың шаршы метрге жетеді. Оның ішіндегі 11,6 мың шаршы метрді алатын 30 галереяда 1960 жылдардан бастап қазіргі кезге дейінгі өнер шеберлерінің туындылары қойылады. Ал алып инсталляциялар үшін далада арнайы 23 мың шаршы метрлік көрме алаңы жасақталған.

Ғимараттың басты сәулеттік ерекшелігі – дәстүрлі араб стилінен шабыт алған конус пішінді он мұнара. Оның тоғызы болат тормен қапталса, биіктігі 88 метрге жететін оныншы мұнара оникс тасы мен шыныдан тұрғызылған. Жоба авторларының айтуынша, бұл жай ғана әдемілік емес: мұндай құрылым ғимаратты күннен қорғап, табиғи желдетуді қамтамасыз етеді. Бұл өз кезегінде аптап ыстықта электр қуатын айтарлықтай үнемдеуге таптырмас шешім.

Мұражай көрмесіне әлемге әйгілі суретшілердің ғана емес, Батыс Азия, Солтүстік Африка және Оңтүстік Азия авторларының да жұмыстары қойылады. Мұндағы басты мақсат – осы аймақтың төл өнерін әлемге таныту.

«Гуггенхаймның ашылуы – Абу-Дабидің мәдени өміріндегі тарихи сәт», – дейді әмірліктің Мәдениет және туризм департаментінің төрағасы Мохамед Халифа Аль Мубарак. Осылайша жаңа мұражай Саадият мәдени кластеріндегі төртінші әрі қорытынды нысан болмақ. Айта кетейік, қазір бұл ауданда Абу-Даби Лувры, Зайд ұлттық мұражайы және Табиғи тарих мұражайы жұмыс істеп тұр.