Нағыз мінсіз интерьер үлгілері жалаң трендтер мен пинтересттегі дайын мудбордтарға қарап жасалмайды. Ол әрдайым дизайнер мен үй иесі арасындағы ұзақ әрі шынайы қарым-қатынасының жемісі. Бұл тек құрылыс барысындағы талқылау емес, адамның жан дүниесін түсінуге бағытталған процесс. Камиля Жақыпованың қолынан шыққан Алматыдағы бұл жоба дәл осындай шығармашылық үндестіктен туған.

Алматыдағы Esentai City кешенінде орналасқан 240 шаршы метрлік бұл пәтер жайлы Жақыпова былай дейді: «Біз құрғақ декорация қуалаған жоқпыз. Бұл нағыз жайлылықты бірге іздеген ортақ саяхатымыз болды». Пәтер иесі – ішкі еркіндігі мен жан тыныштығын бәрінен жоғары қоятын жан. Бұған дейін ол неоклассика, прованс және суық минимализм стиліндегі үйлерде тұрып көрген. Алайда бұл жолы оған өткінші сәнге тәуелді емес, қоршаған ортамен үйлесім тауып, бойға жылулық пен жеңілдік беретін кеңістік қажет болды.


Тапсырыс берушінің басты шабыт көзі – мұхит тұңғиығы. Ол дизайнерге көк киттермен бірге жүзген сәті өмірін қалай өзгерткенін айтып берген екен. Алып табиғаттың алдында адамның соншалықты кішкентай бөлшек екенін сезіну оған қатты әсер еткен. Сондықтан ол табиғаттың сол бір тылсым тыныштығын қайнаған қаланың ортасындағы өз үйінде қайта жаңғыртқысы келді.

Үйдің негізі басынан-ақ қатаң минимализмге құрылған болатын. Ендігі басты міндет – сол қатаң құрылымды жұмсартып, адамды бейне бір жылы ұядай орап алатын табиғи элементтермен толықтыру еді. Осы мақсатта Жақыпова кеңістік табиғатқа өктемдік жүргізбей, онымен бір тұтас болып бірігіп кететін балилік дизайн сарынына жүгінді. Нәтижесінде, бұл жаңа үйдің табалдырығын аттаған сәттен-ақ өзіңізді әлемнің ең бір тыныш, қауіпсіз бұрышына тап болғандай сезінесіз.

Мұндағы ең басты шешімдердің бірі – барлық бөлмелерге қолмен жағылған декоративті сылақ. Ол бүкіл үйге ортақ тұтастық беріп тұр. «Бұл сылақ табиғи жарықпен әдемі ойнап, кеңістікті одан сайын аша түседі», – дейді дизайнер. Бұған қоса, дәстүрлі шыны қалқалардан бас тартып, оның орнына микроцементпен қапталған қабырғалар тұрғызылды. Ол үй иесін артық шудан қорғап, ішкі гармонияға жетелейтін байсалды орта қалыптастырды.


«Біз интерьердің стерильді, жансыз болып көрінгенін қаламадық. Материалдардың бойында тіршілік демі, адамның қолтаңбасы сезіліп тұруы керек еді».
Бұл ретте ағаштың рөлі ерекше: оның бұдырлы беті мен табиғи құрылымы табиғатпен тікелей диалог құрып тұрғандай. Интерьердегі құм мен саз реңктері, бәсең жасыл мен беж түстерінің ұшқыны Қазақстанның қақ ортасында орналасқан пәтерге ерекше мамыражай, бейбіт атмосфера сыйлайды.

Зығыр мен мақтадан тоқылған бұйымдар бөлмелерге көлем берсе, жергілікті қолөнершілер жасаған бұйымдар үйдің тактильді байлығын арттырады. Әсіресе, отбасы мен қонақтар жиналатын аймақтарда осы детальдар үйге ерекше жан бітіріп, ойнақылық сыйлайды.


«Бұл жоба маған интерьер дизайнының жай ғана әдемі жиһаздар емес, ең алдымен адамның ішкі жай-күйінің айнасы екеніне көзімді жеткізді», – дейді Камиля Жақыпова.
«Мегаполистің қайнаған тас шаһарында да жан тыныштығы мен ішкі тепе-теңдікке құрылған өз оазисіңді жасауға әбден болады».

