Бұл бірегей туынды туралы 22 миллионнан астам оқырманы бар танымал Art Daily Dose Instagram-қауымдастығы жазды. Басылым автордың ең маңызды сәтті – адамдардың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жан-жануарды құтқару үшін «тірі шынжыр» болып тізілген сәтін асқан дәлдікпен жеткізе алғанын атап өткен.
Бұл жазба санаулы уақыт ішінде ондаған мың лайк пен мыңдаған пікір жинады. Желі қолданушылары бұл туындыны «көз тартарлық» әрі «шын мәнінде лайықты» жұмыс деп атаса, оқиғаның өзін шынайы адамгершілік пен өзара көмектің жарқын үлгісі деп бағалауда.
Пікір қалдырушылар мұндай игі істер адамның жақсылыққа деген сенімін оятып, бейтаныс жандар біріккенде не нәрсеге қауқарлы екенін көрсететінін жазуда. Тіпті кейбір шетелдіктер осындай бауырмалдығы үшін Қазақстанды «жер бетіндегі ең керемет мекен» деп атап үлгерді.
Architect and Design дейтін енді бір танымал басылымның парақшасындағы жарияланған жазба да миллиондаған қаралым мен жүздеген мың лайк жинап, үлкен танымалдылыққа ие болды.
Айта кетейік, бұл арт-нысан 18-ші наурызда Үлкен Алматы өзенінің арнасына жақын жерде орнатылды. Ол 2016 жылы болған нақты оқиғаны бейнелейді: сол кезде суға құлап кеткен итті құтқармақ болған иесі өзі де шыға алмай қалған болатын. Сол маңнан өтіп бара жатқан кездейсоқ жолаушылар еш ойланбастан қол ұстасып, «тірі шынжыр» құрып, екеуін де аман алып қалған еді. Құтқару сәті түсірілген бейнежазба сол кездің өзінде желіде миллиондаған қаралым жинап, көптің жүрегін жаулаған болатын.
