Қаланы қалай жайлы әрі керемет етуге болады? Жыл сайын урбанистер, сәулетшілер мен қала тағдырына бейжай қарамайтын жандар осы мәселе төңірегінде бас қосады. Алексей бұл сұраққа өте нақты, бірақ көпшілікті шабыттандыра қоймайтын жауап берді.
«Қаланы мінсіз ететін дайын формула жоқ. Жалпы, заманауи сәулет теориясы да қарапайым ғана шындықты алға тартады: қалалардың қандай заңдылықпен дамитынын ешкім толық түсінбейді. Бір нәрсе анық – олар үнемі өзгеріп отырады, бірақ бұл өзгерістердің мәнін тек оқиға болғаннан кейін ғана түсінуге болады. Қаланың келбетін алдын ала жоспарлап қою – бос әурешілік. Өйткені бұл процеске әсер ететін факторлар тым көп».

«Менің нақты білетінім – Алматы көп орталықты, яғни полицентристі қала болуы тиіс. Иә, бұл қазір бәрінің аузында жүрген сәнге айналған сөз, бірақ оның нақты нәтиже беретіні рас. Бүгінгі таңда тек «алтын шаршыны» ғана қала орталығы деп санау – үлкен қателік, – дейді Алексей. – Біз қазір қаланың қалай дамитынын айқын көрсететін бірнеше ірі жобаны қолға алдық. Дәл қазір «Нұрлы Тау» кешенінде отырмыз, ал сәл төменіректе біз жаңа саябақ салдық. Одан жоғары, Ганди көшесінің қалған бөлігінде тағы бір қызықты мәдени жоба бой көтермек. Бір-екі жылдан кейін бұл жер халық көп жиналатын мықты орталыққа айналады. Одан жоғарырақ Нұрлан Еркебұланұлы салған мұражай орналасқан. Оның үстінде де саябақ ашылады.
Осылайша, нағыз жаяу жүргіншілерге арналған аудан қалыптасып, керемет орта пайда болады. Бұл – көлікті мүлдем қолданбай-ақ өмір сүруге, жұмыс істеуге, уақыт өткізуге болатын кеңістік. Бұл аумақ шамамен Марков көшесінде – біз Vesper тұрғын үй кешенін салып жатқан жерде аяқталады. Аудан осылайша біртұтас экожүйеге айнала бастайды. Сонымен бірге Розыбакиев көшесінде өзіндік мінезі бар, сәл биігірек жаңа аудан бой көтеруде. Тағы бір жобаны сәл солтүстікке қарай жасап жатырмыз. Яғни дербес қалалық орталықтардың тұтас желісі құрылуда. Идеясы өте қарапайым: мұндай ауданнан пәтер алғанда, барлығы – яғни кеңсе, бизнес, мейрамханалар, дәмханалар, түрлі сервистер бәрі қол созым жерде болмақ. Күн сайын көлікке отырып, қаланың бір шетінен екінші шетіне сабылудың қажеті жоқ. Лондон да, Токио да дәл қазір осылай, яғни оқшауланған орталықтар жүйесі арқылы өсіп жатыр. Мен Алматыны дәл осындай қала ретінде көремін».

«Қаланы аудандар арқылы дамыту – өте тартымды әрі қисынды идея. Мейлі ол тұрғын үй, мейлі кеңсе болсын, кез келген ауқымды жоба айналасын түбегейлі өзгертіп, бүтіндей бір ауданның жаңаруына түрткі болады. Бұл кәдімгі «Бильбао эффектісі»: бір жарқын жоба басқаларының пайда болуына жол ашады. Бірақ бұл тәсіл тек бұрын халық тығыз қоныстанбаған немесе дамымаған аудандарға ғана жарайды. Ал қала орталығында, әсіресе бәріміз жақсы көретін «алтын шаршыда» мұндайды елестету мүмкін емес. Өкінішке қарай, орталық жыл жылдан даму тұрғыдан өліп барады.
Бұл жағдайды қалай өзгертуге болатыны туралы ойларым бар, бірақ оған қала билігі мен мүлік иелері бірлесе күш салысулары тиіс. Барлығы дерлік бағынатын ортақ заңдар мен бірыңғай ережелер еңгізу керек. Мысалға, балкондарды жаппай әйнектеп жаба беруге болмайды – нақты шектеулер қажет. Ортаның біртұтас болуы үшін, бірінші қабаттарға өте қатаң дизайн-код енгізген жөн.
Сонда ғана бәрі ретке келе бастайды. Орталыққа визуалды тәртіп ауадай қажет. Дегенмен тамаша мысал да жоқ емес: Жамбыл – Назарбаев қиылысындағы қасбеттерді қайта жаңарту жұмыстары. Осы мысалды бағдар етіп алып, орталықты дәл осы бағытта жаңартса, керемет болар еді. Бұл пәтерлердің де, коммерциялық нысандардың да, жалпы ортаның да құнын күрт арттыра түседі».
Қазір бәріміз медиа әлемде өмір сүріп жатырмыз, бұл – бұлжымас шындық. Бұл тек адамдар мен жобаларға ғана емес, жалпы барлық нәрсеге, соның ішінде сәулет пен дизайнға да тікелей қатысты. Қалаға алуан түрлі жобалар, соның ішінде экскурсияға баруға, сол ғимаратқа жұмысқа тұруға немесе қандай да бір байланыс орнатуға құштарлық оятатын нағыз «рок-жұлдыз» ғимараттар керек».
Алексей мұны да дамудың тиімді тәсілі деп санайды: «Нұрлан Смағұлов пен Қайрат Боранбаевтың бірлесіп жасаған жобасы қандай керемет нәтиже бергенін қарашы. Бар-жоғы екі мәдени орын ашу арқылы олар бір жылдың ішінде қала тұтынушысын түбегейлі өзгертті. Сәнді дүкеннің фонында суретке түсіп жатқан жасөспірімдерді, қыздарды көрдің бе? Ал өнер туындыларының фонында ше? Қазір өнерді таңдайтындардың қатары көбейді. Бұл ғажап қой, сондықтан қаланы өзгертудің жалғыз жолы осы шығар деп ойлаймын». Графикалық дизайнер Роберт Л. Питерстің «Дизайн мәдениетті жасайды, мәдениет құндылықтарды қалыптастырады, ал олар өз кезегінде болашақты айқындайды» деген қанатты сөзі бар еді. Бұл қағиданы сәулет өнеріне де қолдануға болады».

Алексей Ивженко бюродағы сәулет бағытына жауап берсе, оның қарындасы әрі бас серіктесі Олеся интерьер дизайны бөлімін басқарады. Олардың айтуынша, қалада мәдени із қалдыру қаншалықты жағымды болғанымен, бұл бәрібір екінші кезектегі міндет. Олардың басты мақсаты – визуалды шуы аз, ең бастысы, қызметі мінсіз орындалатын сапалы кеңістік құру. Айтпақшы, бұл кеңсе кеңістіктеріне де қатысты – мысалы, Basire жасаған Yandex Kazakhstan жобасы. Креативті индустрия өкілдері бұл кеңсені адам жұмыс істегісі келетін тамаша орын ретінде жиі мысалға келтіреді. Жаңарған Көк базар ғимараты да осындай тағы бір «рок-жұлдызға» айналуы әбден мүмкін. Қала тұрғындары көп баратын осынау танымал орынды қайта құру жобасын да Алексей мен оның командасы жасап шыққан. Оның нәтижесі қандай болатынын осы жылы көруіміз керек.
«Базармен жұмыс істеудегі негізгі идея – оның тарихи келбетін сақтап қалу, сонымен бірге бараз жанындағы заңсыз сауданы жою болды. Біз жобаны аяқтап, иелеріне тапсырдық. Менің білуімше, олар бізден кейін тағы бір мамандарды тартқан. Біз қарапайым ереже бойынша жұмыс істейміз: егер бірдеңені қайта жасау керек болса, ол бөлек жұмыс саналады және оған бөлек ақы төленуі тиіс. Бұлай жұмыс істеуге бәрі бірдей үйрене қоймаған. Көпшілігі сәулетші шексіз тегін жұмыс істей беруі керек деп ойлайды. Дегенмен, біз құрылыс барысын мұқият бақылап отырмыз, өйткені маған оның нәтижесі қандай болып шығатыны өте қызық», – дейді Алексей.
Сәулетші мамандығы жұрттан ерекшеленіп тұру үшін батылдықты талап етеді, ал бұл – қошеметке бөленіп қана қоймай, ауыр сын соққысын да қабылдай білу деген сөз. Алексейдің мұндай тәжірибені өз басынан өткізген – мысалы, Қаңтар оқиғасына арналған мемориал жобасы. Алексей тіпті сәулетші әріптестерінің өздері де оны бұл жобаға қатысты қатты сынайтыны туралы өте жақсы білетінін жасырмайды.
«Бізді жақсы көрмейтіндер өте көп. Неліктен екенін толық түсінбеймін, бірақ бізді «сатылғыш» деп санайтындар бар. Иә, мүмкін солай да шығар - мұнда 70 адам еңбек еткендіктен, біз ақша тапқанды қатты жақсы көреміз. Яғни мұндағы әркім жалақы алғысы келеді. Мен күн сайын жаңа жобалар іздеумен айналысатынымнан еш ұялмаймын. Күн сайын. Меніңше, бізді ірі мемлекеттік жобаларға белсенді қатысып, шенеуніктермен тығыз жұмыс істегеніміз үшін де жақтырмайтын сияқты. Қазір сәулетшілер екі түрге бөлінеді. Кейбірі тек тұрақты жобалар беріп отыратын нақты бір шенеуніктер тобымен ғана жұмыс істейді (бірақ дәл осындай жобалардың арқасында біз жаңа қалалық саябақ салып шықтық). Ал екіншілері өздерін әлдеқайда адал, әділетті санап, ондай жобаларға мүлдем жоламайды. Ал біз болсақ, осы екі бағытты да қатар алып жүруге тырысамыз. Иә, екі кеменің басын бірдей ұстауға тырысамыз. Және, шынымды айтсам, маған бұл тәсіл қатты ұнайды».
