Homes|Architecture & Design

Milan Design Week 2026: сән брендтері не ұсынды?

АвторыЛилия Шабутдинова
21.04.2026
Elie Saab | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Elie Saab | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Жылына бір рет Милан әлемдік сән астанасынан жаһандық дизайн орталығына айналады. Әр сәуір сайын мұнда Salone del Mobile жиһаз көрмесінің айналасында қалыптасқан Milan Design Week шарасына әлемнің түкпір-түкпірінен брендтер мен кәсіби мамандар жиналады. Алғашқы экспозициядан бері өткен 65 жыл ішінде бұл шара тек дизайнерлік жиһаз көрсетілімі ғана емес, сән үйлерінің де ықпалы айқын сезілетін ауқымды алаңға айналып үлгерді

Соңғы жылдары сән үйлері дизайн апталықтарына барған сайын белсенді қатысып келеді. Брендтер үшін бұл – киім шеңберінен шығып, өз болмысын заттық әрі кеңістіктік дизайн – жиһаз бен интерьер инсталляцияларынан бастап, иммерсивті жобаларға дейінгі форматта таныту мүмкіндігі. Бұл материалда біз Milan Design Week 2026 көрмесіндегі сән брендтері ұсынған ең қызықты кейстерді жинақтадық.

Jil Sander

Jil Sander мен Apartamento баспасы Reference Library инсталляциясын таныстырды. Мұнда танымал сәулетшілер, режиссерлер, жазушылар мен өзге де шығармашылық өкілдері таңдаған 60 кітаптан тұратын топтама жинақталған. Әр туынды олардың кәсіби жолының қалыптасуына айтарлықтай әсер еткен. Таңдау жасағандардың арасында Jil Sander-дің креативті директоры Simone Bellotti, дизайнер Jasper Morrison, музыкант Lykke Li, режиссерлер Celine Song мен Sofia Coppola, сондай-ақ суретшілер Ronan Bouroullec пен Rirkrit Tiravanija бар.

Jil Sander ресми сайты
IMAGE Jil Sander ресми сайты

Gucci

Gucci сән үйінің жаңа креативті директоры Demna Gvasalia биылғы Milan Design Week көрмесінде брендтің 105 жылдық тарихын Sandro Botticelli кескіндемесіне негізделген гобелендер сериясы арқылы қайта зерделеді. 12 гобеленнің әрқайсысы Gucci-дің даму кезеңдерін баяндайды: негізін қалаушы Guccio Gucci-дің Лондондағы Savoy қонақүйінде шабарман болып жүріп, жол аксессуарларын жасау идеясына қалай келгенінен бастап, Bamboo 1947 және Jackie 1961 сияқты аңызға айналған сөмкелердің шығу тарихына дейін қамтылған. Сондай-ақ мұнда Tom Ford, Frida Giannini, Alessandro Michele және Sabato De Sarno сияқты креативті директорлардың дәуірі де бейнеленген.

Gucci ресми сайты
IMAGE Gucci ресми сайты

Issey Miyake

Issey Miyake-дің Миландағы дүкенінде дизайн апталығы аясында The Paper Log: Shell and Core көрмесі өтуде. Қолдан жасалған жиһаздар топтамасына нығыздалып спрейленген қағаз орамдарынан («қағаз бөренелер» – paper logs) құрастырылған орындықтар, үстелдер мен сәкілер енген. Бұл орамдар – Issey Miyake-нің фирмалық плиссировка (матаны қатпарлау) технологиясынан қалған қалдықтар. Бұл материалды жиһазға айналдыру идеясын бас дизайнер Satoshi Kondo ұсынған. Ол өндіріс орнында болып, қағазды қоқысқа тастамай немесе қайта өңдеуге жібермей, екінші өмір сыйлауды жөн көрген. Инсталляция испаниялық Ensamble Studio сәулет студиясымен бірлесіп жасалды.

Elie Saab

Ливандық сән үйі италиялық Impatia студиясымен бірігіп, күңгірт қоладан жасалған стильді бильярд үстелін таныстырды. Оның берік қаңқасы шеберлердің қолымен соғылған, ал бүйірлері қола реңкті қатпарлы шыны панельдермен толықтырылған. Бұл үстелге әрі мықтылық, әрі талғампаздық сыйлайды. Үстел жиектері италиялық сапалы былғарымен қапталса, үстіңгі бөлігіне Elie Saab-тың өзі таңдаған сирек кездесетін Patagonia мәрмәрі орнатылған.

Elie Saab | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Elie Saab | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Marni

Marni бренді үш айға Миландағы 1930-жылдары негізі қаланған әйгілі Pasticceria Cucchi кондитерлік дүкенін өз иелігіне алды. Жоба үшін RedDuo Studio интерьер студиясы Marni стиліндегі арнайы ыдыс-аяқтар мен түрлі детальдарды – шахмат тақталарынан бастап қант салынған шағын қалташаларға дейін жасап шығарды. Таңертеңгілік капучино мен эспрессодан бастап, күндізгі коктейльдерге дейін қамтылған бұл мәзір Миланның дәстүрлі аперитив мәдениетінен сыр шертеді.

Marni ресми сайты
IMAGE Marni ресми сайты
Marni ресми сайты
IMAGE Marni ресми сайты

Dior

Dior мен француз дизайнері Ноэ Дюшофур-Лоранспен бірлестікте жасаған жаңа Corolle шамдарын таныстырды. Шамдардың абажуры Мурано шеберлерінің дәстүрі бойынша үрленген шыныдан жасалған. Оның пішіні матаның қатпарлануын елестетіп, шамға жеңілдік пен нәзіктік сыйлайды. Ал басқа модельдер өру өнеріне арналған: мұнда мадаке бамбугі қолмен өріліп, Dior сән үйінің фирмалық Cannage геометриялық оюын құрайды. Бұл өрнек Christian Dior-дың 1947 жылғы алғашқы көрсетілімінде қолданылған француз императоры Наполеон III дәуіріне тиесілі орындықтардың өрілуінен шабыт алған.

Dior | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Dior | Баспасөз қызметінің мұрағаты
Dior | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Dior | Баспасөз қызметінің мұрағаты