Сәулет туындысын шын мәнінде дара ететін не? Бірден танылатын сұлбасы ма, батыл инженерлік шешімдері ме, әлде адамдардың өмір салтын өзгерте алуы ма? 1947 жылы іргесі қаланған британиялық Benoy бюросы үшін нағыз жауап осы үшеуінің тоғысында жатыр.
Сексен жылға жуық тарихында бюро әлемге әйгілі талай қоғамдық әрі сауда кеңістігін дүниеге әкелді. Еуропадағы ең ірі сауда орталықтарының бірі – Westfield London, Әбу-Дабидегі Ferrari World саябағы мен Дубайдағы City Walk кешені соның айқын дәлелі.
Енді бұл картаға Алматы да енді. BI Group тапсырысымен Benoy Әл-Фараби даңғылында бой көтеретін BION іскерлік кешенінің тұжырымдамасын жасады. Аумағы 170 000 шаршы метрден асатын кешенде А санатындағы кеңселер, сауда галереялары, мейрамханалар, велнес аймақтары мен мәдени шаралар өтетін алаңдар бір кеңістікте тоғыспақ.
Жоба әлі бастапқы кезеңде тұрса да, кәсіби ортаның жоғары бағасын алып үлгерді. 2026 жылы BION беделді CREW Awards байқауында «Үздік девелоперлік жоба тұжырымдамасы» аталымында жеңіске жетті. Халықаралық қазылар жобаның сәулеттік идеясын, жаңашылдығы мен болашақтағы әлеуетін жоғары бағалады.
Benoy мен BI Group арасындағы әріптестік бұған дейін де талай жобада сыналған: Астана мен Ташкенттің бас жоспарлары, Алматыдағы A+ Business Park пен MIRAS, Дубайдағы Bu Kadra және ел ішіндегі бірқатар тұрғын үй кешені – осының айғағы. Соған қарамастан Джеймс Бишоптың айтуынша, бюроның бай халықаралық тәжірибесінде BION кешенінің орны бөлек. Оның себебі – кешеннің Тянь-Шань етегінде орналасуы.

Табиғатпен таласпайтын сәулет
Алматыда таулар жай ғана көркем пейзаж емес. Олар қаланың мінезін, келбетін, тіпті айналадағы сәулетті қалай қабылдайтынымызды айқындап тұрады. Benoy командасы BION жобасын қолға алғанда ең әуелі осы жайтты ескерді.
«Бізді ең алдымен жер бедері мен аумақтың өзіндік ерекшелігі тәнті етті. Тянь-Шань етегінде орналасқан болашақ кешенге заңғар таулар ғажап көрініс сыйлап тұр», – дейді Джеймс Бишоп.
Сәулетшілердің алдында күрделі міндет тұрды: кеңсе мен сауда аймақтарын бір шаңырақ астына біріктіріп, арадағы қозғалысты барынша ыңғайлы ету, сонымен бірге Алматыдағы биіктік шектеуінен аспау қажет еді. Таумен бой таластырудың орнына, команда айналадағы табиғатты сәулеттік ойдың өзегіне айналдыруды жөн көрді.
Сәулетшілердің артық әсірелеуге бармай, қасбетті ұстамды, сызықтарды жинақы ұстағаны да сондықтан. Мұнда басты сән – ғимараттың өзінде емес, көкжиекті көмкерген Тянь-Шаньда. Заңғар таулардың панорамасы кеңсе терезесінен ғана емес, мейрамхана мен кафеден, ашық алаңдардан да алақандағыдай ашылады.
Алайда сыртқы ұстамдылыққа алданып қалмаңыз – кешеннің нағыз сиқыры ішінде жасырынған. Сәулетшілер бар назарды әдейі ішкі кеңістікке аударған: табалдырықтан аттаған сәттен-ақ біріне-бірі ұласқан ашық алаңдар, тосын көріністер мен сәулеттік олжалар көзді бірден баурап әкетеді.

Шаңырақтан спиральға дейін
BION кешенінің ең есте қаларлық нышаны қазақ мәдениетінен сыр шертеді. Кешеннің қақ ортасында шаңырақты еске салатын алып торлы құрылым бой көтереді. Киіз үйдің төбесін көмкеріп тұратын шаңырақ – отбасы ошағының, ел бірлігі мен ұрпақ сабақтастығының белгісі.
Дегенмен сәулетшілер ұлттық нақышты сол күйі көшіре салудан бас тартқан. Шаңырақ бейнесі заманауи пішінге еніп, орталық кеңістіктің инженерлік шешіміне жарасымды өріліп кеткен.
«Шаңырақ бейнесін мәдени мұраның белгісі ретінде орталық шатырдың жоғарғы бөлігіне енгіздік. Жергілікті дәстүрмен сабақтастықты сақтау біз үшін аса маңызды – оны ұмытуға да, елеусіз қалдыруға да болмайды».

Жобаның тағы бір тосын шешімі – сауда галереясының спираль пішінінде орналасуы. Бұл тек көз қуанту үшін емес, келушілерге қолайлы болу үшін де таңдалған. Үзілмейтін бағытпен жүрген сайын кеңістік біртіндеп ашыла түседі, ал өзге қабаттар мен аймақтар үнемі көз алдыңызда болады.
Ілгерілеген сайын айнала жаңа қырынан танылып, тың сәулеттік өрнектер көзге шалына бастайды. Ал орталық галереяның төбесін мүсіндік бағаналарға сүйенген геометриялық торлы шатыр көмкеріп тұрады.
Қайта орала бергің келетін кеңсе
Осыдан он жыл бұрын ғана беделді бизнес-орталық дегенде ойға сәтті мекенжай, сәнді интерьер мен заманауи жабдық қана келетін. Қазір бұл жеткіліксіз. Пандемиядан кейін тек жұмыс ырғағы ғана емес, кеңсеге деген көзқарас та түбегейлі өзгерді. Енді күнінің негізгі бөлігін жұмыста өткізетін адамдарға жай ғана кеңсе емес, жанға жайлы орта қажет.
Бүгінде заманауи кеңсе жалаң жұмыс орны емес, демалыс пен спорт, гастрономия мен мәдениет қатар өрілетін толыққанды ортаға айналып келеді. BION дәл осы қағидаға сүйенеді.
Мұнда оңаша террасалар, мейрамханалар мен дүкендер, спорт және велнес аймақтары, тіпті көрмелер мен корпоративтік кештер өтетін алаңдар да қарастырылған. Бірақ Бишоптың айтуынша, тек қызмет түрлерін көбейтумен іс бітпейді.
«Адамдар мұндай ортада уақыт өткізуге шын ықыласымен ұмтылуы үшін түрлі қызметті бір шатырдың астына жинау аз. Олардың бір-бірін қалай толықтырып, қалай үйлесетінін дәл есептеу керек».
Сәулетшілер BION кешенін бөлек-бөлек ғимараттардың жиынтығы емес, тынысы бір біртұтас квартал ретінде көреді. Таңертең іскерлік кездесу өткізіп, түсте асықпай ас ішуге, кешкісін жаттығуға барып не мәдени кеш тамашалауға – қысқасы, күніңізді ешқайда шықпай-ақ мазмұнды өткізуге болады.
Мұндай тәсілдің өзегінде placemaking қағидасы жатыр: қала кеңістігі адамда жылы сезім оятып, өзін осы ортаның бір бөлшегіндей сезіндіруге тиіс. Бұл идеяны BION 16/24 форматы толықтыра түседі – кешен аумағында тәулігіне 16 сағат бойы жұмыс пен кездесуді де, тынығу мен мәдени демалысты да қатар алып жүруге болады.

Өнер – BION келбетінің бір бөлігі
Жобада өнерге айрықша орын берілген. Орталық жаяу жүргіншілер жолының бойына қазақстандық және шетелдік шеберлердің мүсіндері мен арт-нысандары қойылмақ. Олар жасыл желекпен жарасым тауып, ашық аспан астындағы мүсіндер саябағын еске салады.
Бишоп бұл шешімді жобаның ең ұтымды тұсы деп біледі. Өнер мұнда сәулеттен оқшауланып, жай ғана әсемдік үшін тұрмайды – керісінше, келушілердің күнделікті жүретін жолымен етене өріліп кетпек.
Сәулетшілер бірден байқалмайтын нәзік ишараларды да ескерген. Қасбет панельдеріндегі бедерлі қазақ оюлары, күтпеген жерден ашылатын көріністер, ашық алаңдардың жабық залдарға білінбей ұласуы – мұның бәрі кешен ішіндегі қарапайым жүрісті әсерлі серуенге айналдырады.
«Дәл осындай элементтер мәдени болмысты сақтап, оны жаңғырта түседі. Соның арқасында суық бетон ғимарат емес, ең алдымен адамға арналған, жанға жайлы орта пайда болады».
BION алаңдарының көңіл-күйі тәулік мезгіліне қарай құбылып отырады. Қас қарая ұстамды сәулеттік жарық жанса, көрме не салтанатты кеш кезінде оның орнын әсерлі жарық сценарийлері басады. Ал сауда галереясының үстіндегі орталық шатыр қажет сәтте дербес жарық инсталляциясы ретінде жарқырайды.

Болашақтың кеңістігі
Ондаған жылға арнап салынған сәулет тек көз тартып қана қоймай, уақыт ағымына ілесе алатындай икемді болуы шарт. Сондықтан бейімделгіштік BION жобасының басты ұстанымына айналды.
Қасбеттің модульдік торы мен ұтымды конструкциясы компанияларға кеңсесін өз сұранысына сай өзгертуге жол ашады: қажет болса бөлмелерді қосуға не бөлуге, аумақты кеңейтуге не кішірейтуге болады.
Экология мәселесі де назардан тыс қалмаған. Жобада қайта өңделген әрі табиғатқа зиянсыз материалдар барынша кең қолданылады. Тіпті ғимараттың пайдалану мерзімі біткен соң да негізгі конструкциялары қайта кәдеге жарайтындай етіп жобаланған.
Кеңселерде қозғалыс датчиктері бар ақылды жарық жүйелері орнатылады: бөлме бос тұрғанда шам өшіп, электр қуаты тек қажет кезде ғана жұмсалады.
Мұның бәрі әлемдік сәулеттегі үлкен бетбұрысты аңғартады. Бишоптың пайымдауынша, алдағы онжылдықтарда қалалар төрт бағытта дамиды: энергия үнемдеу, ақылды технология, ресурсты ұқыпты жұмсау және ғимаратты жаңа жағдайға бейімдеу. Табиғаты мен ауа райы ерекше Алматы үшін бұл қағидалардың маңызы тіпті зор.
Алматының жаңа бағдары
Көз тартарлық ғимарат салу бір басқа, қала өмірінің шын мәнінде тірі бөлшегіне айналатын орын жасау – мүлде басқа шаруа. Ондай орта қалыптастыру үшін уақыт, ойластырылған инфрақұрылым және күн сайын келетін адамдардың сұранысын дөп баса білу қажет.
BION дәл осындай тірі кеңістік ретінде жобаланған. Онда Benoy бюросының әлемдік тәжірибесі, жергілікті мәдени болмыс пен іскерлік квартал туралы заманауи көзқарас бір арнаға тоғысты.
Джеймс Бишоп кешеннің болашақтағы табысын тек сәулетімен емес, ішіндегі жанды тіршілікпен өлшейді.
«BION кешенінің өмір қайнаған танымал іскерлік орталық болғанын қалаймын. Мұнда жергілікті компаниялар өркендеп, әлемдік ретейл-брендтер жұмыс істесе, төңірегіне мықты қауымдастық жиналса – біз үшін ең үлкен жетістік сол».
