Gen.T|Leadership

Umay герлз-бэнді Gen.T Leaders of Tomorrow форумының жабылу салтанатында өнер көрсетті

АвторыTatler Kazakhstan
26.06.2026
IMAGE
Отандық жаңа Umay герлз-бэнді 2026 жылдың 25 маусымында Алматы төрінде өткен Gen.T Leaders of Tomorrow форумының жабылу салтанатында өнер көрсетті. Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтында ұйымдастырылған бұл жиын Қазақстандағы Gen.T жобасының ресми тұсаукесеріне айналды

Форумның ең басты оқиғаларының бірі – Gen.T Leaders of Tomorrow тізіміне енген он лауреаттың есімін жариялау болды. Tatler Asia-ның бұл жаһандық бастамасы қазірдің өзінде өз елінің дамуына үлес қосып, аймақтың болашағын қалыптастырып жүрген жас кәсіпкерлерді, ғалымдарды, инноваторлар мен түрлі сала көшбасшыларының басын біріктіреді.

Бұл кеште бизнес, технология саласы, креативті индустрия өкілдері, инвесторлар мен жас көшбасшылар қатарынан бес жүзден астам қонақ бас қосты. Форум барысында қатысушылар панельдік пікірталастарға қатысып, спикерлердің баяндамаларын тыңдады және нетворкинг-сессияларда еркін пікір алмасты. Бизнес пен қоғамның болашағына қатысты ең өзекті тақырыптар күн тәртібіне шығарылды: отбасылық бизнесті дамыту және ұрпақтар сабақтастығы, Орталық Азияның ертеңгі перспективалары мен жаңа аймақтық бірегейлікті іздеу, сондай-ақ қазақстандық кәсіпкердің мәдени коды.

Ауқымды іс-шараның шарықтау шегі танымал продюсер Алуа Қонарова құрған жаңа музыкалық жоба – Umay тобының өнеріне ұласты. Ұжым 2026 жылдың маусымында өзінің алғашқы Queen сингліне түсірілген бейнебаянды ұсынып, көпшілік алдында сәтті дебют жасаған болатын. Топ құрамына қайталанбас стилі мен өзіндік музыкалық қолтаңбасы бар бес бойжеткен кірген. Ұжымның басты ерекшелігі – 2000 жылдардағы хип-хоп эстетикасы мен бүгінгі орталық-азиялық поп-трендтерін шебер үйлестіруінде.