FIDE басшысы лауазымына барлығы үш үміткер таласты. Турловтан бөлек бұл бәсекеде неміс кәсіпкерлері Вадим Розенштейн мен Ян Хенрик Бюттнер бақ сынады. Қазақстандық кандидат сайлауға әлемнің бес дүркін чемпионы Вишванатан Анандпен тізе қосып барды. Атақты гроссмейстер федерация президентінің орынбасары қызметінен үміттенген еді. Бас ассамблеяға қатысқан әр ұлттың шахмат федерациясы бір дауысқа ие болды.
Дауыс беру қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. бас директоры 196 дауыстың 110-ын жинады. Сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Турлов жаңа даму қорын құрып, халықаралық шахматты қосымша қаржыландырып, сандық шешімдерді енгізбекші. Сонымен қатар жаңа басшы маркетинг пен коммуникациядағы жұмысты жандандырып, ұлттық федерацияларды жан-жақты қолдамақ.
Федерацияны 1995 жылдан 2018 жылға дейін Кирсан Илюмжинов басқарды, одан кейін оның орнын Аркадий Дворкович басты. Алайда 2026 жылдың жазында Дворкович Еуропалық Одақтың санкциялық тізіміне ілікті. Осыдан кейін ол жаңа мерзімге кандидатурасынан біржола бас тартты. Ал сайлауға дейін FIDE президентінің міндетін Вишванатан Ананд уақытша атқарып тұрды.
Турлов Қазақстан шахмат федерациясын 2023 жылдан бері басқарады. Соңғы жылдары еліміз бірқатар ірі халықаралық жарыстарды жоғары деңгейде қабылдады. Олардың ішінде 2023 жылы Астанада өткен матч та бар: онда Дин Лижэнь мен Ян Непомнящий әлем чемпионы атағы үшін жарысты.
Бастапқыда Турлов 2026 жылғы сайлауға Аркадий Дворковичтің орынбасары болып барғысы келген еді. Бірақ ресейлік қайраткер сайлаудан шыққан соң, шілде айында кәсіпкер FIDE президенттігіне өзі үміткер болатынын мәлімдеді. Ал Ананд оның президенттік тандемдегі сенімді серігіне айналды.
«Бәріміз шахмат Олимпиада бағдарламасына барынша жақындай түссін деп армандаймыз. Мен FIDE ішінде толық ауызбіршілік орнауын қалаймын. Әрбір федерация алдағы төрт жыл ішінде біздің бірлесіп жеткен нәтижелерімізді анық сезінуі тиіс. Бұған қоса ұйымды әлдеқайда цифрландырылған, кәсіби әрі заманауи құрылым ретінде көргім келеді. Ол өзінің беделі мен ықпалын арттырып, цифрлық әлемнен ойып тұрып орын алуы қажет. Өзімнің цифрландыру саласындағы тәжірибемді осы бағытқа толықтай арнамақпын. Сөйтіп ұйымға мықты сандық платформа құруға көмектескім келеді. Соның арқасында FIDE осы тарихи әрі заманауи ойынның көшбасшысы және реттеушісі ретінде жалпыға бірдей мойындалады деп сенемін».
Дауыс беру қарсаңында Турлов арнайы бағдарлама таныстырды: ол шахмат турнирлерін, жолсапарларды және жаттықтырушылар жұмысын қолдайды. Бағдарламаның жалпы көлемі шамамен 7 миллион доллар құрайды.
