Сидни Суини – «сүйсең – сүй, сүймесең – қой» (love-hate) феноменының тірі бейнесі. Бір қарағанда сүйкімді көрінгенімен, оның әрекеттері талайдың ашуын туғызады. Бірақ ол жанжал атаулының арасымен шебер қиыс өтіп үйренген: мейлі ол қоғам талқысына түскен «жалаңаш» көйлек болсын, арандатушы жарнама болсын немесе кез келген адамды естен тандыратын тәкаппар жүз болсын – оған бәрібір. Айналасындағы у-шу мен пиар-апаттарға қарамастан, оның беделіне қылдай да нұқсан келмейді, керісінше, аяғына нық тұр. Тіпті сынның өзін жаңа мүмкіндікке айналдырып алған: Сидни Суини бар жерде – өсек бар. Ал өсек бар жерде – ақша бар. Ендеше, актрисаның дау-дамайды қалай мол табыс көзіне айналдырғанын тарқатып көрейік..
Сидни Суини және Дональд Трампқа бүйрек бұру
Сидни интернет-даудан алғашқы «ұпайын» 2022 жылы, анасының мерейтойынан фотосурет жариялағанда жинады. Желі қолданушылары қонақтардың үстінен Blue Lives Matter (полицияны қолдауға және Black Lives Matter қозғалысына қарсы құрылған ұйым) белгісі бар футболкаларды және MAGA (Make America Great Again) стиліндегі қалпақтарды байқап қалды. Қалпақтағы Make Sixty Great Again («Алпысты қайта асқақтатайық») жазуы Дональд Трамптың сайлауалды ұранына жасалған айқын сілтеме еді. Голливуд жұлдыздарының көбі либералды көзқарасты ұстанатындықтан, көпшілік мұны «сатқындық» әрі саяси мәлімдеме деп қабылдап, актрисаны оңшылдарды қолдайды деп айыптады. Сол кезде Суини мерекенің саяси астары жоқ екенін айтып, оқиғаны саясатқа айналдыру «ойында да болмағанын» жеткізіп, асығыс шешім қабылдамауды өтініп ақталған еді.

Қызығы сол, 2022 жылы ақталуға мәжбүр болған оқиға 2025 жылы қоғам жаппай «оңшыл бағытқа» бет бұрған кезде мүлде басқаша сипат алды. Кезінде «саясатқа қатысым жоқ» деген Суини ресми түрде республикашыл ретінде тіркелді, ал Дональд Трамптың өзі оның American Eagle брендіне түскен жарнамасын мақтады (бұл даулы ролик туралы төменде жазылған). Ең бастысы, кезіндегі «өтірік ақталу» мен қазіргі ашық ұстаным оның мансабына титтей де кесірін тигізген жоқ. Керісінше, осы шудың арқасында 2025 жылға қарай актрисаның байлығы шамамен 40 миллион долларға жетті.
Сидни Суини және сабын дауы
«Эйфориядан» (HBO-ның көптеген «Эмми» жүлдесін алған және Z ұрпағының басты хитына айналған сериалы) кейін актриса үнемі сексуалды нысанға (объектіге) айналудан шаршағанын жиі айтатын. Ол жұрттың назары актерлік шеберлігінде емес, сыртқы келбеті мен жалаңаш көріністерде екеніне қынжылып, Кэссидің образында қалып қойғысы келмейтінін мәлімдеген еді. Бірақ «мені тәнім үшін ғана бағаламаңыздар» деген сөзі мен ісінің арасында үлкен қайшылық бар. 2025 жылы ол ерлерге арналған косметика мен гигиеналық заттар шығаратын Dr. Squatch брендімен коллаборация жасады. Жарнамалық роликте Суини өзі... шомылған судың негізінде жасалған сабынды сатып алуды ұсынады. Яғни, «сексуалды объект» болғысы келмеген актриса өз тәнінің ізі қалған интимді өнімді саудаға шығарды.

Бұл екіжүзділік пе? Мүмкін. Бірақ сын мен ашулы пікірлерге актриса «жұрттың бұл туралы қалай шулап жатқанын бақылау маған қызық» деп мысқылдай жауап берді. Нәтиже ше? Бар-жоғы 5 мың дана сабын қас қағым сәтте сатылып кетті, ал сайт сатып алушылардың көптігінен істен шықты. Бақыты жанып 8 долларға алғандар қазір оны eBay-де 2000 долларға саудалап жатыр. Бұл шудың ауқымды болғаны сонша, акциядан кейін бір ай өткен соң, әлемдік алпауыт Unilever компаниясы Dr. Squatch брендін 1,5 миллиард долларға сатып алатыны белгілі болды.
Сидни Суини және гендер (кешіріңіз, джинсылар)
2025 жылдың жазында шыққан American Eagle жарнамалық ролигін көрмеген адам кемде-кем шығар. Онда 27 жастағы актриса джинсы шалбармен өзінің мінсіз сымбатын паш етеді, ал кадр сыртындағы дауыс: «Сидни Суинидің джинсысы (jeans) керемет» дейді. Ағылшын тілінде бұл сөз ойыны бірден түсінікті: «jeans» (шалбар) және «genes» (гендер/генетика) сөздері бірдей дыбысталады. Яғни, жарнамалық плакаттан бізге генетикалық лотереяны ұтып алғанын еш қымсынбастан мақтанып тұрған сұлу, көккөз аққұба қыз қарайды. Қалыптасқан сұлулық стандартының мұндай өршелене жеңіске жетуі (кем дегенде бір жарнама аясында) америкалық қоғамды бейжай қалдырмады. Шынын айту керек, көбісі қатты ашуланды.

Отқа май құйғандай, жобаның жалғасы да көп күттірмеді. Келесі роликтердің бірінде Суини былай дейді: «Гендер ата-анадан балаға беріледі, олар шаш түсін, мінезді, тіпті көздің түсін анықтайды... Менің джинсым – көк». Ролик тағы да Сидни Суинидің джинсысы (гені) керемет деген тұжырыммен аяқталады. Біреулер үшін бұл – ұтымды сөз ойыны болса, басқалар үшін – үлкен мәселе. Сыни пікір білдірушілер жарнаманы нацистік үгіт-насихатқа теңеп, «керемет гендер» (great genes) тіркесінің нәсілшілдік астары бар екенін және ақ нәсілдің артықшылығын дәріптейтінін айтып шулады. Алайда American Eagle бұдан тек ұтты. Компанияның Нью-Йорк қор биржасындағы акциялары 40%-ға өсті.
Сидни Суини және «жалаңаш» көйлек жанжалы
2025 жылдың күзінде Сидни Суини тағы да назар ортасына түсті. Бұл жолы себеп – Variety журналының Power of Women кешіне киіп келген «жалаңаш» көйлегі. Қоғамдық және мәдени өмірге үлес қосқан әйелдерге арналған іс-шараға актриса Christian Cowan-ның жартылай мөлдір күміс көйлегімен келді. Ол көйлекті іш киімсіз кигендіктен, омырауы бірден желіде қызу талқыға түсті.

Сахна төрінде Сидни: «Мен осы жерде болуға лайық екеніңді, сені көріп, байыппен қабылдайтынын дәлелдеудің не екенін жақсы білемін», – деді. Алайда көпшілік оның сөзіне емес, образына назар аударды: «Ол Power of Women мінбесінде тұрып, өзін жете бағаламайтыны туралы айтады, ал үстіндегі көйлегі оның сөзінен гөрі денесін көбірек көрсетіп тұр», – деп жазды қолданушылардың бірі. Дегенмен, орынды сұрақ қойғандар да табылды: феминистер әйелдердің 2025 жылы қалаған киімін кию құқығы үшін күреспеп пе еді?
Сидни Суиниді шеттету неге мүмкін емес?
Жақында GQ журналына берген сұхбатында (басылым жыл сайын «Жыл адамын» таңдап, олардың мансабы мен беделін талдайтын сол әйгілі материал) журналист Суиниден джинсы жарнамасындағы «сәтсіз месседж» үшін кешірім сұрауын немесе түсініктеме беруін сұрады. Актриса сабырлы түрде «жай ғана джинсыны жақсы көретінін» айтып құтылды. «Егер мен қандай да бір мәселе туралы айтқым келсе, жұрт оны естиді», – деді ол қысқа қайырып. Оның сұраққа жауап бергендегі салқынқанды түрі бірден slavic stare (славяндық ызғарлы жанар) трендіне еніп, жаңа мемге айналды.

Бедел жөніндегі сарапшы Эрик Шиффердің пікірінше, Суинидің тәсілі қарапайым әрі тиімді: «Ол ақталмайды, шегінбейді және көпшілік күткен нәрсені – кешірім сұрауды ешқашан жасамайды. Батылдық пен ұстамдылықтың қоспасы жақсы сатылады. Аудиторияға өкініштен гөрі, сенімділік көбірек ұнайды».
«Кешірім сұрау турын» ұйымдастырудың орнына, Сидни Суини жұмысқа бас сұғып, қоғамдық толқудың басылуын күтеді. Әзірге бұл тактика өзін толық ақтап келеді.

