Rage bait (сөзбе-сөз аударғанда – «ашуды тудыратын жем») – аудиторияны ашуландыру, ызаландыру немесе өткір теріс реакция тудыру мақсатында әдейі жасалған контентті білдіреді. Мұндай арандатудың көздегені – қолданушылардың белсенділігін (лайк, пікір, бөлісу) арттыру, сол арқылы материалдың таралымын және жарнамадан түсетін табысты көбейту.
Oxford English Dictionary лексикографтары соңғы 12 айда ағылшын тілді мәтіндерде «rage bait» терминінің қолданыс жиілігі үш есе артқанын тіркеді. Бұл үрдіс медиада, ғылыми зерттеулерде, әлеуметтік желілерде және күнделікті қарым-қатынаста айқын байқалады.
Таңдау екі кезеңнен тұрды. Алдымен OUP сарапшылары жылдың негізгі трендтерін көрсететін үміткер сөздердің қысқа тізімін жасақтады. Кейін үш күн бойы әлем бойынша 30 мыңнан астам адам қатысқан ашық дауыс беру науқаны өтті. Қорытынды шешім дауыс беру нәтижелері мен кәсіби лингвистикалық талдауды біріктіру арқылы қабылданды.
Rage bait термині жасанды интеллект, экология және саясат тақырыптарына қатысты басқа финалистерді басып озды. Бұл жеңіс қоғамның 2025 жылы сандық кеңістіктегі уыттылық (токсичность) пен адам эмоциясын пайдаланатын манипулятивті алгоритмдер мәселесіне қатты алаңдаулы екенін көрсетеді.
Оксфорд сөздігі жыл сөзін қалай және неге таңдайды?
2004 жылы Оксфорд ағылшын тілі сөздігі жыл сөзін таңдау бастамасын қолға алған еді. Бұл жай ғана академиялық рәсім емес, тірі тілді бақылау жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі болып саналады.
Жобаның негізгі мақсаты – соңғы бір жылда ағылшын тілді ортада кең тараған және көпшіліктің көңіл-күйін, қызығушылығын немесе алаңдаушылығын көрсететін сөзді анықтап, құжаттау. Таңдау нәтижесі дәуірдің лингвистикалық келбетін айқындайды.
Сарапшылар миллиардтаған сөзден тұратын ауқымды электронды базаны зерттей отырып, сөздердің қолданыс жиілігінің күрт өсуін, олардың маңызды оқиғалар мен пікірталастарда қалай көрініс тапқанын, сондай-ақ терминнің жаңа мағыналарының пайда болуын жіті бақылайды.
Еске салсақ, Оксфорд сөздігінің нұсқасы бойынша 2024 жылдың сөзі brain rot (сөзбе-сөз «мидың шіруі») болған еді. Ол сапасыз интернет-контентті шектен тыс тұтыну салдарынан ақыл-ой қабілетінің нашарлауын сипаттайды.
Ал 2023 жылы rizz сөзі таңдалды. Бұл «стиль, тартымдылық» дегенді және романтикалық немесе сексуалдық серіктесті баурап алу қабілетін білдіреді.
2022 жылдың сөзі ретінде ағылшын тіліндегі goblin mode («гоблин режимі») сленгі таңдалды. Бұл термин әлеуметтік нормалар мен талаптардан бас тартып, жалқаулыққа, салақтыққа немесе өзімшілдікке бой алдыру әрекетін немесе күйін сипаттайды.
