Қазір жұрт рок-музыканың қайта түлеп жатқанын жиі айтады. Бұған сіздің де үлесіңіз бар сияқты. Өйткені сахнада қолыңызға гитара алып, жанды топпен өнер көрсетесіз, ал концерттеріңізде нағыз рок-н-ролл рухы есіп тұрады.
Бұл қазір бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс қой. Тіпті рэперлердің өзі қолына гитара алып, қасына жанды топ жинап жатыр. Меніңше, бұл пандемиядан кейінгі концерттік серпілістің әсері: халық үлкен жанды концерттерді қатты сағынған еді. Ал қазір бәрі соған тойып, бұл толқын сәл бәсеңдеді. Біз болсақ, ешқашан сән қуып көрмеппіз. Құрамымыз қанша өзгерсе де, бағытымыздан таймадық. Осыдан он жыл бұрын рэп бәрін жаулап тұрған кездің өзінде шағын клубтарда гитарамен ән айтатынбыз. Біз әрқашан өз орнымызда болдық. Жай ғана әлемдік мода айналып қайта келді де, бұл стиль тағы да сұранысқа ие болды. Ал біз ол кезде бұл бағытта әбден тәжірибе жинап, машықтанып алған едік.

Осыдан біраз уақыт бұрын бард музыкасына жақын екеніңізді айтып қалдыңыз. Жалпы, жиырма жылдай бұрын Девендра Банхарт сияқты америкалықтар осы бағытты трендке айналдырғысы келді. Кейін бәрі басылып қалған еді, ал қазір қайтадан сәнге айналып келе жатқандай.
Осы орыс роктың мықтылары ерте ме, кеш пе, неге бард стиліне көшетініне үнемі таңғалатынмын. Ал соңғы жылдары мұны өз бойымнан да байқап жүрмін. Басында акустикалық концерттерді амал жоқтықтан беретінмін. Ұйымдастырушы тұтас топты басқа қалаға апара алмайтын кездер болып, сөйтіп, жалғыз өзім барып ән айтуға тура келетін. Бірақ кейін мұның өзіндік бір сиқырын түсіндім: мұндай концерттердің атмосферасы шынымен де бөлек. Халықпен тікелей байланысқа түсесің, басқа музыканттарға немесе құлағыңдағы метрономға тәуелді емессің.

Оның үстіне, орыс тіліндегі музыкада мәтін басты рөл атқарады деген ойға келдім. Сондықтан осы бард бағытына қарай батыл бет бұрып барамын. Әдетте бард десе, көз алдымызға Грушин фестивалі немесе Розенбаум елестейді де, жастарға арналған заманауи бард жоқ сияқты көрінеді. Негізі жастарға бұл формат өте жақын, тек оны дұрыс ұсына білу керек. Соңғы жылдары бес мың адам жиналатын акустикалық концерттер беріп жүрмін. Сахнада жалғыз өзім тұрамын. Ешқандай айқай-шусыз, мыңдаған адамның гитара ұстаған жігітті тып-тыныш тыңдап тұруы – нағыз ғажап көрініс. Жақында Тимоти Шаламенің қатысуымен Боб Дилан туралы шыққан фильмде бір күшті көрініс бар. Ол өзіне электр гитарамен ойнайтын топ жинап сахнаға шыққанда, халық оған ысқырып, қабылдамай қояды ғой...
Бұл 1965 жылғы Ньюпорт фолк-фестивалінде болған жағдай ғой.
Дәл солай. Сол кездегі ақылды менеджерлер оған бұл қадамның қате екенін айтты. Шынымен де солай болып шықты.

Кезінде танымалдылықтың шыңына шыққан талай рокерлермен араластым. Ерте ме, кеш пе, олардың көзінен «қазір мен бірінші нөмірмін» деген ұшқын байқалатын. Бұл сезім сізге таныс па?
Жақсы сұрақ. Иә, жаңа деңгейге өзім алып шыққан музыкалық бағытта өзімді ішінара солай сезінемін. Бұрын бұл ары кетсе мың шақты адам ғана жиналатын шағын орта еді. Оны Лагутенко немесе Шнуровтың заманымен салыстыруға келмейді, өйткені олар нағыз поп-индустрияның өкілдері болды. Ал мен тәуелсіз музыкадан шыққанмын: әнді өзің жазасың, өзің продюсерсің, рекорд-компаниялар алдында ешқандай міндеттемең жоқ, теледидарға шығып, шоу-бизнес заңдарына бағынудың да қажеті шамалы. Өзіңе-өзің қожайынсың. Егер үйде отырып жазған дүниелерімді стадион деңгейіне дейін көтере алғанымды ғана ескерсек – иә, менікі бірінші нөмір деп айтуға болады. Бірақ мұны маған осы стильде ойнайтын басқа музыканттар айтты. Менің жетістігім оларға қатты шабыт берген екен.
Мәтін демекші, репертуарыңызда Осип Мандельштамның сөзіне жазылған ән бар. Осындай ауқымды ақынның өлеңімен жұмыс істеу қаншалықты оңай болды?
Бұл дайын мәтінге музыка жазған жалғыз тәжірибем еді. Маған Мандельштамның өлеңдеріне арналған музыкалық жобаға қатысуға ұсыныс түсті. Оның шығармашылығымен тым жақын таныспын деп айта алмаймын, бірақ жалпы хабарым бар еді. Ұзақ уақыт бойы сәйкес келетін өлең таба алмадым. Ақыры теңізге демалуға барғанда, «Я ненавижу свет» деген өлеңіне көзім түсті де, әуен өздігінен туа қалды. Диктофонға жазып алдым – сол бірнеше нотаға бүкіл мәтін мінсіз үйлесе кетті. Қазір бірде-бір концертім бұл әнсіз өтпейді. Әуен ерекше көңіл күй әкелген соң, бәрі керемет үйлесім тапты: өлеңнің мағынасы ауырлау болғанымен, оған жазылған музыка өте көңілді шықты. Жобадағы басқа әртістердің кейбірі мұң мен қайғыға тым қатты беріліп кеткендей көрінді, дегенмен өте сәтті шыққан туындылар да болды. Жалпы алғанда, мүлдем бөлек орындаушылардың басын қосқан тамаша жоба еді. Олардың кейбірі қазір өмірде жоқ болса, кейбірін бірге елестетудің өзі мүмкін емес.

Аудиторияның талғамын тәрбиелеу маңызды ма, әлде бастысы – жақсы эмоция мен драйв сыйлау ма?
Мен әдетте «мынау жақсы, мынау жаман» деп ақыл айтқанды ұнатпаймын. Бірақ уақыт пен орта өзгерген сайын, өзің де байқамай адамдардың талғамын қалыптастыратын тұлғаға айналып кетуің мүмкін. Соңғы бес жылда үлкен концерттер беріп, гастрольге көп шыға бастағанда, басты мақсатымыз нағыз шоу жасау болып кетті. Біз жарықпен және түрлі эффектілермен жұмыс істей бастаған алғашқы тәуелсіз топпыз. Тіпті қаржылық жағынан тиімсіз болса да, өзімізбен бірге үлкен команда алып жүреміз. Бұрын-соңды мұндай шоуды көрмеген шалғай жерлерге ұшып барып, өз қалтамыздан ақша шығарып концерт қоямыз. 2022 жылы Алматы мен Астанадағы концерттерімізде де дәл осылай жасадық. Ол кезде ұйымдастырушылардың ешбірі тәуекелге барғысы келмеді, сондықтан өз қаражатымызды салдық. Бұл менің басты ұстанымым – ақша таппасам да, халыққа нағыз шоу көрсетуім керек. Егер осы қадамдарымды талғам қалыптастыру деп бағаласа, онда солай-ақ болсын.

Рок-н-роллға тән сол баяғы еркін, еш шектеусіз өмір салты қазір қаншалықты актуалды? Бұл тек алдыңғы буынның еншісінде қалған сияқты. Өзіңізге мұндай өмір салты қаншалықты жақын?
Біз де рок-н-ролл өмір салтының дәмін аздап татып үлгердік. Алғашқы тобымның басты мақсаты сол болатын – концерттен кейінгі кештер үшін ғана ән айтатынбыз (күледі). Бірақ әрбір кейінгі ұрпақ алдыңғысынан ақылдырақ келеді деген пікірмен келіссек, біздің жағдайда ақылдылық – дұрыс қорытынды жасай білу. Алкоголь мен есірткінің соңы тек апатқа апаратынын дәлелдейтін қайғылы мысалдар жетіп тұр. Қазіргі жастар шынымен басқаша. Дегенмен, музыканттар арасында қай буын болмасын, ішімдікке салынғандары да, мүлдем ішпейтіндері де кездеседі. Мен ескі, темірдей мықты буын мен ары кетсе алма ғана жейтін қазіргі жастардың ортасындағы буынмын ғой. Бірақ тобымды «фитнес-рок» деген бағытқа қарай бейімдеп келемін. Бұл сөзді кезінде Шнуров ойлап тапқан сияқты...
Иә, стадиондық концерттер жиілеп, сахнада көп жүгіру керек болған соң айтқан еді ғой.
Тек ол мұны кері мағынада, яғни жақсы нәрсе емес дегендей айтты. Ал маған қатты ұнап қалды, сондықтан тобымды осы фитнес-рокқа қарай бағыттап жүрмін. Үнемі мінсіз шығады дей алмаймын, бірақ барынша тырысамыз (күледі). Фитнес-рокты жақтап бір нәрсе айтайын: жақында екі айлық турды мүлдем ішімдіксіз, сергек күйде өткізіп келдім. Егер жасымыз жиырмаларда болса, сол турдың соңына дейін шыдар-шыдамасымыз белгісіз еді. Топтың ұзақ турнеге шығып, ортасына келгенде шаршап, соңына дейін ойнай алмай қалған жағдайлар көп қой. Баяғыда Оззи Осборнның бір сұхбатын көрген едім. Ол сол кездің өзінде турға қалай дайындалатынын айтқан: екі ай бұрын психотерапия басталады, тамақтану режимі, керек болса емделеді. Өйткені біздің салада әртістің формасын жоғалтып алуы қалыпты жағдай, ал ондай күйде сахнаға шығу сені жақсы жағынан көрсетпейді. Ерте ме, кеш пе сахнада сергек күйде ойнауға үйрену керек болатын кез келеді, ал бұл – өте қиын тапсырма (күледі).
Жасы келген эстрада жұлдыздарына қарап, «Құдай сақтасын, солар сияқты болып қалмайыншы» дейтін кездеріңіз бола ма? Болашаққа деген қандай да бір кәсіби қорқынышыңыз бар ма?
Музыкаға деген махаббатымның күнделікті міндетке, жай ғана жұмысқа айналып кетуінен қатты қорқатынмын. Ипотека төлеу керек немесе келісімшарт бар деп қана сахнаға шығатын әртіс болғым келмейді. Ондай сезімді байқаған күні бірден үзіліс жасаймын. Біздің топтың бұл жағынан жолы болған, өйткені мен жылдар бойы ештеңе шығармай жүре аламын. Ал қазір продюсерлер байғұс әртістерге күніне жиырма видео түсіртіп, апта сайын ән, жарты жылда бір альбом шығаруға мәжбүрлейді. Мен де бір кездері осылай тоқтаусыз жұмыс істеп көрдім, бірақ мұның ешкімге қажет еместігін тез түсіндім – екі жылда бір рет болса да, бір жақсы ән шығарған артық.
Мен өзімді үнемі концерттік әртіс ретінде қабылдаймын, мен үшін ең бастысы осы. Студияда жұмыс істегенді де жақсы көремін, бірақ ол – тек концертке және әрқайсысының өз өмірі бар нақты адамдармен кездесуге апаратын жол ғана. Олармен сол сәтте, сол жерде жүздесіп, эмоция бөлісесің.

Ал қазіргі музыкалық экономика жалпы қалай құрылған? Жалпы, бұл салада үлкен ақша бар ма және сіз алдыңызда осындай мақсат қойдыңыз ба?
Менің жолым болды десем болады, өйткені музыкадан басқа таңдауым болған жоқ. Есімді білгелі музыкант болатынымды білдім, осындай мақсатпен жаратылғаныма тағдырыма ризамын. Кейінірек өзім үшін идеал жұмыстың формуласын жасап алдым: саған ақша әкелетін, бірақ ақша әкелмесе де сен бәрібір сол іспен айналыса беретін жұмыс.
Жыл өткен сайын музыка саласында ақша көбейіп келеді. Сәйкесінше, сол ақшаны тапқысы келетіндер де көп. Ал табысқа жету үшін ең мықты болу міндетті емес – көпшіліктен сәл жақсырақ болсаң жеткілікті. Менің ойымша, шамамен 2017 жылдан бастап біз табыс табу тұрғысынан ең керемет кезеңге аяқ бастық. Бұрын мұндай болмаған – стримингтің пайда болуымен қарақшылық түбімен жойылды.
Осыдан бір-екі жыл бұрын The Beatles бәрінен көп ақша тапты деп оқыған едім, биыл одан да көп табатын шығар. Қазір бәрі өте қарапайым: халық сені тыңдаса, сол үшін саған ақша төленеді. Ескі заманды көріп қалғандықтан, әлі күнге дейін бұған сене алмаймын. Әрине, музыканттарға түсетін табыстың аз екені туралы көп айтуға болады. Осыдан біраз уақыт бұрын Джеймс Блейк музыкалық платформалардың аз төлейтініне шағымданды. Бірақ бұл – миллиардтар туралы сөз болғанда туындайтын үлкен жұлдыздардың проблемасы. Маған бұған баға беру әзірге қиын. Дегенмен, қазіргі жағдайына жылап жүрген барлық музыканттарға айтарым: егер сен жай ғана ән шығарып, содан ақша таба алсаң, бұдан артық қандай бақыт керек?
Әрине, біздің бағыттағы әртістердің негізгі табыс көзі – концерттер. Бірақ оны бәрі бірдей жоғары деңгейде өткізе алмайды. Әндері үнемі хит-парадтардан түспейтін, бірақ жеке концертіне бес жүз адам да жинай алмайтын әртістер бар. Ал біздің жағдай көпшілікті таңғалдырады – тыңдалым көрсеткіштеріміз рекорд жаңартпайды, үздік ондыққа бірде-бір трегім кірген емес. Бірақ біз стадион жинай аламыз, оның өзінде біреуін емес. Кейбіреулер бет-әлпетін жиі көрсетіп, танымалдылық арқылы ақша тапқысы келеді, бірақ олар да халық жинай алмайды. Ал бізде бейнебаян жоқ, бағдарламалар мен сұхбаттарға бармаймын, қалада емін-еркін серуендеп жүре беремін, артымнан жанкүйерлер тобыры жүгірмейді.
Алматыдағы алғашқы концертіңізді еске түсірейікші. Ол қалай өтті?
Ең бірінші рет жеті жасымда, музыка мектебінің бірінші сыныбында оқып жүргенде Құрманғазы көшесіндегі Ғалымдар үйінде классикалық гитарамен өнер көрсеткенмін. Одан кейінгі маңызды орындарды айтсам, Абылай хан бойында, Лермонтов театрынан төменірек бұрын Yamaha дүкені болатын, бәлкім қазір де бар шығар. Сол жерде «Какаду» деген стриптиз-клуб жұмыс істеді. Қазір ол жоқ, өртеніп кеткен (нақты кім өртегенін білмеймін). Біздің Cardio Beat тобындағы барабаншының анасы сол жерде әкімші еді. Оның барабан қондырғысы клубтың жертөлесінде тұратын. Бірде стриптиз-клуб жанынан жазғы алаңқай ашып, кеңейді. Онда керемет Шымкент сырасы мен Шымкент кәуәбі сатылатын. Бізге де бір жерде өнер көрсету керек қой. Ол кезде жанды музыкаға сұраныс жоғары болатын, керек болса да, болмаса да барлық мекемелер топтарды шақыратын. Біз де аппаратурамызды қойып алып, демалыс күндері сол жерде ән айтатынбыз.
Бұл, әрине, таңғажайып кездер еді. Шынымды айтсам, біз сыра мен кәуәп үшін ойнайтынбыз. Бара-бара сол жерге достарымыз жиналатын болды, сосын олардың достары келді. Сол кезеңдегі алматылықтардан сұрасаңыз, көбісі сол жазғы алаңқайды еске түсіретін шығар. Тіпті клуб қожайыны біздің концерттер кезінде кәуәп пісіретін орынға милиция шақыртып, арнайы қоршау қойдыратын деңгейге жеттік.
Тағы бір маңызды орын – 28 панфиловшылар саябағының жанындағы бұрынғы Cinema Bar. Бұл ғимараттың жолы бір болмады: Кеңес одағы кезінде «Қазақфильмге» қараған сияқты, кейін түрлі өзгерістер болды – гей-клубқа да айналды, басқа да мекемелер ашылды. Бірақ орналасқан жері өте керемет. Сол барда біз алғаш рет өз әндерімізді орындағанбыз.
Үшінші алаң – бұрын да өнер көрсеткенбіз, биыл да концерт қоятын орнымыз. Бұл – Горький саябағындағы «Шабыт» амфитеатры, дәл сол маңда ата-анам тұрады. Мектепке бара жатқанда үнемі осы алаңның жанынан өтетінмін. Ол кезде оның сиқы қашып, әбден қирап жатқан еді. Бірақ «бір күні осы жерде ән айтамын» деп армандайтыным есімде.

Алматыда өзіңізге ерекше күш-қуат беретін сүйікті орындарыңыз бен бағыттарыңыз қандай?
Алматыға келгенде үнемі бір ғана бағытпен серуендеймін – бұл миымды тынықтырып, ойымды жинақтауға көмектеседі. Әсіресе, ұзақ уақыт ештеңе жаза алмай жүрген кезде осында келсем, бірден шабытым оянып, бәрі өз орнына келе қалады. Бұл бір ғажап нәрсе. Горький саябағының жанындағы үйден шығамын да, саябақтың ішімен, тоғанның жанынан өтіп, орталық қақпадан шығамын. Гоголь көшесінің бойымен тіке жүріп, өзім оқыған №1 мектептің жанынан өтіп (негізі одан басқа музыка мектебінде оқымағанмын), 28 панфиловшылар саябағына кіремін. Собордың қасынан өтіп, аздап айналамын да, Ленин көшесіне шығып, оңға бұрыламын. Одан кейін көшенің атын ұмытып тұрмын, Совет көшесі сияқты – ортасымен жаяу жүргіншілер өтетін жол ғой. Сонымен Қалинин көшесіне дейін көтеріліп, Опера театрының қасынан өтемін де, шамамен «Неделька» субұрқағының жанына барып тұрақтаймын. Онда біраз уақыт өткіземін, жол-жөнекей бір барға кіріп сыра ішіп шығуым да мүмкін. Сосын «Неделькамен» жоғары көтеріліп, оңға бұрылып, Абылай ханмен сәл жүремін. Одан әрі Құрманғазымен оңға бұрылып, Абай мен Дзержинский көшелерінің қиылысындағы әжемнің пәтеріне барамын. Әжеме кіріп, шәй ішіп, әңгімелесеміз. Одан кейінгі бағытым жағдайға байланысты – достарымның бірі келіп алып кетуі мүмкін. Негізі Алматыдағы концерттердің алдында бір-екі күн бұрын ұшып келемін, достарыммен көрісу үшін. Немесе үйден шығып, көзім көрген жаққа қарай кетіп қаламын.
Туған қалаңызға жиі келмесеңіз де, өзгерістерді байқап жүрген боларсыз.
Қатты өзгерген. Әрине, шешілмеген мәселелер бар шығар, бірақ жалпы алғанда бәрі жақсы жаққа қарай өзгеруде. Мені ең қатты алаңдататыны – экология. Бұрын бұған аса мән бермеуші едім, қазір ауаның ластығын кәдімгідей сезінемін. Алматыға соңғы рет келгенімде, шамамен оныншы күні тауға кетіп қалдым, өйткені денсаулығыма әсер ете бастағанын физикалық түрде сездім. Дегенмен, қаланың өзі мен ондағы атмосфера маған ерекше шабыт сыйлайды. Мұны не деп атарымды білмеймін – туған жердің құдіреті ме, әлде басқа ма, бірақ осында келсем қанаттанып кетемін. Әсіресе, өзім өскен ауданды көргенде қатты таңғаламын: бұрын қандай еді, қазір қандай болған – жер мен көктей. Жаңа айтқан Горький саябағында қазір кешке емін-еркін қыдыруға болады. Ал бұрын ол жерде серуендеу нағыз экстрим болатын. Кезінде ол жақта талай қызық болған, кейде тіпті жігіттік мінез көрсетіп, төбелесуге де тура келетін. Ол да бір жақсы кезең болды, сол кездің маған қазір де көп пайдасы тиіп жатады.
Ал сол жігіттік мінездің қазіргі өмірде қандай пайдасы бар?
Кейбір адамдармен қатаң сөйлесуге тура келеді. Ондайға үнемі бара бермеймін, барынша соңына дейін бейбіт шешуге тырысамын. Бірақ кейбір жағдайларда қарсыласыма конфликтіден қорықпайтынымды және мұндай қатаң орта маған таңсық еместігін аңғартып қоямын.
Фотосуретші: Бауыржан Бисмильдин
Шығармашылық директоры: Марина Аничкина
Сән-директоры: Мария Подгорбунская
Арт-директор: Жанна И
Желілік продюсер: Маня Сахарова
Стилист: Александр Колацк
Шаш стилисі мен визажист: Ильмира Тоқмағамбетова, Эльвира Ахметова
Фотосуретшінің көмекшісі: Александр Леонов, Алпамыс Қайырбеков
Көмекші стилисттер: Адель Атемова, Дильяр Ахметов
Координатор: Илья Ким
Гаффер: Михаил Экимсон
Фильммейкер: Шахназар Сулейманов
Ретушь: Елизавета Горностаева
