Gen.T|Leadership

Gen.T Leaders of Tomorrow: лауреаттар қалай таңдалады?

АвторыTatler Kazakhstan
12.06.2026
Tatler мұрағатынан
IMAGE Tatler мұрағатынан
2026 жылы Gen.T Leaders of Tomorrow жобасы Қазақстанға алғаш рет қадам басты. Біздің еліміз Азияның түкпір-түкпіріндегі жас көшбасшылардың басын біріктіретін бұл бірегей жобаның оныншы нарығына айналып отыр

Gen.T жобасын 2016 жылы Tatler Asia журналы іске қосқан. Содан бері ол аймақтағы жас көшбасшыларға арналған ең ықпалды платформалардың біріне айналды. Қазақстанға дейін бұл жоба Гонконг, Сингапур, Малайзия, Таиланд, Филиппин, Индонезия, Тайвань, құрлықтық Қытай және Вьетнам елдерінде таныстырылған болатын. Бүгінде қауымдастық бүкіл Азия бойынша мыңдаған кәсіпкерлердің, ғалымдардың, спортшылардың, топ-менеджерлер мен креативті индустрия өкілдерінің басын қосады.

Gen.T Leaders of Tomorrow көшбасшылары – ертеңгі күннің қандай болатынын дәл бүгін қалыптастырып жатқан жандар. Олар жаңа компаниялардың негізін қалап, технологияларды дамытады, тың жаңалықтар ашады. Мәдени жобаларды дүниеге әкеліп, спортта топ жарады, сондай-ақ айналадағы өмірді өзгертетін ауқымды бастамаларды жүзеге асырады.

Gen.T нақты нәтижеге қол жеткізген және қазірдің өзінде өз индустриясының, қаласының, елінің немесе аймағының дамуына ықпал етіп жүрген тұлғаларды біріктіреді. Жобаның он жылдық тарихында лауреаттар қатарынан кейіннен өз саласының басты фигурасына айналған болашақ unicorn-компаниялардың негізін қалаушылар, миллиондаған инвестиция тартқан кәсіпкерлер, ғалымдар, қоғам белсенділері және креативті индустрия өкілдері шыққан.

Gen.T тізіміне ену – Азияның жас көшбасшыларының халықаралық қауымдастығының бір бөлшегіне айналу деген сөз. Мұнда серіктестер тауып, тәжірибе алмасуға, бірлескен жобаларды іске қосып, өз еліңнің шекарасынан тыс жерлерде жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға болады.

Кімдер Gen.T көшбасшысы бола алады?

Бұл тізімнен үміткерлер қатарына 20 мен 45 жас аралығындағы әртүрлі сала мамандары кіре алады: кәсіпкерлер, топ-менеджерлер, ғалымдар, инженерлер, спортшылар, өнер қайраткерлері, креативті индустрия өкілдері мен қоғамдық бастамалардың көшбасшылары.

Ең басты талап – лауазым немесе танымалдылық емес, соңғы 18 ай ішінде жеткен айтарлықтай жетістік. Ол жаңа өнімді сәтті шығару, бизнесті кеңейту, халықаралық нарыққа шығу, инвестиция тарту, кәсіби марапатқа ие болу, ауқымды мәдени жоба жасау, ғылыми жаңалық ашу немесе нақты нәтижесі бар әлеуметтік бастама болуы мүмкін. Gen.T тек мансап қуып қана қоймай, жаңашылдық жасап, өз индустриясын алға жетелейтін жандарды іздейді.

Іріктеу қалай өтеді және шешімді кім қабылдайды?

Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен үміткерлердің лонг-листі жасақталады. Түрлі елдерде бұл процеске Tatler редакциясы, салалық сарапшылар, Tatler Most Influential тізімінің лауреаттары, сондай-ақ ашық номинациялар арқылы оқырмандардың өздері мен қауымдастық өкілдері қатысады. Бұдан кейін аймақтық редакция финалдық лонг-листі бекітеді, сосын оны бүкіл Азия бойынша Gen.T Leaders of Tomorrow бастамасына жетекшілік ететін Сингапурдегі Tatler Asia жаһандық командасы қарайды. Жыл сайын лауреаттарды дәл осы топ таңдайды.

Биыл, яғни 2026 жылы бұл жоба Қазақстанда алғаш рет іске қосылып отырғандықтан, үміткерлердің лонг-листін Tatler Kazakhstan редакциясы жасақтады. Осы тізімнің ішінен Gen.T-дің жаһандық командасы жетістіктері ел болашағын қалыптастыруға ықпал етіп жүрген он көшбасшыны таңдап алды. Gen.T Leaders of Tomorrow Kazakhstan жобасының алғашқы лауреаттарының есімдері 25 маусымда сатылымға шығатын Tatler Kazakhstan журналының маусым-шілде айларындағы нөмірі жарық көрген соң белгілі болады. Келесі жылдан бастап іріктеу процесіне сарапшылар кеңесі қосылады, сондай-ақ Tatler Kazakhstan сайты мен әлеуметтік желілері арқылы өтінім қабылдау басталады.

Лауреаттар қандай мүмкіндіктерге ие болады?

Gen.T Leaders of Tomorrow тізіміне ену – лауреаттар үшін мәре емес, жаңа белестің бастамасы. Олар Азияның түрлі елдеріндегі жас көшбасшыларды біріктіретін Gen.T халықаралық қауымдастығының мүшесіне айналады. Бұдан бөлек, Gen.T платформасы оларға қауымдастықтың түрлі іс-шаралары мен кездесулеріне: жабық кешкі астарға, пікірталастар мен форумдарға, нетворкинг-жиындарға қатысуға жол ашады. Мұнда бүкіл аймақтан жиналған кәсіпкерлермен, инвесторлармен, топ-менеджерлермен, ғалымдармен және креативті индустрия өкілдерімен танысуға болады.

Сондай-ақ қатысушылар Tatler Asia медиаэкожүйесінің бір бөлшегіне айналады. Жыл бойы редакция олардың жобалары мен жетістіктері туралы сұхбаттар, арнайы материалдар мен басқа да редакциялық форматтар арқылы баяндап, жаңа идеяларға, бастамалар мен даму кезеңдеріне назар аудартуға көмектеседі. Көптеген лауреаттар үшін Gen.T – тек жетістіктерді мойындау ғана емес, пікірлестер табуға, жаңа нарықтарға шығуға, серіктестік орнатуға және Азияның болашағын қалыптастыратын тұлғалар қауымдастығына қол жеткізуге берілген бірегей мүмкіндік.